Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Мен де көзбен көріп, көңілге түйгенімді, шынайы құрметке лайық жандарға осы жазбам арқылы шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Бір себеппен аудан орталығына барғанымда, оң жақ бүйірім түйіліп, мазамды алды. Соқырішек дейін десем, осыдан бірнеше жыл бұрын оған ота жасатқанмын. Аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі, мол тәжірибесі бар білікті маман, ауданымыздың құрметті азаматы Әмірхан Жүсіпов бірнеше тексеруден өткізіп, бүйрек бойында тастардың барын анықтап, жүрегімнің әлсіздігіне байланысты облыстық ауруханаға барып, емделуге кеңес беріп, жолдамасын жазып берді.
Қызметтің қызығы мен қиындығы қатар жүреді емес пе? Соларды көру арқылы адам баласы шыңдалады. Осы орайда барлығын байыппен қабылдап, жас та болса өз ісінің білгірі, шетелде тәжірибе жинақтаған, облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімінде қызмет ететін Еркін Ысқақовтың есімін атап өтуді жөн көрдім.
Емдеуші дәрігерім болған соң, «оған емделушілердің пікірі, іс-тәжірибесі қалай?» деген ой туындайды. Әркімге көп сөзі жоқ, ойлы көзінен нұр шашып, жылы шырайланып, адамға мейірлене қарағанда ауруыңнан сауыққан сияқтысың. «Аға, барлық тексеру қорытындысын жасадық, бүйрек-қуық бойында бірнеше тас жиналып қалған, ертең ота жасаймыз, еш уайымдамаңыз» деп, көңілімді бірлеп қойды. Дәрігер дәрімен емес, жылы сөзімен де науқастың еміне шипа болары хақ дегенді ойға түйдім. Отадан сәтті шықтым, бірнеше тасты қолыма салып беріп тұрып, «Аға, уайымдамаңыз, мұндай жағдай үлкендерде, орта жастарда да жиі болып тұрады. Тек өзіңізге күтім жасаңыз» деген жылы шыраймен айтқан сөздері ойда қалды.
Мен де оны сөзге тарта бастадым. «Азанда ерте келіп, науқастардың хал-жағдайын білесіз. Жұмыс сағат 8-де басталады, сол уақытта келмейсіз бе?» деп әдейілеп сұрадым. «Жалпы хирургтің қолы нәзік, көзі қырандай қырағы, жүрегі арыстандай айбатты болуы керек деген сөз бар. Оған қосарым, сөзі дұрыс болуы керек. Әрбір дәрігер науқаспен тіл табысып, сөйлесе алуы қажет. Хирург болу өте қиын. Адамның көңіліне қарау, онымен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келе бермейді, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адамның өміріне жауапты боласың. Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойланып шықсақ, операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Басқа салаларға қарағанда хирургия саласының салмағы өте ауыр. Азанда ерте келетінім де сондықтан» деп қысқа қайырды.
Сәл шегініс жасап, осы жігіттің өміріне көз жүгіртсек. Еркін Қонысұлы 1986 жылы 10 маусымда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2003 жылы П.Д.Осипенко атындағы №8 орта мектепті бітіріп, сол жылы Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетіне оқуға түсіп, 2010 жылы хирургия мамандығы бойынша бітіреді. 2011 жылы Алматыда уролог мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтеді. 2015 жылы «Болашақ» стипендиясымен Израиль мемлекетінде 6 ай оқиды. 2018 жылы Оңтүстік Корея, 2019 жылы Жапония мемлекеттерінде тәжірибе алмасады. Оқыған білімін шетелде тәжірибе алмасумен ұштастырып, бүгінгі таңда өмірде алған тәжірибесін халыққа көрсетіп, елдің алғысын алып жүргеніне іштей ризашылығымды білдірдім. Урология бөлімінің меңгерушісі Исахмет Валишаевтың пікірін білейін деп сұрағанымда, «Еркін – өз ісінің білікті маманы, ізденімпаз, ортаға сыйлы, келешегінен көп үміт күттіреді, біз осыған қуанамыз» деді жылы шырайлана. Осыған орай қолдары жұмсақ, сөздері майда аяжандар Серікгүл Бердалиева, Айгерім Телғозиевалар да – емделушілердің алғысын алып жүрген өз мамандықтарының иелері. Өз ісіне тиянақты, жауапкерішілігі жоғары маман. Расында үлкен құрметке лайық.
Сөзімді қорытындылай келгенде, халыққа адал қызмет еткен, адамгершілігі биік, елдің алғысын алып, абыройға бөленген жандардың еңбегін көпке жеткізу – менің үлкендік міндетім. Оларға алғысымды білдіре отырып, келешектерің келісті, еңбектерің жемісті болсын демекпін.
Сердалы Шалбаев,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!