Баспалдақ
Далада тұрған баспалдақ әбден былғанған болса, баспалдақты төменгі басқыштан бастап тазалаған кісі жоғары шыға алады. Ал жоғарыға шығып алған кісі болса, сол жоғарғы басқыштан бастап тазаласа ғана төмен түсе алады. Олай жасамаса, біреуі төменде, екіншісі жоғарыда, жауын-шашынның астында қалады.
Айыра алмаймыз
Әдемі болса да тауысты құс патшасы дей алмаймыз. Сөйлей алса да тотықұсты депутат қылып сайлай алмаймыз. Адамдарға келсек, бәрі бола береді. Өйткені, арғымақ пен мәстекті, бұлбұл мен шымшықты айыра алмаймыз.
Халық шешуі керек
Көптеген мемлекетті басқарып отырған патшаларға өз халқының көңілі толмаса да жергілікті поп па, молда ма, басқа да дін өкілдері оны Алланың ұйғарымы дейді. Осындай желеумен озбыр басшылар таққа отырса, халық қиналады. Халық – Алланың бір аты. Олай болса, тәж пен таққа кім лайықты екенін халық шешуі керек.
Пайдасы болмайды
Түбі тесік шелекке су құю керек пе? Адамдар болмаса дария бар екенін ескертер, дария жанынан құдық қазғанның еңбегі еш кетер. Өнімі болмасын білсе егер, шөлге не құмға егінді кім себер?! Сөздің де айтатын наданға пайдасы болмайды қоғамға.
Жас кезінен ақылды бол!
Жас кезінен ақылды бол! Бұл жалған өтер де кетер. Аяғыңды аңдап бассаң, өз ақылың өзіңе жетер. Жас ұлғайған сайын ақыл қосылады деу бекер.
Әркімнің бір ойы бар
Біреу сиырым сүтті болса екен дейді. Біреу өгізім мықты болса екен дейді. Біреу бием құлындаса екен дейді. Біреу бизнесім құлдырамаса екен дейді. Біреу жиған-тергенімді офшорға тыға берсем дейді. Біреу сүйенгенім тіреу болып тұра берсе екен дейді.
Біреу Алладан малымды сақта деп тілейді. Біреу жанымды сақта десе, ізгі мұсылман арымды сақта деп тілейді.
Қала көп пе, мола көп пе?
Әр ауылдың жанында, қалалардың маңыңда толып кеткен қорымдар. Жер астына мәйіттерді жасырған Жердің өзі үлкен қорым секілді. Бейіті жоқ, құлпытасы жоқ азаматтарды санаған кім бар?! Жойқын сілкіністен, табиғат апатынан, сел мен көшкіннен кейін жер астына жұтылып кеткен мекендер қаншама?!
Ол аз десеңіз, қаладағы автокөлік қорымы, темір-терсек үйілген жерлер, қырылған киіктер көмілген орындар, Арал жағасындағы кемелердің моласы тағы бар. Сібірде танкілер моласы деп аталған жер бар. АҚШ-тың Аризона штатында әлемдегі ең үлкен ұшақтар зираты бар.
Жер бетінде қала көп пе, мола көп пе? Жауабы екіұшты.
Не таптым?!
Көзімді жаптым. Құлақты жаптым. Ауызды жаптым. Не таптым?!
Көрінбей көзге қалған көп. Естімей сөзді қалған көп. Айтайын деген лепесті ешкім де тыңдай алған жоқ.
Балта мен балға
Балта мен балғаның айырмасы – біреуі ағаш жарады, біреуі шеге қағады. Екеуі де адамның кәдесіне жарайды. Екеуінің де басы темір болғанмен, сабы ағаш. Ағаш сол сабынан қорлық көрсе, шеге сол темірден зардап шегеді. Қағылған шегені тістеуік суырып алады. Әрқайсысы өз міндетін орындайды.
Адамдар болса сексеуілмен сексеуілді ұрып сындырғандай кейде балта мен балғаның, кейде тістеуіктің рөлін орындайды.
Біреудің айтқан ақылы
Бір кісінің айтқан ақылы: Тамырын қопар, өспесін десең биік ағашты мәуелі. Өтпесін десең өзеннен арғы жағаға, көпірді қират әуелі. Үй ішіңе қи толтырсаң сасыған, жинайсың сонда пәлені.
Қай жер болар екен?!
Кезінде Күн-көсем атанған Лениннің Қостанайдағы ескерткіші Совет Одағы тұсында облыстық партия комитетінің алдында тұратын. Еңселі ғимараттан шығып бара жатқан кісі секілді еді. Кейін облыстық әкімдіктің жаңа ғимараты алдына көшірілді. Онда сол ғимаратқа кіріп бара жатқан секілді еді. Содан кейін ол жерден де алынып, Жеңіс бағының шетінен орын алды. Әйтеуір, қаланы аралап шықты. Ендігі баратын орны қай жер болар екен?!
Бір қызығы, бұрын октябрят, пионер, комсомол, коммунист болғандар болмаса, қазіргі ұрпақ оны мүлде танымайды.
Өмірге қонақпыз ба?
Өмірге қонақпыз дейміз. Солай-ақ болсын! Бірақ, тек киім киюге, ішіп-жеуге ғана келдік пе? Келгеннен кейін кеткенге дейін қолдан келетін істі атқаруға тырысу керек қой.
Мұндайлар да болады
Басында қалпағы болса да, қалпағының астында ештеңе жоқ. Үстінде киімі болса да, киімінің астында пейілі мен мейірі жоқ. Аузында тілі болса да айтатын сөзі жоқ. Мұндайлар да болады.
Бәрі керек
Қазан қайнаса, оның бетін жабуға қақпақ керек. Қазық қағатын болсаңыз, тоқпақ қерек. Ағаш жарсаңыз, балта керек. Шеге қақсаңыз, балға керек. Сол керекті қажетке жарата алсаңыз болғаны. Керек нәрсе көп. Бірін тауып, бірін таба алмасаңыз, кімге өкпелейсіз?
Төрде және босағада
Төрде отырғандардың барлығы бірдей ақылды емес. Босағада отырғандардан да сұрау керек ақыл-кеңес.
Өмірдің өзі – театр
Актерларды сахнадан ғана көреміз деп ойламаңыз. Маңайдағы әріптестер, көрші-көлем, дос-жарандардың көпшілігі – актер. Сайлау қарсаңында қуыршақ кейіпкерлер де көбейеді. Олар қожайыны жіптің ұшын қалай тартса, соның ыңғайымен қозғалады. Ойындарын көріп мәз боласыз. Өйткені, өмірдің өзі – үлкен театр.
Ым-жымы бір
Қойдың көбін қасқыр емес, қойшының өзі жеп қояды. Аман жүрген қойлар түс ауған соң маңырайды. Бақташыны қойлар емес, мал иесі таңдайды. Яғни, бақташының және мал иесінің, немесе оның жақтасының ым-жымы бір.
Шатыр
Орыстың крыша деген сөзін бұл күні жиі естиміз. Қазақ «сыйынғаннан сүйенгенің мықты болсын» дегенде осы крышаны – қорғаныш болатын мықты шатырды айтқан болу керек. Күннен, желден қорғайтын шатырдың жөні бөлек. Кейбіреулер қолында қолшатыры бар кісілер оның жанына келіп жауыннан қорғағанына да ырза.
Крыша атанғандар сыбайластарын қорғайды. Шатыры жоқтар жауын жаумаса да су болып жүреді. Шатырдың шатағына шырмалғандар жетіп артылады.
Тасбақа тірлік
Үйрек жүре де, жүзе де, ұша да алады. Бірақ, балықтай жүзе алмайды, бүркіттей ұша алмайды, қояндай жүгіре алмайды. Алайда, кейбіреулерге тасбақа тірлік ұнайды.
Ұшаққа мінсе көкке ұштым дейтіндер, кемеге мінсе теңізде жүздім дейтіндер пойызға мінсе атқа қондым дер ме екен?!
Қайсысы артық?
Қабір қазатын күректен қар күрейтін күрек артық. Адам көметін шұңқырдан ағаш егетін шұңқыр артық. Арыз жазатын қаламнан шәкірт қолындағы қалам артық. Көп сөйлейтін мылжыңнан үндемейтін адам артық.
Атына қарап алданба!
Қазақ баласына Батыр деген есім береді. Ол батыр бола ма, жоқ па, белгісіз. Итін Бөрібасар деп атайды. Қасқыр ала ма, әлде қыңсылап үйшігіне тығыла ма, ол да белгісіз.
Партияның бірі «Аманат» деген ат алыпты. Кімнін аманатын орындайды, беймәлім. Тағы бірі «Адал» деп аталады. Адал ма, арам ба, кім біліпті?! «Халықтық партия» деген де бар. Большевиктердің ізбасары. Халықтың сөзін сөйлейді дегенге кім сенеді? «Республика» деген аты дардай партия бар. Қазақ елі солардың жемі ме? «Ақ жол» тура жолмен жүре ме, «Ауыл» ауылдың жайын біле ме? Дүдәмал! Атына қарап алданба, қазақ!
Айырмасы сол ғана…
Үйде дастарқанға алдымен ас келеді. Содан кейін қасық және шанышқы береді. Мейманханада әуелі қасық береді. Қасықты көрген кісі, әрине, тамақ жегісі келеді. Айырмасы сол ғана.
Үйде дастарқанға алдымен нан қойылады. Дәмханада алдыңызда су құйылған ыдыс тұрады. Айырмасы сол ғана.
Мұқтаж
«Жаңа ай жарылқасын, ескі ай есіркесін» дейміз. Жарылқайтын да, есіркейтін де – Алла. Алланың мейірімі мен қайырымына адамның барлығы мұқтаж.
Екі мұхит
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, Солтүстік мұзды мұхитының суы суық, мұзы көп болса, Тынық мұхиттың суы салқын, тұзы көп екен. Ал Тынық мұхит пен Атлант мұхиты тоғысқан тұста олардың сулары біріне-бірі қосылмайды.
Қасиетті Құранның «Рахман» сүресінің аяттарында: «Екі теңіз қосылған, бір-бірімен шектеседі. Бірақ, араларында бір-бірімен араласпайтын бір перде бар» делінсе, «Фұрқан» сүресінің 53-аятында: «Құдіретті Алла екі теңізді тоғыстырған. Біреуі – тұщы, шөліңді қандырса, екіншісі – ащы әрі тұзды. Араларында құдіретті бір дуал және бір-бірімен араласпауға кедергі перде қойылған» деп жазылған. Француздың мұхит зерттеушісі Жак Кусто осы жайды көзімен көргеннен кейін Ислам дінін қабылдаған.
Бұл жағдайдан бір-бірімен тіл табыса алмай жүрген кісілер сабақ алса игі.
Табанақы және қаламақы
Спортшылар жүгіргені үшін, футболшылар доп қуғаны үшін табанақы, журналистер сұхбат жүргізгені үшін еңбекақы, депутаттар Парламентте отырғаны үшін жалақы және сыйақы алады. Үйін жалға берген иесі жамбасақы алады. Етікші де, тігінші де, шаштараз да еңбегіне қарай ақша алады.
Еңбегі еш, тұзы сор болған қаламгерлерге біздің елде басылымдардың басым бөлігінде мақаласы шықса да, тележәшікте немесе радио арқылы көсіліп сөйлесе де қаламақы берілмейді. Ал Президент стипендиясына іліккендердің біразы ел атынан сөйлей де алмайды. Сәкен Жүнісов ағамның: «Бұл күнде баспен ойлайтындардан аяқпен ойнайтындардың бағы басым» деп айтқаны бар еді. Сол рас болып тұр.
Қажет пе?!
Әртүрлі жиын, даңғаза дүрмек, отшашу, Президент шыршасы, Ассамблея атынан ақшаны шашу, басқосу, қазақша сөйлеп тұрмаса, ұлтыма мойын бұрмаса – көп тілде өткен концерт те, опера менен балет те қазаққа біздің қажет пе?!
Дер едім
Жерлеспіз дегендерге бәріміз де бір құрылықтың, «Жер» планетасының тұрғынымыз дер едім. Руласпыз дегендерге бәріміз де Адам ата мен Хауа анадан тарадық дер едім. Көршіміз дегендерге көршіні де көрдік, мінез-құлқын білдік дер едім. Бірақ, қазақпын дегендерді жақсы көремін.
Тазалық
Тазалық деген дәрет алу немесе моншаға түсу ме? Тазалық деген кілемге және еденге қонған шаңды шаңсорғышпен сорғызу ма? Тазалық деген ауладағы және көшедегі қоқысты сыпырғышпен сыпыру ма?
Қолы таза, ары таза, жаны таза адамдар аз ба, көп пе?!
Не дейміз?!
Құлағы нашар еститін кісіні «жаман сөздерді естімеген де дұрыс» деп жұбатуға болады. Көздері нашар көретіндерге «жердегі сұмдықты көрмегеннің өзі жақсы» деуге де болады. Ал аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп, тілі күрмеліп тұрғандарға не дейміз?!
Жаратқанға мың алғыс!
Жұмадан жұмаға жеткізген, айдан айға жеткізген, жылдан жылға жеткізген, қиын-қыстау кезеңнен аман-есен өткізген Жаратқанға мың алғыс!
Түк қалмайды
Нар жолында жүк қалмайды. Ал жемқордың жолында түк қалмайды. Қалған-құтқан бар шығар деп ойлағандар өзін-өзі текке алдайды.
Өзеннің екі беті
Арғы жағаға жету үшін жалдап өтесің бе? Әлде қайыққа мініп кетесің бе? Өзің шешесің! Бірақ, шаршамай жалдай алдасың ба? Ескекті есе аласың ба?
Әуелі соны ойла! Шамаң келмесе бергі жағада жүріп те күн кешуге болады.
Өлеңімнің ғұмыры ұзақ болса…
Тірнектеп жинаған малым да бар, сарымайдай сақтаған балым да бар. Мал дегенім, бал дегенім – өлең-жырым. Сол өлеңмен күн кешіп келем бүгін. Дертке шипа болған да сол өлеңім, елге сыйлар сыбағам сол өлеңім. Өлеңімнің ғұмыры ұзақ болса екен – сол ғана тілегім!
Сары маса
Далада сары маса ызыңдап ұшып жүрді. Қалаға келіп, терезесі ашық тұрған үйлерге кірмек болып еді, терезеге орнатқан тордан өте алмады. Өзен жағасына барып, балық аулап отырғандарды шақты. Егіс даласына келіп, диқандарды шақты. Мал жайылған өріске келіп малға қоса бақташыларды да шақты.
Орманға келіп еді, онда дем алып жатқандарға жолай алмады. Кейбіреуі түтін салып қорғанса, кейбіреуі беті мен қолына дәрі жағып алыпты.
Осы масамен күреске пәленбай миллион қаржы бөлінген екен. Сол қаржының қомақты бөлігін жемқорлар жеп қойыпты.
Бір досымды маса қатты шағып алса керек. «Шіркін-ай! – деді досым, – мына масалардың бір тобын солардың кабинетіне жіберсе, сауап болар еді».
(Соңы. Басы өткен санда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!