Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкіметті басқарған тұңғыш қазақ туралы не білеміз?

21.08.2023, 16:40 269

HALYQLINE.KZ

Қазақ (Қырғыз) АССР-і құрылған соң екінші болып үкімет басқарған ұлты қазақ Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев есімі қазір ұмытылуға айналды. Алдымен қазақ елінің үкімет басшылары болғандардың тізімі мынадай болады: 1917-1920 жылдары аазамат соғысы жүріп жатқанда Қазақстан ревкомын Пестковский мен Акулов басқарды. 1920 жылы тамызда Қырғыз (Қазақ) АССР-і құрылған соң Радус-Зеньковский – Мырзағалиев – Сейфуллин (қазақ атауын қайтарды) – Нұрмақов – Исаев –Тажиев – Оңдасынов – Тайбеков – Қонаев – Ташенов – Дәуленов – Бейсебаев – Қонаев – Бейсебаев – Әшімов – Назарбаев. Тәуелсіз Қазақстан кезіндегілер – Терещенко-Қажыгелдин-Балғымбаев-Тоқаев-Ахметов-Мәсімов-Сағынтаев-Мамин-Смайлов.

Сонымен үкіметті басқарған Мырзағалиевке келетін болсақ, 1887 жылы Ресей империясы Орал облысы, Ембі уезді, Шалқар болысындағы №3 ауылында ауқатты отбасында дүниеге келді. Жетіру тайпасының Кердері отбасынан шыққан. 1909 жылы Орал қаласындағы орыс-қазақ мектебін бітіріп, Саратов қаласындағы ауылшаруашылық училищесінде оқып, агроном мамандығымен сол жақта жұмыс істейді. 1917 жылы елге келіп патшаны құлатқан большевиктер жағына шығып, кеңес өкіметін құруға крісіп кетеді, 1918 жылдың наурызынан 1919 жылдың қаңтар айы аралығында Оралдағы алашордашылдар мен ақгвардияшылардың түрмесінде отырады. 1919 жылы большевиктер партиясына өтеді, 1919 жылы Орал ревкомында ұлт істері жөніндегі комиссиясының төрағасы болады, қазақ өлкелік әскери-революциялық комитетінің құрамына кіреді. 1920 жылы Орынбор-Торғай ЧК төрағасы болып бекітіледі, осы жылы Қырғыз (Қазақ) АССР-і құрылғанда ішкі істер жөніндегі комиссары болады. 1921-1922 жылдары Қырғыз (Қазақ) АССР Халық Комиссарлар Комитетінің төрағасы болады. Осы кезден бастап оның үкімет басшысы ретіндегі қызметі қазақ елінің болашағына арналды.

М.Мырзағалиев қазақ елінің бұрынғыдай орыстар үшін шикізат көзі ретінде қалып қоймай, сол шикізатты өңдейтін кәсіпорындар салуға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл Кремльдегі Халық Комиссарлар төрағасы қызметін науқас Лениннің орнына уақытша атқарып жүрген Сталинге ұнамады. Сондықтан 1923 жылы Мәскеуге шақыртып алып СССР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Қазақ АССР-нің өкілі қылып қызметке алып елінен жырақта ұстады. Ұлтшылдығын басып тастадым деп ойлаған «мұртты көсем» Мұхамед-Хафиз Мырзағалиевті 1926-1928 жылдары Қазақстанға жіберіп, үкіметтегі финанс комиссары қылған кезде, қайтадан қазағына бүйрегін бұрған ұлтшыл азамат қаржыны өнеркәсіп салуға көп жұмсағаны ұнамағасын, қайтадан қасына шақыртып алады. М.Мырзағалиевті Москваға алдыртқан грузин «содыры» қазақтың ұлтшыл басшысын 1929-1937 жылдары СССР үкіметі жанындағы жер қатынастары жөніндегі төрағасының орынбасары етіп қойды. Асау қазақты жөндей алмайтынын білген Сталин репрессия қызып тұрған Қазақстанға қайтарады. 1937 жылы тамыз айында Алматыға келген бойда перронда НКВД жендеттері тұтқынға алып, алты ай бойы адам төзгісіз азаптаудан кейін, ешкімге қарсы жала жапқыза алмағасын, ешқандай жалған құжатқа қол қойғыза алмағасын 1938 жылдың 27 ақпан күні атып тастады. 1956 жылы Сталиннің жеке басқа табынушылығын айыптаған партияның ХХ съезінен кейін Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев есімі ақталғанмен, негізсіз ұмыт қалды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: