Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаш ауданында кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді

31.07.2023, 11:50 275

HALYQLINE.KZ Жалағаштағы бастамалар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында іске асырылуда. Бизнесті қолдаудың негізгі құралдарының бірі – ұлттық жоба шеңберіндегі қаржылық қолдау. Жыл басынан бері ауданда 1 млрд. 494,2 млн теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылып, 110 адам жұмыспен қамтылды. Мамыр айында ұзақ жылдан бері тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-нің қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 31 адамға жұмыс көзі табылды. Қазір өнім түрлерін көбейту үшін зауыт кеңейтілуде. Кеңейту жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылады.Биыл Жалағаш кентінде жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті қазына» жеке балабақшасы пайдалануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, «Серпін» аграрлы-индустриялды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100 млн. теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адамды жұмыспен қамтыды. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды.

Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында биыл 1 млрд 30 млн теңгені құрайтын екі жоба іске асырылады.

Атап айтқанда, «Бағдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530 млн. теңгені құрайтын «100 бас ірі қараға арналған сүт фермасы» жобасы. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 3000 литр сүтті өңдеп, өнім шығарады. Асылтұқымды сиырлар Чехия мемлекетінен әкелінеді. Қазіргі уақытта ферманың негізгі ғимараттарының құрылысы аяқталды. Биылғы желтоқсан айында толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашылады.

Тағы бір жоба — «АВ-AGRO» ЖШС-нің құны 500 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Қазір негізгі өндіріс ғимаратының құрылысы аяқталып, құрал-жабдықтар орнатылуда. Зауыт жұмысын қараша айында бастайды.Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының табысын арттыру тапсырмасына сәйкес, «Ауыл Аманаты» жобасы да өз деңгейінде іске асырылуда. Қаржыландыру үшін құны 1 млрд. 50 млн. теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары дайын.Бүгінде шағын кәсіпкерлік субъектілерін біріктіру арқылы 12 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативі құрылды. Олардың құрамында 57 мүше бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: