Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңізде туған талант

27.01.2023, 12:20 684

Сыр елінің тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің, отандық әдебиет саласы бойынша ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері, жарты ғұмыры мен шығармашылық қабілетін Арал тағдырына арнаған жазушы, эколог  Сайлаубай Жұбатырұлының 75 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатыр. Өткен аптаның бейсенбі күні облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада «Отты өлке», «Бумеранг», «Жасыл сағым», «Алыстағы аралдар», «Жоғалған әлемге жол» секілді шығармалардың авторы Сайлаубай Жұбатырұлына арналған «Теңіз тебіренткен талант» атты салтанатты кеште көркем шығармалар мен телесценарийлеріне құрылған фильмдер барысына тоқталған шығармашылық кеші айрықша өтті десек болады. Жиынға белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлері, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысып, кеш тізгінін өзіне алып, алғы сөз бен марапатын, сый-сияпатын білдірді.

Сайлаубай Жұбатырұлын білмейтін бірде-бір сыбойылық жоқ шығар.  Қарымды қаламгердің қаламынан туындаған әрбір шығармасы түп санамызға жетерліктей түсінікті әрі өз өңіріміздің, аралымыздың тағдыры жайлы сыр шертілгеннен кейін шығармашылық қабілетін бағалайтынымыз, құрметтейтініміз белгілі. Бүгінгі күні Сайлаубай Жұбатырұлы санаулы эколог жазушылардың қатарында. Әлі де руханиятқа берері мол жазушы ретінде көргендіктен ғұмырыңыз ұзақ болуын тілейміз. 75 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз, – деп Мира Жомартқызы жазушының иығына шапанын жауып, облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады.

Арал, Сырдария, Байқоңыр, Балқаш көлі мәселелерін көтерген қаламгердің бүгінгі қуанышы жыл көлемінде тойланып, еңбегі елге еленетін жыл болғалы тұр. Айта кететін болсақ, Сайлаубай Жұбатырұлының мерейтойына сәйкес, облыс көлемінде жастармен, экологтармен кездесу өтіп, туған жерде ұлықтау іс-шарасы және облыс әкімінің қабылдауы, сондай-ақ эколог-жазушылар мен журналистер арасында байқаулар ұйымдастырылатын болады. Иә, әдебиет әлеміне «Алыстағы аралдар» әңгімесімен келген Сайлаубай Жұбатырұлы бірден ел назарына ілігіп, небәрі 20 жасында Арал мәселесін көтеріп, жер-жаһанға жариялады. Міне, осыдан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіп, Сайлаубай Жұбатырұлының мерейлі жасын дүйім ел болып атап өтпекшіміз. Осы кеште жазушыға ерекше ізгі тілектерін білдіріп, алғыстарын жаудырғандар көп болды.

Сайлаубай Жұбатырұлы – Арал теңізінің әлемге әйгілі апаттық жағдайын, одан сақтанудың жолын бір ғана аймақ емес, әлемдік деңгейде жарты ғасырдан аса уақыт көтеріп және жазып келе жатқан белгілі жазушы. Ата-бабамыз мынау ұлан-байтақ ұлы даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған болса, Сайлаубай теңіз тағдырын семсер сөздің күшімен, қырлы қаламның ұшымен қорғап, ұлы теңіздің қу тақыр болып тартылып, суының мүлде сарқылып қалмауына бірден-бір себепші болды. Жазушының сол жанайқайының арқасында теңіз тағдыры тым тұңғиыққа кетпей, бүгінде қайта қалпына келе бастауда. Арал теңізінің апаттық жағдайда екенін әлем біледі. Теңіз тартылса бүкіл әлем экологиялық жағдайға ұшырайтынын бәрі біледі, сезеді. Сондай сұрапылдың алдын алып, содан сақтанудың жолын алғашқылардың бірі болып көтерген Сайлаубай Жұбатырұлының ерен еңбектері мемлекеттік сыйлыққа лайықты. Әттең, соны сезетін жан болса ғой, – деді сатирик Қазыбек Әшірбекұлы.

Сондай-ақ, жазушының шығармашылығымен қатар, киноиндустрия саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Ол 50-ге жуық көркем фильмді аударып, бірнеше деректі фильмнің сценарий авторы. Кейіпкер трагизмі арқылы Арал тағдырын қозғаған «Абыржы» трилогиясы көркем туынды ретінде ел құлағын елең еткізді. Шығармашылық кеште сол бір ерекше туындыларының бірінен үзінді көрсетіліп, қаламгерге деген ерек құрмет-қошемет көрсетілді.

Салтанатты кеш соңында Сайлаубай Жұбатырұлына сөз беріліп, еліне, жақындарына деген алғысын білдіріп, өзінің өмір жолынан үзінді айтып, келешек жастарға сенетінін жеткізді. «Әлі де жазар, айтар дүниелерім бар» деген қаламгердің шығармашылығында тоқырау болмай, қаламынан қайрат таусылмайтынына сенімдіміз. Бұл іс-шара жазушыға жасалған құрметтің бір парасы ғана, қаламгердің 75 жылда еткен еңбегін, шығармашылығы тек бір кештің көлеміне сыймайтыны белгілі.

Бүгінгі басқосуға келгендеріңізге өте ризамын. Кішігірім еңбектің еленгеніне қуанамыз. Бауыржан Момышұлының сөзі үнемі ойымда жүреді, «Отан үшін отқа түс – күймейсің, Отан үшін суға түс – батпайсың» деген. Адам отқа да күйеді, суға да батады. Бірақ, бұл сөздің түп санасында түсінген адамға басқа ұғым береді. Сондықтан, мен бұл сөзді жастарға айтқым келеді. Туған жердің құнарлы топырағы мен иісін жақсы көре білген адам, оның көз жасын да көре алады. Отанды сүй, қадірле, ұмытпа!,– деп теңізде туған талант Сайлаубай Жұбатырұлы кешті қорытындылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: