Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытай Украинадағы соғысты аяқтау «жоспарын» таныстырды

24.02.2023, 15:00 820

HALYQLINE.KZ

Қытай сыртқы істер министрлігі Украинадағы соғысты аяқтау «жоспарын» таныстырды. Пекиннің пікірінше, 12 пункттен тұратын құжат әскери қимылдарды аяқтауға мүмкіндік береді. Құжат Қытай сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды.

Құжатқа баға берген кейбір сарапшылар бұл – «Қытай өкілдері Мюнхен конференциясында сөз сөйлегеннен кейін Пекиннен күткен нақты ұсыныстары бар жоспар емес, үндеу мен тілектер жазылған жалпы сөздер» деді.

Қытай құжатта БҰҰ жарғысы принциптері мен халықаралық заңнаманы басшылыққа ала отырып, барлық елдің егемендігін құрметтеуге шақырды. Пекин барлық елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беруді қолдады.

Қытай «қырғиқабақ соғыс кезеңінің менталитетінен арылу» қажет екенін айтып, жекелеген елдердің қауіпсіздігіне салмақпен қарауға және топ-топ болып бөлінуге жол бермеуге үндеді. Атысты тоқтатып, бейбіт келіссөз жүргізуге, бейбіт халықты қорғау үшін гуманитарлық дәліз ашуды ұсынды.

12 пункттен тұратын құжатта, бұған қоса, бейбіт халық пен азаматтық нысандарға шабуыл жасамау, АЭС қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ядролық қару қолданбау, 2022 жылы Түркияда қол қойылған астық келісімін бұлжытпай орындау, «біржақты санкцияны тоқтату», соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру көмектесу мәселелері жазылған.

Бұған дейін Мюнхен конференциясында Қытай компартиясының жоғары лауазымды өкілі Ван И «Қытай Ресей басқыншылығына бір жыл толған кезде әскери қақтығысты реттеу бойынша «бейбіт жоспарын» жариялайды» деп мәлімдеген. Мюнхенде ол Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебамен кездесті.

Одан кейін Ван И Мәскеуге барып, Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен кездескен еді.

Украина президенті Владимир Зеленский «Қытай жоспары туралы естігенімен, детальдарын білмейтінін» хабарлаған. Зеленский Қытайдың Украинаға назар аударуын оң бағалап, Киев Пекинге кездесу жөнінде ұсыныс білдіргенін айтты.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: