Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ауыл аманаты» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

19.04.2023, 10:20 671

«Ауыл аманаты» жобасы бастау алды

Биыл өңірде 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады. Микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға қарастырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

– «Ауыл аманаты» жобасы ең алдымен ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру бағытына көзделген. Жоба өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру (жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы), өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа да бизнес жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8,0 мың АЕК. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды.

Айта кететін жайт, несие алушыларға бірқатар талаптар қойылады. Несие алушыны жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы, құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру, қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу керек, – деді Талғат Тұрсынұлы.

Басты мақсат – халықтың табысын арттыру

Арал ауданы әкімінің орынбасары Е.Әбішев қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен онлайн форматта жиын өткізді. Басқосуда аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов аталған жобаның мақсаты – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру үшін жеңілдетілген несие беру екендігіне тоқталып, келіп түскен ұсыныстарды толықтыру қажеттігін жеткізді.

Жиында Еркін Жұмаханұлы «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру екенін тілге тиек етіп, осы бағытта жобаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.

Атап айтар болсақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңдеу саласына қатысты және өсімдік, мал, ауыл шаруашылығы мен басқа бағыттағы бизнес жобаларға несие беру 2,5% дан басталмақ. Жобаға ауданға қарасты қала, кент және ауылдық округтер қамтылған.Бұған дейін жауапты сала мамандары Сексеуіл кенті, Аралқұм, Аманөткел ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында ауыл халқы қойған сұрақтарға жауап беріп, кәсіп ашатын жандар үшін аталған жобаға қатысты нақты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұстары түсіндірілді

Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбековтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Басқосуға ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, аудандық кәсіпкерлер палатасы, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген Күнтілес Айдарбекұлы «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру екенін тілге тиек етіп, осы бағытта жобаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды айтты.Атап айтар болсақ, жобаның талабы бойынша несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін ұзарады. Сондай-ақ, жылдық мөлшері 2,5 пайыздан аспайды.

Аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков басқосуды қорытындылай келе осы жұмыстарды үйлестіру бағытында арнайы мобилді топ құрылғанын және жоба бойынша барлық құжаттар 15 мамырға дейін жасақталуы керек екенін еске салды.

Жоба туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек және аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, тиісті сала басшыларымен бірге ауданға қарасты елдімекендерді аралап, тұрғындарға “Ауыл аманаты” жобасы бойынша арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Түсіндірмелік жұмыстар барысында халықтың табысын арттыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген шағын несиені алу тетіктері айтылып, жеңілдетілген шағын несиені алу тетіктері түсіндірілді. Сондай-ақ, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жауаптары берілді.

«Ауыл аманаты» жайлы не білеміз?

Жалағаш ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру туралы ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін 2023 жылға облысқа 3 млрд теңге қаржы қаралды.

Қаржыландыру бағыттары:

1. Өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру (жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы)

2. Өсімдік шаруашылығын дамыту

3. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау

4. Мал шаруашылығын дамыту

5. Басқа бағыттағы бизнес жобалар

Негізгі талаптары:

1. Несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі;

2. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы;

3. Мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы;

4. Несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс;

5. Несиені кепілмен қамтамасыз ету;

6. Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы (жер телімі, қора және т.б.);

7. ӘКК-мен бірлесе құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру;

8. Қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу.

Жобаның мақсатымен таныстырды

Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Сәдуақасов Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық және Қоғалыкөл ауылы тұрғындарымен кездесіп, “Ауыл аманаты” жобасының мақсатымен таныстырды.

«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары төмен пайыздық мөлшерлемемен өз бизнесін дамытуға жеңілдетілген несие ала алады.

Кездесу барысында тұрғындар жобаны өз кәсібін бастауға және шағын кәсіптерін дамытуға берілген мүмкіндік деп бағалады. Сонымен қатар, кездесу аясында кемел келешегіміздің жалғасы балалар туралы, олардың тәрбиесі, қауіпсіздігі мен жауапкершілік мәселесі де талқыланды.

Ауылдың әл-ауқатын арттырады

Дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйнің залында Шиелі ауданының әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетовтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңірге бөлініп отырған «2,5 пайыздық 3 млрд теңге көлеміндегі несие қаражатын ұтымды пайдаланудың жолдары» тақырыбында жиын өтті.

Жиынға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов, мәслихат депутаттары, салалық бөлім қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан несие алу үшін қажетті кепілдік түрі, несие алуға мүмкіндік беретін кәсіптің түрлері мен жолдары туралы сауалдарын қойды.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:

1) Өңдеу саласына қатысты жобалар;

2) Өсімдік шаруашылығын дамыту;

3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;

4) мал шаруашылығын дамыту;

5) басқа бағыттағы бизнес жобалар;

Несиенің негізгі шарттары:

1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;

2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы – ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 млн теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 млн теңге) дейін;

3) сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды;

Несие талаптары:

1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;

2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;

3) Мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;

4) кепілмен қамтамасыз ету;

5) зейнет жасына жетпеген;

6) Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет.

Жоба әкімшісі ретінде облыстық ауыл шаруашылығы және қатынастары басқармасы белгіленсе, сенімді өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» белгіленіп отыр. Ал, жоба «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ арқылы жүзеге асырылатын болады.

«Ауыл аманаты»: Елге тиімді жоба

Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов және орынбасарлары, аудандық ауылшаруашылығы бөлімі, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Ауыл аманаты» жобасын насихаттау мақсатында ауылдық округ тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміз бойынша іске асырылып жатқан “Ауыл аманаты” жобасы, оның ішінде ауылдағы азаматтардың тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие туралы толыққанды ақпарат берілді.

”Ауыл аманатының” артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатыны. Сондай-ақ аталған жобаға кез-келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатыны.

Кездесуге келген елді мекен тұрғындары жоба және несиелеу шарттарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: