Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оңтайландыру оңдырмай кетті

24.05.2023, 9:30 286

HALYQLINE.KZ

Қазақстан нарыққа өткен кезде сол кездегі үкімет білім саласына да оңтайландыру саясатын жүргізді. Соның нәтижесінде 1997 жылы 335 мектеп жабылды, оның 95-і қазақ мектебі еді, мектеп жанындағы 27 интернат жұмысын тоқтатты. Мектепке дейінгі мекемелердің 50 пайызы жойылып, ғимараттары бұзылып, қолында билігі барлар сол кезден бастап халықтан оқшауланып, тегін құрылыс материалымен коттедж қалашықтар сала бастады. Пионерлер үйі мен музыка мектептерінің, яғни мектептен тыс мекемелер саны 1991 болса, соның 937-ы ғана бұзылмай аман қалды. 1997 жылы 361 спорт мектебінің 149-ы жабылды, оған қатысатын оқушылар саны 163 мыңнан 85 мыңға құлдырады. Елімізде 13 мың мұғалім қызметін тастап кетті, бұл республикадағы педагогтердің 41 пайызы еді. (Қараңыз «Егемен Қазақстан» газеті, 12 тамыз 1998 жыл)

Cол кезде мен жетекші болған сыныбымдағы бір оқушымның анасы балабақшаның меңгерушісі еді, жұмысы қаржы жоқтығынан тоқтап қалған ғимарат от жақпағандықтан тозып кетпес үшін баласы екеуі түнімен пешке от жағып шығатын еді, оны сабақ үстінде шаршап отырған баласынан байқайтын едім. Ол балабақшаны да бұзып алмақшы болған олигархтар та болған еді. Кейін қаржы бөлініп, толық жұмыс істей бастады. Қазір ол әйел зейнетке шықты, аман алып қалған ғимаратта қазір балалар күлкісі естіліп, халық игілігін көруде.

Екінші бір халыққа жақсылық істеген азаматты бүкіл аудан таниды, ұстаз, спортшы, ауданда алғашқы шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы және белгілі суретші болған досым Қуантай Ршымбетов еді, мезгілсіз 59 жасында қайтыс болды. Сол оңтайландыру жылдарында №18 мектептің директоры болатын, мектеп жабылған кезде, үйсіз жүрген жастарға, тұрмысы төмен отбасыларға мектеп ғимаратын бөліп берді, сол үшін тексеруге түсіп, талай жерге барып, жауап беріп жүргенін білемін. Әйтеуір, биліктегілер де жағаласып жүріп бұзылған мектеп ауласынан өз үлестерін алды. Қазір ол жерден халықтар шамасына қарай үй салып алды, ал мекеме басшылары зәулім екі қабатты үйлер тұрғызды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: