Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СССР мен ЧССР хоккейшілері неге ТӨБЕЛЕСТІ?

08.02.2023, 12:20 335

HALYQLINE.KZ

Соғыстан соң фашистерден совет армиясы азат еткен елдер Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Польша, Германия социалистік даму жолына түсті. Алайда, көп ұзамай АҚШ, Англия, Франция азат еткен Европа елдері капиталистік жолға түсіп, олардың дамып кеткенін көріп, коммунистік режимнен бас тартқысы келген Венгриядағы 1956 жылғы көтеріліс күшпен басылды.

1968 жылы көктемде ЧССР-де Москвадан бөлінгісі келіп толқу басталғанда, тамыз айында Прагаға совет танкілері енгізіліп, демократиялық қозғалыс күшпен басылды. Сол жылы желтоқсанда «Известия» газетінің жүлдесі үшін шайбалы хоккейден өтетін турнирге Чехословакия командасы келуден бас тартты. Жалпы, чех командасы 1909 жылдан бастап шайбалы хоккейден әлем мен Европа чемпионаттарына қатысып келе жатқан күшті команда болатын, 7 рет Европа 1 рет Әлем чемпионы болған еді.

Ал, СССР-да шайбалы хоккей соғыстан кейін «халықтар көсемінің» ұлы, генерал-лейтенант Василий Сталиннің басшылығымен дамыды, бірінші рет совет хоккейшілері 1948 жылы Европа чемпионатына бастарына танкистердің шлемдерін киіп барып күлкі болған еді. Алайда А.Тарасов, В.Бобров, Е.Бобач бастаған ойыншылар кезінде, совет хоккейшілері чех командасын ұта бастап, ең басты қарсыласы Канада құрама командасы болды, чехтардың құрама командасынан ұтылады деп ешкім де ойламайтын.

1969 жылғы әлем мен Европа чемпионаты Чехословакияда өтуге тиіс болатын. Совет танкілері Прагаға кірген соң, онда өткізу мүмкін болмағандықтан Халықаралық Хоккей Федерациясы қос чемпионатты 1969 жылдың 15-30 наурыз айында Швецияның астанасы Стокгольмде өткізуге шешім шығарды. Бүкіл чех халқы өз командасын Швецияға соғысқа барғандай шығарып салды. Әуежайда олар «Советтерге біздің кім екенімізді көрсетіңдер!», «Совет басқыншыларына тойтарыс беріңдер!», «Они нам танки, мы им бранки (шайбу)!» деген плакаттамен шығарып салды.

Стокольмде бір алапат шайқас болатынын біліп барлық елдің телевидиниесі тікелей репортаж жүргізуге дайындалды. Қысқы олимпиада аясында өткендіктен шайбалы хоккейден әлем және Европа кубогы үшін екі рет ойнауға тиіс болды.

Бірінші кездесу 21 наурыз күні болды. Кездесу басталар сәтте, коньки киген жас чех жігіті алаңға «Біз советтерден қорықпаймыз!» деген плакат алып шығып, мұз алаңын ойқастап ара-бері жүріп алды. Шведтік полиция да оған тиіскен жоқ, не дегенмен капиталистік ел ғой, бүйрегі чехтарға бұрып тұрды.

Мұз алаңына чехтардың құрама командасының шабуылдаушысы Ян Гавел бастамасымен хоккейшілер өздерінің «джерси» деп аталатын форма-тоқымасындағы ЧССР-дің эмблемасындағы арыстан тәжінің жоғары жағындағы бесжұлдызды қара скотч жабыстырып көрсетпей шықты. (Ол кезде біз скотч дегенді білмейміз). Чех ойыншысы Ярослав Холик өзінің қолындағы таяғын (ключкасын) автомат сияқты ұстап шықты.

Бұған намыстанған советтік потриот хоккейшілері чех хоккейшілеріне дөрекі ойын көрсетіп қайта-қайта төбелесіп қалды. Осы әлем чемпионатына бірінші рет қатысқан, кейін совет хоккейінің піріне айналған Борис Михайлов чех ойыншысына күрес тәсілін қолданып, жамбасына атып ұрды. Чехтар не дегенмен мәдениеті дамыған Европа мемлекеті ғой, Вацлав Недоманский өзін қолындағы таяғын көлдеңінен ұстап қабырғаға қысып ұстап жібермей тұрған Александр Мальцевтің бетіне түкіріп жіберді. Осы сәтті шведтік фототілші түсіріп алып, келесі күні «Экспресси» апталық газетінің бірінші бетіне жарияланды. Бірінші ойында 2:0 есебімен чехтар жеңіске жетті. Чех қақпашысы В.Дзуриллаға қанша қауіпті кез келсе де, қақпасына бір шайбаны да өткізген жоқ. Ойын аяқталысымен Ярослав Холик жерге жата қалып, тағы да ключкасын автомат қылып СССР құрама командасына қаратып аузымен «та-та-та» деп атып, бүкіл стадионды күлдірді. Бүкіл дүниежүзі екі команданың келесі кездесуін асыға күтті. Совет хоккей құрама командасының бас жаттықтырушысы А.Тарасов екінші рет инфаркт алып госпитальге жатқанмен, екінші ойын басталар кезде шықты.

Екінші ойын бір аптадан соң 28 наурызда болды. «Ойын басталар кезде мұз айдынына екі команда шыққан кезде чех шабуылдаушы Вацлав Недомианский қолындағы клюшкасын бейсбол таяқшасы сияқты ара-бері сермеп, сөзсіз төбелес болатынын білдірді» деп жазды канадалық тілші Рэд Фишер. Ойын тағы да төбелеспен басталып, төбелеспен аяқталды. Есеп 3:3 болып тұрғанда қайта-қайта төбелесіп қалған екі совет хоккейшісін төреші айып орындығына жібергенін пайдаланып чехтар Третьяк қақпасына соңғы 4-ші шайбаны салып, тағы да ЧССР жеңіп шықты. СССР құрама командасының бас жаттықтырушысы А.Тарасов соңғы шайба салған чех командасының капитаны Йозеф Голонканы «фашист» деп балағаттады. Бұл туралы кейін өз сұхбатында Йозеф Голонка: «Бұл сөз маған өте ауыр тиді, менің әкем соғыс кезінде орыстарға қарсы соғыспау үшін чехтардан жасақталған немістердің әскер қатарынан қашып кетіп дезертир атанған болатын». Йозеф те қарап қалмады, Тарасовтың алдына барып, қолындағы таяғын скрипка қылып, оны «үш әріпке жібергендігі туралы» төрт шумақты айтып берді. Бұның барлығы тікелей эфир арқылы көрсетіліп тұрды. Ал совет телевидениесі осындай төбелестерді көрсетпей, экран бетін жыпылықтатып қойып, комментатор Николай Озеров: «Тікелей эфирде бұндай ақаулар болып тұрады» – деп айтатын.

Ойын аяқталғанда чех ойыншылары бірінші кездесудің соңындағыдай совет хоккейшілерінің қолынан алудан бас тартты. Тек команда капитаны Йозеф Голонка үлкен айыппұл салатынын білгендіктен бәрінің қолынан алып шықты. Йозеф Голонка кейін соңғы жеңіс туралы былай деп еске алды: «Команда ойыншыларының жеңіске деген құлшынысы өте зор болды, олар мұз үстінде өліп кетсек те жеңеміз деді».

ЧССР құрама командасы СССР-ді жеңгенмен, ұпай саны жағынан алтынды СССР, күмісті Швеция, қоланы ЧССР жеңіп алды. Бірақ басты мақсатқа жетіп, екі кездесуде де совет құрама командасын жеңіп шықты.

Өздерінің ұлттық құрама командасының жеңісін Прага мен басқа қалалар таң атқанша тойлады. Үйлердің қабырғалары мен таксилердің терезесіне чех командасының салған шайбасын көрсетіп, 2:0 және 4:3 деп жазып қойды. Халық Праганың орталық Вацлавский алаңына жиналды. Олардың қолында: «Бұл жерде арақ жоқ, Москваға кетіңдер!», «Орыстар кетіңдер, өздеріңнің аюларыңмен арақ ішіңдер!», «Совет басқыншыларына тойтарыс берілді», «Бұл жерде артарыңда танкілерін болмағасын, жеңілдіңдер!» деген қорлайтын транспоранттар алып шықты. Прагадағы «Аэрофлот СССР» ғимаратын қиратып, өртеуге әрекет жасады.

Чехияның қауіпсіздік қызметі елдің форма эмблемасындағы бесжұлдызды қара скотчпен жауып, көрсетпеген әрекеті үшін 26 жастағы Ян Гавелді қыспаққа алды. Ол бар айыпты өз мойнына алғасын, елге қауіпті адам ретінде чех хоккей командасының құрамында ойнауға тыйым салды. Үздік шабуылдаушы 24 жастағы Ян Сухи де ойыннан шеттетілді, екеуі де күшті ойыншы еді, Москва чех командасынан осылайша кек алып, құрама команданы әлсіретіп тастады..

1978 жылы Чехословакияда шайбалы хоккейден ЧССР мен СССР құрама командасы әлем мен Европа чемпионатында тағы да кездесіп, 6:4 есебімен масқара болып ұтылды. Онда уақыттың басым бөлігі екі команданың төбелесін ажыратумен кетті, бұл – өз алдына қызық әңгіме. Осы екі кездесуді «Завидово» саяжайында көрген КПСС ОК Бас хатшысы Л.И.Брежневтің ашуланғаны соншалық, телевизорды 2-қабаттан лақтырып жібермекші болғанда жеке күзетшілері әрең ұстап қалған көрінеді.

Екінші кездесуде чехтарды ұту үшін, екі шайбаны артық салу керек болатын, совет құрама командасы әдейі тапсырыс бойынша ұтқандай 3:1 есебімен ұтып, чемпион атағын қорғап қалды.

Кейін мұз айдынында 1972 жылы дүниеге келген, чехтардың бүкіл әлем мойындаған үздік хоккейші Яромир Ягр пайда болды, ол «68» санмен шықты. Оның себебі 1968 жылы Прагада совет танкілері бейбіт шерушілерді таптағанын көрген атасының жүрегі ұстап қайтыс болған еді, атасының құрметіне осы «68» санды таңдап, өзінің спортағы мансабын да осы санмен аяқтаған болатын.

Материал Феодор Раззаковтың «Российский хоккей: от скандала до трагедий» деген кітабынан алынды.

Суретте: 1969 жылғы Чехословакияның шайбалы хоккейден құрама командасы.

Чехтар Третьяк қақпасына соңғы шайбаны салған сәті.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

тарихшы, журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: