Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда қаласын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр

15.06.2023, 15:15 172

HALYQLINE.KZ Бүгінде Қызылорда қаласында демеушілердің қолдауымен көптеген әлеуметтік нысандар салынуда. Одан бөлек, халық көп жүретін қала орталығын абаттандыруда да жеке кәсіпкерлердің қолдауы ерекше. Осыған орай, Қызылорда қаласы әкімінің әлеуметтік салаларға жауапты мамандары БАҚ өкілдерімен бірге бірнеше нысандарға барып, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Оның алғашқысы – Қызылорда темір жол вокзалындағы жолаушылар өткелінің құрылысы. Он жылға жуық жөндеу көрмеген бұл өткелге «RS жол сервис» ЖШС демеушілігімен асфальт жабындысы төселуде. Жолаушылар өткелінің жалпы ұзындығы – 5200 шаршы метрді құрайды. Кеше басталған жөндеу жұмыстары он күн ішінде аяқталады деп жоспарлануда.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шаһардағы Қызылорда темір жол вокзалының жүргіншілер жолына демеушілер есебінен асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. Бұдан былай өткел жолдарының қайта жаңғыртылуы арқылы жолаушылардың жүріп-тұруы ыңғайлы болмақ. Одан бөлек, кәсіпкерлердің қолдауымен темір жол аумағы абаттандырылып, ондағы субұрқақты қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.

«RS жол сервис» ЖШС 2022 жылдан бері жол желілерінің құрылысымен айналысуда. Қызылорда темір жол вокзалындағы жолаушылар өткелінің қайта жөнделуіне барлығы 10-ға жуық техника мен 15-тен аса адам жұмылдырылған. Жаңа асфальттың қалыңдығы шамамен – 5 см құрайды.

– Жолаушылар өткелінің құрылысын бастағанымызға бүгін екінші күн. Біздің қызметкерлер мұндағы көнерген жолды тегістеп, жолаушыларға ыңғайлы етіп қайта жөндеуде. Одан бөлек, он күн ішінде вокзал аумағындағы автотұрақтарды қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынады. Осы арқылы сапалы қызметімізді халыққа ұсынамыз, – деді «RS жол сервис» ЖШС директоры Руслан Исматуллаев.

Одан әрі БАҚ өкілдері Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмысымен танысты. Жалпы қалада 815 көпқабатты тұрғын үй мен 281 аула бар. Соның ішінде 44 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Осыған орай, бірінші кезекте абаттандыруды керек ететін 17 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жобаның мердігері – «Азамат-Құрылыс» ЖШС.

– Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен шаһарымыздағы 17 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 780 млн теңгені құрайды. Абаттандырылып жатқан аулалардың барлығына жаңа асфальт төселіп, жарық шамдар мен балалар ойын алаңы салынатын болады. Қайта жөндеу жұмыстарына 7 техника мен 50-ге жуық жұмысшы қамтылған. Жобаны тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Бақтығалиұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: