Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімінің Корея Республикасына сапары қалай өтті?

27.05.2023, 22:00 349

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 16-17 тамыздағы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайта түсті. Оның ішінде генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі Қызылорда облысы мен Корея Республикасының өңірлері арасында екіжақты байланыстардың орнауына және дамуына зор серпін берді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінен облыс делегациясының Кореяға сапарын қолдайтыны туралы хаттар, биыл Корея Республикасы Тэчжон қаласы мэрінің және Чоллабук-до провинциясы губернаторының шақыру хаттары келіп түскен еді.

Осыған орай, ел Президентінің шетелден инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы 22-24 мамыр аралығында Корея Республикасының Сеул қаласына іссапармен барды. Іссапар барысында аймақ басшысы бірқатар іскерлік кездесулерге қатысып, өңірдің инвестициялық жобаларын таныстырды. Кореяның озық өндірістік технологияларын Сыр елінде енгізудің артықшылықтарына баса назар аударып, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Делегация құрамында Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б. Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Кәрімова бар.

Іссапардың басты мақсаты – өңірге, өндіріс саласына шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу. Аймаққа озық технологиялар әкелу және тәжірибе алмасу бағыттарында өзара ынтымақтастық орнату.

Іссапардың алғашқы күні делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті. Әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша Кореяның маңдайалды ЖОО-лардың бірі – Шинхан университеті 1960 жылы құрылған.

Кездесуде Канг Сонг Чонг мырза Қызылордада университет филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Осы ретте алдағы 20-30 жылдықта өңірдің еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда. Бұл мәселелерді әрі қарай пысықтау үшін алдағы шілде айында Шинхан университеті президентінің Қызылордаға іссапарын ұйымдастыру көзделген. Еңбек нарығының болашақтағы бағыты зерттелгеннен кейін Шинхан университетінің филиалы қандай мамандықтар бойынша ашылатыны нақтыланады.

Аймақ басшысы білім беруге, ғылымды өркендетуге салынған инвестицияның қайтарымы келешекте айқын көрінетінін айтып, осы саладағы жобаларды қолдап келеді.

Делегацияның Корея Республикасындағы іссапары Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетінің Президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесумен жалғасты. Басқосуға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек вице-министрлермен бірге онлайн қосылып, бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

Корея – білім және ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интеллект салаларында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Делегация мүшелері білім және ғылым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса мән берді. Корея мен Қазақстан арасында жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін биыл Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жоба әзірленді. Жоба Корея Республикасының Үкіметінде мақұлданып, Білім министрлігінен гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді. Жоба аясында Қорқыт Ата университетінде жасанды интеллект мектебінің құрылуы – тек Қызылорда облысының ғана емес, жалпы еліміздің білім саласындағы үлкен жетістік.

Нәтижесінде өңірімізде IT технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша білім беріледі. Облыс әкімдігі өз кезегінде бұл жобаның өңірімізде сәтті іске асырылуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Аймақ басшысы екі білім ордасы арасындағы ынтымақтастық білім және ғылым саласындағы жаңа ғылыми жетістіктерге жол ашатынын атап өтті.

23 мамыр күні Сыр өңірінің делегациясы Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен кездесті.

Қызылорда облысы мен Тэджон қаласын ерекше тарихи байланыстар біріктіреді. 2021 жылдың тамыз айында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан осы Тэджон қаласының Ұлттық зиратына әкелініп жерленген болатын.

Кореяның ең ірі қалаларының бірі және ғылыми-технологиялық астанасы – Тэджон қаласымен тиімді ынтымақтастық орнатудың жөні бөлек. Өзара байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында тараптар келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың бағыттарын айқындады. Кездесу нәтижесінде Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырза мен Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаев өңірлер арасындағы байланысты өркендету үшін бауырластық қатынастар орнату туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген.Айта кету керек, Корея университеттерінің басты артықшылығы – мұндағы оқу орындарының жанында ғылыми-тәжірибелік зертханалар, өндірістік базалар бар. Зерттеу жұмыстарының іс жүзінде, яғни теорияның практикада қолданылуына ерекше мән беріледі. Студенттер білім алумен қатар, оқу орны жанындағы зертханаларда, өндірістік базаларда тәжірибе жинақтап, диплом алған кезде мамандығының қыр-сырын жан-жақты меңгеріп шығады. Практикада шыңдалған мамандарға жұмыс табу қиынға соқпайды. Сол себепті, Қызылорда облысы Корея Республикасының ғалымдарымен әріптестік орнатып, озық тәжірибелерін Сыр өңірінің білім ордаларында енгізуге мүдделі. Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университеті Нью-Йорк университетімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осындай озық оқу орындары таратқан ілім-білімді біздің түлектеріміз де игерсе деген жоспар бар. Жас ұрпақтың таным көкжиегі кеңейсе, жаңа белестерге шығатынымыз анық.

Тэджон қаласы жетекші білім және ғылым орталығы екендігін ескеріп, Қызылорда облысының үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу мәселесі қарастырылады. Бұл екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді. Өз кезегінде, облыс әкімдігі Меморандумда көзделген бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуге және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен кездесуден кейін Тэджон ұлттық зиратына қайта жерленген генерал Хон Бом До мемориалына барып, тағзым етті.

Еске салсақ, өткен жылы Корея Республикасының делегациясы Сыр өңіріне арнайы келіп, генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жерінде қайта жерлеу үшін алып кетті. Екіжақты кездесулер аясында Корея елімен бірқатар бірлескен жобаны іске асыру туралы келісім жасалды.Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Генерал өмірінің соңғы жылдарын Қызылорда қаласында өткізгені белгілі. Туған жерінде батырдың ерлік даңқы ұмытылмаған. Ал Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған және қала көшелерінің бірі оның есімімен аталады.

Облыс әкімі Н.Нәлібаев және делегация мүшелері Тэджон қаласында орналасқан ұлттық зиратқа барып, «Отан үшін құрбан болған боздақтарға арналған мемориал» кешенінде болды. Генерал Хон Бом До зиратына Қызылорда халқының ыстық ықыласын білдіретін гүл шоқтарын қойды.24 мамыр күні облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Чоллабук-до провинциясының губернаторы Ким Гван Ён мырзамен кездесті. Аймақ басшысының өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпараттарына кореялықтар қызығушылық танытып, жобаларды қолдау ниетін білдірді. Чоллабук-до — күріш өсіру және азық-түлік өндіруден Оңтүстік Кореяның басты ауыл шаруашылығы аймағы.Облыс басшысы осы саладағы озық инновациялық технологияларды зерттеуге, «Ақылды фермалар» құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысты нақты ұсыныстар айтты. Сондай-ақ Қызылорда қаласында корей күріш егу технологиялары мен әдістері зерттелетін демонстрациялық алаң құрудың артықшылықтарын түсіндіріп берді.

Жоба аясында арнайы егістік жер бөлініп, кореялық күріш егу әдістері, су үнемдеу технологиялары мен суды мониторингілеу бойынша тәжірибе алмасу көзделуде. Бастамалардың барлығын жүйелі іске асыру үшін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен Чоллабук-до провинциясының Халықаралық ынтымақтастық орталығы арасында Меморандумға қол қойылды. Бұл іс-шаралар өзара қарым-қатынастарды дамытуға негіз болады.Чоллабук-до провинциясы мэрімен кездесуден кейін аймақ басшысы бастаған делегация Кореяның Ауылдық аймақтарды дамыту агенттігіне барды.

Осы провинцияда орналасқан агенттік – ауыл шаруашылығы саласына озық технологияларды енгізу, кәсіпорындарды ғылыми-инновациялық сүйемелдеу, «Ақылды фермалар» құру және жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын жасау бағытында практикалық зерттеулер жүргізетін Кореяның бірегей орталығы. Агенттікте егіншілік саласына жаңа әдістер мен сорттар қосу мақсатында Кореяның егін және күріш шаруашылығы ұлттық институты жұмыс істеуде.

Кездесуде тараптар күріш өсірудегі кореялық инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану, суды үнемдеу мен мониторингілеудің озық тәжірибелерін енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы келесімге келді.Сондай-ақ әкімдік кореялық әлеуетті компанияларымен бірлесіп, облыс аумағында жемістер, көкөністер және бақша өнімдерін терең өңдеуге бағытталған кәсіпорындар құруға қолдау көрсетеді. Алдағы уақытта Агенттік пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арасында тиісті жұмыстар жалғастырылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: