Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әр адам өз өмірін өзі жасайды

08.06.2023, 11:40 283

Бүгінгі талапкерлердің алдында  тұрған  басты міндет – Ұлттық бірыңғай тес­тілеуді жоғары деңгейде тапсырып, өзі қалаған оқу орнына түсу. Өзгенің емес, өзінің қалаған мамандығында білім алып жүрген баланың бойында болашағына құрған жоспары, алдыға мақсат еткен міндеттері болары сөзсіз. Оқуын аяқтай салысымен дүниенің бос кетігін іздеп табуға тырысады. Ақырында, қалауын орындап, сүйген саласы  бойынша биік белесті ба­ғындырып, айтарлықтай жетістікке жетуі мүмкін. Баланың санасында өмірге деген құлшыныс, алға жылжу болса, жаңа айтылған дүниелерді болашағынан байқай  аласыз. Ал, талапкер таңдағанын оқымай, басқаның бұйрығы бойынша  білім алса, өмір өз ағысы­мен түрлі дүниеге ұшыратуы мүмкін. Әрине,  «жаман  айтпай, жақсы  жоқ»  дейді  ғой. Біреудің болашағының бүлінгенін ойлаудан аулақпыз, бірақ, әрбір бала өз таңдауын өзі жасауы керек. Осы кезде қоғам пікірі екіге бөлінеді. Бірі ата-ананың таңдауын іске асырған бала қалағанына қол жеткізе­ді десе, енді бірі «таңдау – өмірді шешеді», әркім таң­дауын өзі жасағаны абзал дегенді алға тартады. Бүгін мынадай оқиғаны назарларыңызға ұсынғалы отырмын. Мүмкін, қалың оқыр­манның санасына қандай да бір сәуле себетін дүние болып  қалар. Әңгіменің әл­қиссасы  мынадан  басталды.

Екі мың жылдан аса тарихы бар өңірден досымыз Қызылордаға келіп, кешкі ас ішуге шақырды. Барсақ, аз-кем көңіл күйі­нің түсіп отыр­ғанын  байқап, не болғанын сұрадық. Ашылып айтқысы келмесе де, не болғанын егжей-тегжейлі сұрап, ақыры айтуға көндірдік. Айтқысы келмеген дүниесі жақын досы жайлы екен.  Сол  үшін түр-түсін жария етпей, әлгінің әңгімесін сіздерге ұсынып отырмын. Оқиғаның ауанын бұзбай, үшінші жақта жазуды жөн көрдім. Оқи отырыңыз.

«…Әулиеата жерінен  біраз дос-жаран Сыр бойына оқуға келдік. Бірақ, жанымызға жақын біреуі ата-ана­сының  айтуымен өзі қаламайтын, өзі оқуды ойына алмаған оқу орнына тапсыр­ды. Арманы бір алтаудың бесеуі осында келіп, мақсат еткен мамандыққа оқуға тапсырып қойдық. Біріміз мемлекеттік грантты енші­ледік, кейбірі­міз ақылы түрде оқуды жат санамадық. Солай бірлігі бекем бесеу бала кезде ойға алған белеске көтеріліп келе жатырмыз. Осы жолы «елге» барғанда әлгі досымызға хабар­ластым. Соңғы жаңалықтармен бөлісуін асыға күтіп, кездесуге шақырып қойдым. Ол келді. Қаршадай ғана бала біраз қиындықты еңсеріпті. Хал-жағдай ғана білісіп жүргенде бастан өтіп жатқан  оқиғаларынан бейхабар болып едік. Көрісе сала әңгіменің «тығынын ағытты».

Оны ата-анасы Алматы­дағы белгілі оқу орнының «Ақпараттық жүйелер» мамандығына грантқа оқуға түсірді. Кез келген оқу ол үшін тым қиын емес, тек көңілі қаламаған нәрсе қанша зейінін ашса да, көңілге қонбайды ғой. Жақындарының «жақсы оқу сол» деген сөзінен аса алмаған досымыз екінші курсқа келгенде стипендия­дан сүрініп, көпке бармай, гранттан «құлады». Солай өз оқуының ақысын өзі төлеу­ге көшкен. Ал ол үшін жұмыс істеу керек. Қолы жұмыстан босамай жүрген баланың оқу-білімге уақыты бар дейсің бе?! Сонымен, емтихандары да тапсырылмай, оқу ақысы да толық  төленбей  тұрған студент екі есе жұмыс істеп, қаражаттың  мәселесі бойынша біраз қиналыпты. Бірақ, әупірімдеп жүріп оқуын жап­қан. Ал үшінші курсқа кел­генде айқын мақсаттан жаңылып, оқуы қиындап, оқу ақысы бойынша үлкен қиындықтар қажытып, соңында оқудан шығып қалыпты. Ата-ананың үмітін осы оқуға байлап, барынша өзін күштеп, оқуға ынтасын ашса да ештеңе шықпаған досымыз барлық нәрседен қолын бір-ақ сілтеген. Дәл қазір ауылда мал бағып жүр. «Енді алдағы уақытқа қандай жоспарың бар, не істегің келеді?» десем, ештеңеге зауқы соқпайтынын айтты. Ендігі өмірін бірсарынды өткізу ғана ойында бар. Мұның барлығы өзінің емес, өзгенің қалауынан болған дүние дейді. Оны қалаға келуге барынша тартып, тырысып көрдім. Бірақ ештеңе шықпады. Ең сорақысын айтайын, ол қазір ата-анасымен мүлде араласпайды. Қанша тартсам да, оның өмірге деген талпынысы құздан құлағандай төменге құлдилаған. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін деп  тілеймін…».

Тұла бойыңыз түршігіп тұрған  шығар, иә? Өйткені бұл оқиға боямасыз баяндалды. Бір тағдыр тал­қандалды. Бала ата-ана­сы үшін өз таңдауын құрбан етті. Соңында бала да, ата-ана да жеңілді. Бұл дүние­ге біреу күле, біреу жылай қарауы мүмкін. Бірақ, ең дұрысы – баланың өз таңдауының орындалуына жағдай жасау. Иә, тым аспандағы айға қол созаты­ндарға жақындары жанашырлықпен жол сілтеуі керек. Дегенмен, бұл барлық дүниені солар шешуі керек дегенді білдірмейді ғой. Сол үшін әрбір ата-ана баласының икемі мен қабілетін жастайынан байқап жүруі қажет. Бола­шақта кім болғысы келеті­нін сұрап, соның болатынына сай әрекет етсе, соңында берекеті болады. Сіз де осыны қаперге алыңыз, қадірлі  ата-ана!

Кемел  ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: