Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана ауылға аттанған Ариэль

09.07.2023, 15:00 321

HALYQLINE.KZ

Советтік фантастика жанрының негізін қалаған жазушы Александр Беляевтің «Профессор Доуэльдің басы», «Адам амфибия», «Ариэль», т.б. кітаптарын оқушы кезімізде жарыса оқығанымыз естеріңізде шығар. Фантас-жазушы денсаулығы дұрыс болмаса да көптеген роман, повест, әңгіме жазған. Сол кезде жазушының қиялынан туған заттарды қазір біз қолданып жүрміз, «Эфир үшін шайқас» кітабында мобильді телефон, радиолокатор, интерскоп, «Әлем билеушісіндегі» ұшқышсыз ұшатын дрондар, «КЭЙ жұлдызында» айға ұшу, орбиталық станцияларды жазады. Ол кезде бұл жазушының жай қиялы болса, қазір ол бар нәрсе.

Александр Беляев 1884 жылы дүниеге келді, бала кезінен қияли болып істемегені жоқ. Екі қолына сыпырғышты құс қанаты сияқты байлап алып үйдің төбесінен секірді, жігіт болып қалғанда үлкен зонтик жасап жерге қонамын деп, омыртқасына зақым тигізіп алып кейін онысы алдынан шығып, өмірінің 35 жылын ауру болып өткізеді. Төсек тартып жатса да оның қиялы шексіз еді, бала кезінде жүрек ақауымен туған Ихтияндрға дельфиннің жүрегін салғаннан кейін ол қосмекендіге айналады, яғни құрлық пен суда да өмір сүре алады. «Ариэль» романының басты кейіпкері аспанда еш құрылғысыз ұшып жүре алады. Ихтияндр мен Ариэльді капиталистік қоғамда баю үшін пайдаланбақшы болып қылмыскер адамдар болып ұрып соғады, адамдардан түңілген Ихтияндр біржолата суда мекендеу үшін кетсе, Ариэль аспанға ұшып кетеді.

Жазушының тағдыры ауыр болды, жас кезінде алған жарақаты сүйек туберкулезіне айналды. Бірінші әйелі қияли деп тастап кетсе, екінші әйелі гипске таңылып үш жыл төсекке жатып қалғанда «тірі өлікті» бақысы келмей кетіп қалды. Үшінші әйелі Маргарита иманды болып шығып, екі қыз туды, бірінші қызы жастай қайтыс болып, үшеуі өмір сүре бастап ел қатарына қосылды, кітаптары баспадан шығып, гонорары қомақты болғасын тұрмысы да жөнделе бастады. Алайда соғыс басталып кетіп, күзде олар тұратын Ленинград түбіндегі Пушкино (бұрынғы «Патша селосы») фашистердің қолында қалды да әйелі мен қызын Германияға жұмысқа алып кетті. Қараусыз қалған жазушы 1942 жылдың 6 қаңтарында аштық пен суықтан өлді, ол кезде әр өлікті жеке жерлеу деген жоқ, жиналып қалған өліктерді белгісіз шұңқырға апарып көміп тастайтын. Әйелі Маргарита Беляева (1895-1982) мен қызы Людмила Беляева (1924-2017) соғыс аяқталған соң келгенімен, сол кездегі тәртіп бойынша тұтқында болғаны үшін НКВД Сібірге 11 жылға жер аударды. Жазасын өтеп келген соң ұзақ жасап, Беляевтің кітаптары үсті-үстіне баспадан шыққасын өздеріне тиісті үлестерін алып бай-қуатты өмір сүріп және ол бойынша түсірілген киноларды көріп кетті. Әйелі Маргарита 87 жасында, қызы Людмила 93 жасында (күйеуге шыққан жоқ) қайтыс болды. Күйеуінің қайда көмілгені белгісіз болса да, Александр өлетінін біліп, күні бұрын көршілеріне тапсырып қойған соңғы хаты қолына тиген болатын. Онда: «Мені жерден іздемеңдер! Маған жерде істейтін ешнәрсе де қалған жоқ. Ариэль» деп жазған екен. Ол өзінің кейіпкері Ариэль сияқты мәңгілік мекенін ұшып кетіп көктен тапты.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: