Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазанғаптан жеткен қазына

01.03.2023, 10:50 560

HALYQLINE.KZ Кеше Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазанғап мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты дәулескер күйшінің жанына серік болған домбырасының көшірмесін музей қорына қабылдау рәсімі өтті. Қазанғаптан қалған мұра өскелең ұрпаққа рухани нәр беретін қазына ретінде құнды. Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашты, музей экспонаттарына қосылған құнды дүниенің қадір-қасиетіне тоқталды. Бабадан қалған жауһар жәдігерді жаңғыртып, ел игілігі үшін табыстаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Франция әдебиеті мен өнерінің кавалері» орденінің иегері, белгілі жыршы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Ұлжан Байбосынова домбыраны салтанатты түрде табыс етті. Іс-шараға қатысушылар интерактивті панельден Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қорындағы Қазанғап Тілепбергенұлының домбырасының түпнұсқасын көріп, Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы Жұмабек Жансұлтанның орындауында «17 жасар Балжан қыз» күйін тамашалады.

Біз Қазанғап туралы не білеміз? Деректер дәлелдегендей, ол 1854 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты Құланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде қойшының отбасында дүниеге келген. Қазанғап небәрі 67 жас өмір сүрді, 1921 жылы туған жерінде жерленген. А.Жұбанов: «Қазанғап жастайынан-ақ шебер домбырашы атанып, орындаушылық өнерге тың соқпақ салған күйші еді. Әсіресе, ол сол қолдың жүрісіне аса үлкен мән беріп, көп ізденді. Бұрын естімеген күйдің әуенін зердесіне тез тоқып ала қойып, орындалу мәнері мен нақышына да қатты зер салатын» деп баға берді. Қазанғап күйлері адамның аңсарын асқақтатып, көңіл-күйін дөп басатын сырлы саздар еді. Күй құдіреті философияға толы терең мазмұндағы шығармаларға жатады. Ол 70-ке тарта күйдің авторы. Ал, домбырасына келсек, екі ішекті, көлемі шағын, қалақша пішінді, шанағы құралып жасалған, бір дыбыс ойығы мен ілгіші бар. Аталмыш домбыраның түпнұсқасын туыстарынан белгілі домбырашы Сәдуақас Балмағанбетов алып сақтаған. 2009 жылы Сәдуақас Балмағанбетовтың жұбайы Бәтима Балмағанбетова және ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы жәдігерді Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық аспаптар музейіне өткізген.

Музыкалық аспаптың көшірмесін белгілі жыршы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Ұлжан Байбосынова жасатты. Ендігі жерде, ел күйшінің домбырасын еркін көруге болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: