Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүйелі жұмыстың жемісі һәм алдағы міндет

18.01.2023, 17:35 309

Қазыналы Қазалының қайнаған құрылыс ордасына айналғанын бұған дейін басылым бетінде жарыса жаздық. Тіпті, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көзбен көріп, БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз турында болып, кәсіпкерлік саласы кеңге құлаш ұрған аймақтың бүгінгі тынысын баяндап жүрміз. Дегенмен, сәт сайын алға қойған жоспарға жоспар қосып, ауданға бөлінген қаржының оң бағытта игерілуін қамтамасыз етіп отырған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев күні кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг беріп, 2022 жылы атқарылған жұмыстар жайында тілге тиек етті. Әрі алға қойған жоспардың жүйесіне тоқталып, қылатын қарекеттің көптігін сөз еткен болатын.  

2022 жылы Қазалы ауданының дамуы қарқынды сипат алып, барлық көрсеткіштерде оң динамика қалыптасты. Аудан бюджеті 21,2 млрд теңгеге бекітіліп, жыл соңында бюджет көлемі 22,6 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға көбейді. Өндіріс көлемінің басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 25,9 пайызға өсім қалыптасты. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6 121 кәсіпкер тіркелген. Белсенділік үлесі – 96,7 пайыз. Аудан кәсіпкерлері тарапынан 7,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 2,8 пайызға өсті. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 1,7 пайызға көбейіп, 9 366 адамды құрады. Былтыр Қазалы ауданы аумағында жаңадан 25 кәсіпкерлік нысан бой көтерді. Нәтижесінде,  47 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша 2022 жылы аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 382 жоба бойынша 4,3 млрд теңгеге несие берілді. Күнделікті сауда-саттықтың нәтижесінде бөлшек сауда айналымы 10,7 млрд теңгені құрап, 4,5 пайызға көбейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 21,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға өсім қалыптасты, – деді аудан әкімі.

Сыр өңірі – дәнді дақыл өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Осыған байланысты 2022 жылы аудан бойынша барлығы 17 402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы орналастырылған. Оның ішінде күріш егілген жердің көлемі – 6 361 гектар. Одан бөлек аудандағы мал шаруашылығында төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,2 пайызы – жеке тұлғаларда, 2,5 пайызы – ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 32,3 пайызы – шаруа қожалықтарының үлесінде.

2022 жылы аудан бойынша 15,6 млрд теңге инвестиция тарту межеленген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 17,6 млрд теңгені құрап, 38,1 пайызға көбейді. Жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба дайындалған. Олар алдағы уақытта облыстық басқармалар арқылы тиісті орталық атқарушы мекемелерге ұсынылады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 7,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға артық орындалған. Өткен жылы жеке сектор есебінен тұрғын үй құрылысына 4,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 54 022 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынды. Нәтижесінде тұрғын үй қоры 1,8 пайызға көбейді. Мұның өзі бір жыл ішінде істелген жұмыстың аз еместігін білдіреді.

2022 жылдан бастап өтпелі болып саналатын 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталатын болады. Бұл үшін бюджеттен 22,3 млн теңге бөлінген.

Ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 км аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Оның ішінде 232,5 км асфальтты, 102,7 км қиыршық тасты және 71 км топырақты жол. 2022 жылы 75 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары жөнделіп, 7 жоба қолға алынды. Бұл үшін бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді.

2022 жылы шағын қалаларды дамыту аясында Қазалы қаласының электр желілерін қайта жаңғырту және көшелерін жарықтандыру үшін 245,5 млн теңге қаржы бөлініп, 16,6 км электр желісі мен 4 дана трансформатор орнатылды. Бұл жұмыстарды толық аяқтауға биыл 595,1 млн теңге қаржы қаралды.

Хош дейік. Дәл осы екпінмен аудандағы барлық сала қамтылғанын байқадық. Аймақта тек экономика саласы ғана емес, мәдениет, спорт саласында да жаңалық жетерлік. Мәселен, қазалылық спортшылар 2022 жылы 174 медаль жеңіп алды. Нақтыласақ, аудан спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстан 123 медальды қанжығаға байлады. Азия, Әлем және ҚР чемпионаттарынан 13 алтын, 14 күміс және 24 қола жүлдені аудан қоржынына салған. Бұдан басқа ауданда Шығыстың жарық жұлдызы атанған Ғани Мұратбаевтың 120 жылдық мерейтойы мен  Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланованың 100 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтті. Әрі осы жылы  Әйтеке би кентінде 600 орындық Мәдениет үйі және Кәукей ауылынан 100 орындық клуб пайдалануға беріледі. Және, мұнан да басқа ауылдарда Мәдениет үйі салынып, қолданысқа берілген. Және бір жыл ішінде Әйтеке би кенті мен Қазалы ауданына арналған Жастар орталығы өз жұмысын бастапты. Тағы бір айта кететін жайт, Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай еліміздегі талантты жастарға «Ғани сыйлығы» табысталған.  

Жалпы, жұртшылық арасында «әкімдер кадр тасиды» деген әңгіменің барыс рас. Бұл сауал Оразбаевтың өзіне де қойылған екен. Сонымен, Мұхтар Әуесұлы кадр таси ма? Ауданның алған қойған жоспары мен міндеті қандай? Бұл туралы газетіміздің алдағы санынан толығырақ оқи аласыздар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: