Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мен өзімді қауіпсіз сезінбедім»

28.06.2023, 10:40 246

«Мен бұл өмірімдегі кезеңді түсім болғанын қаладым. Тезірек отбасыма барсам ғой деп жиі ойлайтынмын. Бала кезімде сырқаттанып қалып, ауруханаға дәрігерлер алып кетті. Сонда бір жылым өтті. Сол жыл бойы қорқыныш пен үрей тұла бойымды кернеп жататын. Ақ пен қараны әлі дұрыс танымайтын, 6-7 жастағы кішкентай қыз зорлық-зомбылықтың куәгері болды. Ойлаңызшы, бұл бала санасында ұмытылмастай психологиялық жара болып қалады емес пе? Қысқасы, ауруханада белгілі бір жүйе болды. Бәріміз арамыздағы «старший» балаға бағынатынбыз. Ата-анамыздың әкелген тамағын соған апарып беруге мәжбүрміз. Оның сөзін тыңдаймыз, айтқанын істейміз, сөзін сөйлейміз. Қыз бен ұлдардың палатасы бір-біріне көрші орналасқан. Жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық көп болды. Әсіресе буллинг қатты таралған. Мен өзімді қауіпсіз сезінбедім. Сондықтан палатадан шықпауға тырысатынмын. Сол уақытта мүлде тамақ ішуге тәбетім болмады. Гигиенаны сақтамадым. Жуынатын бөлмеге кіруге қорықтым. Кейбір қыздар өз-өзіне қол жұмсағысы келді. Олардың бейнелері әлі есімде…».

Жәбір көрген өрімдей қыздардың бейнесі көз алдынан бүгінге дейін кетпеген Алтынай Ельгундинова – қазір қыздардың құқығы үшін күресіп жүрген жан. Әлемде әрбір үшінші әйел – зорлық-зомбылықтың құрбаны. Алайда олар қоғамнан өзін қалай қорғай алады? Сонымен қатар, зорлық-зомбылық түсінігі жұтаң қаралады. Жәбір көрсету тек физикалық әрекетпен шектелмейді. Бұған экономикалық, эмоцио­налды, психо­логиялық зорлық-зомбылық та кіреді. Міне, осының бәрімен күресу үшін кейіпкер әлемдік ұйымға мүше болып, қазақстандық қыздар қауіпті жағдайға тап болса, өз-өзін қорғауды  үйретуде.

– ESD Global – бүкіл әлем бойынша әдіснаманы әзірлейтін және қауымдас­тық мүшелері мен көшбасшыларын гендер­лік зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оған жауап беруге үйрететін жетекші білім беру ұйымы. «Мүмкіндіктерді кеңейту үшін өзін-өзі қорғау» әдістемесі (ESD (EMPOWERMENT SELF defence) – зорлық-зомбылықтың тарихын, психологиясын, заңдылықтары мен негізгі себептерін түсінуге негізделген жүйе. Және жеке күш пен интеллект туралы хабардарлық пен сенімділікті арттырады. Бұл әдіснаманы әйел­дер  әйелдерге  арнап жазды және ол осы  факторларға  негізделген:

– қақтығыстарды  деэскалациялау арқы­лы  қауіпті  болдырмау;

– өз қауымдастықтарында әлеуметтік және экономикалық өмірге қатысуға деген сенімділікті  арттыру;

– мәселелерді шешуде өзіндік тиімділікті арттыру;

– физикалық  өзін-өзі  қорғау дағдыларын  дамыту;

– әйелдер жекелеген жағдайларда кездесе­тін зорлық-зомбылықпен күресу (мысалы, мектепте, отбасында, жұмыс орнын­да), – деді әйелдердің қауіпсіздігі мен өзін-өзі қорғау жаттықтырушысы Алтынай Есентайқызы.

Оның тренингтеріне 300-ге жуық адам қатысқан. Бүкіл Қазақстан бойынша қатысушылардың саны 2700-ге жетті. Демек, қыздардың біразы баруы – мәселенің өзектілігінің көрінісі. Сондай-ақ, зейнет жасына жақын нәзікжандылар да қызығушылық таныта­тын  көрінеді.

– Тренингте тек физикалық ғана емес, сонымен қатар вербалды, психологиялық жаттығуларды жасаймыз. Олар бұлшықет жадына бағытталған, агрессор шабуылдағанда бірден ойламай жауап беруші рефлексті қалыптастырамыз. Қазіргі таңда, толық әдіснаманы дайындаудамыз, қазақ және орыс тілінде видео түсіреміз. Вербалды және психологиялық жаттығулардың арқасында қатысушылар өзіне деген сенімділігін арттырып, кез келген конф­ликті ауызша шеше алады. Қатысушылардың көбі басы­нан кешкен оқиғасы қайталанбас үшін келеді. Жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен қатысады, – деп  пікір  білдірді  жас  тренер.

Құмарын қылмыспен қандырып, өзгені құрбан қылғандарға елімізде жаза жеңіл болған. Елдегі бірнеше бүлдіршіннің айуандықпен зорлануы қылмыстық кодекске өзгерістер әкелуге себеп болды. Бұрын 106-бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығынан айыру түріндегі жауап­кершілік көзделсе, қазір 6 жылдан 10 жыл­ға дейін бас бостандығынан айы­рылады. Тіпті әкімшілік неме­се қылмыстық іс жүргізу үшін жәбірленушінің арызынсыз да басталады. Десе де, елімізде «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген түсінік әлі де қалыптасқан. Қаза­қы менталитет зорлаған адамды емес, зорланған адамды қоғам кінәлі деп есептейді. Сондықтан қылмыскерді ақтауға дайын адамдар барда қыз балалар өз-өзін қорғауды білгені жөн. Ал, ең жақындарының  қолынан азапталып өлген балалардың жайы қалай болмақ? Ресей Федерациясының құрамындағы Ингу­шетия республикасында сәуір айының соңында Самира есімді 4 жастағы қыздың анасы мен әжесінен бірнеше уақыт бойы соққы алып келгені анықталған. Бүлдіршіннің денесіндегі жарақаттар мен оның өз еркімен демала алмауы қоғамда резонанс туғызды. Бір­неше апта өз өмірі үшін ауруханада күрескен Сами­ра мамыр айында бақилық болды. Оның жерлеу рәсіміне 1000-нан аса халық жиналып, ақтық мәреге шығарып салды. Бұқара бүлдіршіннің өліміне қатысы бар адамдардың қатаң жазалануын талап етті. Мұндай оқиға елімізде де көптеп кездеседі. Әкесі, анасы, ағасы, көршісінің қолынан қаншама бала зардап шегіп келеді. Әлсізге әлін көрсеткендерге заң да күшін көрсет­сейші. Бәлкім, сол кезде балаларды «аждаһалардан»  құтқара  алармыз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: