Қазақ қоғамында гендерлік теңдік жайлы бұрын айтылды ма? Көбі қазір ғана айтылып, қыз баласы өз құқығын енді ғана қорғап жүр деп ойлайды. Себебі феминистік ұйымдар енді ғана белең алып келеді. Шындап келгенде, нәзікжандылар өз құқығын бұрында да қорғады. Тіпті БАҚ-та да жарияланды. Арнайы «әйел теңдігі» журналы да 1925 жылы жарық көрді. Онда қалың малға, әмеңгерлікке, бірнеше әйел алушылыққа тыйым салу туралы, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық өмірге араласуын насихаттау бойынша айтылды. Тек ол заманда еститін құлақ болмады. Қазір де естіп жатқаны шамалы секілді. Дегенмен, 2019 жылы әйелдердің құқықтарын қорғауға және кемсітушілікке жол бермеуге бағытталған гендерлік теңдік туралы заң қабылданды. Бұған қоса, зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек көрсету үшін арнайы орталықтар да ашылды. Ол-ол ма? 2019 жылы әйелдер парламенттік мандаттың 30 пайызға жуығына ие болды. Сонда екі-үш жыл көлемінде әйел мен еркек тең бола ма?
Жалпы, адамзат дүниеге келгенде тең болады. Ешқайсысы киіммен, сөйлеп тумайды. Ел арасында «аспаннан түсіп пе едің?» деген сөз бар ғой. Міне, осы сөз де адамның теңдігін көрсетеді. Иә, физиологиялық тұрғыдан ер мен әйел тең болмауы кәдік. Алайда қоғамдық-саяси, құқықтық т.т. тараптардан әйел мен ер деп бөлмей, бәріне бірдей адам деп қараған жөн. Әйел тақырыбында көп жазып жүрген белгілі профессор, журналист Молдияр Ергебековтың лекциясында «теңсіздік табиғаттан емес, әлеуметтік ықпалдар мен әсерлердің нәтижесінде пайда болады» деп топшылады. Әйел теңсіздігі жайындағы ойын алдағы санда жазамыз. Қазір «қазақ қазақпен тең бе?» деген сауал бойынша айтқанын қоса кетейік.
– Елімізде мемлекет тарапынан қаржыландырылатын қаншама «НИШ» мектебі бар. Бір қарасаң, өте керемет. Ол жерге барған балалар өте жақсы білім алады. Ондағы балалар Қазақстанның болашағын гүлдендіретіні белгілі. Бірақ ол жерге түсу үшін сіз бірдей тең жағдайға ие болам деп ойладыңыз. Яғни бәріңіз бірдей емтиханға, бәріңіз бірдей балл жинау керексіз деген кезде мәселе туындайды. Нәтижесінде теңсіздік әрі қарай жалғасады. Мысал үшін әлдеқайда экономикалық тұрғыдан жақсы бір отбасының баласы болсаңыз, сіздің баратын балабақшаңыз жақсы болады. Бала кезде екі-үш тілді меңгересіз. Барар мектебіңіз жақсы болады. Нәтижесінде экономикалық тұрғыдан жағдайы нашар немесе жалпақ тілмен айтқанда, кедейдің баласы ол мектепке түсуі әлдеқайда төмен. Бұл тұрғыдан қарасақ, НИШ-тардың болуын тергеуіміз керек. Өйткені мемлекет деген институт ортақ. Мемлекет ешқайсымызды алаламай, бәрімізге бірдей қарауы қажет. Ал, мемлекет белгілі бір мектептерді қалыптастырып, бұл мектептерге оқушыларды алу механизмін тең түрде қоятын болса, онда теңсіздік орнайтынын көреміз. Иә, соңғы кездері ауыл балалары да түседі деген пікір айтылып жүр. Бірақ қанша пайыз? Онда да ол баланы ата-анасы аузынан жырып, ішпей, жемей, кимей, еш жаққа бармай оқытып, түсірген болуы әбден мүмкін. Немесе табиғатынан білімді шығар. Алайда қаншамыз тума білімдіміз? Дүниеге келген кезде тең болдық. Одан кейінгі теңсіздіктер – адамның қолымен жасалған жасанды теңсіздіктер, – дейді Молдияр Ергебеков.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!