«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін бойлап барып, құм ішіндегі сүрлеу ізге бұрылып, шамалы уақыт жүрсеңіз6 «Киікбай» аталатын көлге тап боласыз. Кейде жаз мезгілінде су тапшылығы салдарынан көлдің құрғап қалатын кезі де болады. Шағыл құм төбенің басында атақты Жанқожа Нұрымбетұлы (Нұрмұхаммед) батырдың бабасы Әбілқайыр ханның батыры, сенімді серіктерінің бірі болған Киікбай Құлжаманұлы атамызға арнап мұнан біршама жыл бұрын ұрпақтарының демеушілігімен салынған ескерткіш-кесене көзге алыстан шалынады. Күн сәулесімен жарқырай көрінген еңселі кесене кезінде ел қорғаны болған аруақты бабаның айбынды тұлғасындай әсер қалдырады. Киікбай Құлжаманұлы Тама руынан шыққан даңқты Есет Көкіұлы бабамыздың күйеубаласы болып келеді. Жаужүрек Киікбай бабамыздың ел-жұртының азаттығы жолында жасаған ерлігі, ғибратты ғұмыры көпке аян. Киікбай бабамыздың батырлығына қоса алдын болжағыш, көреген, аруақты адам болғанын қарымды қаламгер, тарихшы-этнограф Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» трилогиясында (1-том) айтылған мына деректен аңғаруға болады.
– Бір күні Киікбай сәске түстің шағында өз үйіне арнайы келген қонақтары мен ауылдың ер-азаматтарын үй сыртындағы төбешіктің басына жинап алып, олармен біраз уақыт әңгіме-дүкен құрған-ды. Ауылға сырттан кәделі қонақ келсе осылайша бас қосып, бала-шағадан оңаша жерде, ел қамы жайлы сұхбат жасау қашаннан-ақ қазақ атқамінерлерінің әдетіне айналған үрдіс-ті.
Бүгінгі сұхбатқа себепкер болғандар осы ауылға құдандалы-жекжат, Киікбайдың қандыкөйлек досы, Әбілқайыр ханның батырларының әрі кеңесшілерінің бірі Қарасақал руының Сарыбас аталығынан шыққан әйгілі Ақша батыр мен Жақайымның белгілі биі әрі батыры Жылқайдар болатын.
Қолынан тастамайтын айбалтасының сабына сүйене, бидің әр сөзін ой елегінен өткізе тыңдап отырған оның екі көзі өздерінің оң қапталында, анадай жерде ойнақ салып шапқылап жүрген жалаңаш-жалпы балаларда екен. Енді отырғандардың бәрі де солай қарай мойын бұрысты. Батыр бір топ баладан оқшау тұрған бес-алты жасар балпанақтай балдырғанды көрді. Бірақ, кім екенін алыстан шырамыта алмады. Сонан соң, Өтеген мен Нұрмұхаммедке қараған.
– Ана-а-ау-у, дара тұрған кішкентай тәпелтек кімнің баласы? Манадан бері тапжылар емес. Сабырлысын қарашы өзінің…
Нұрмұхаммед кеңкілдей күлді де, әкесіне қарап:
– Ау, ол өзіңіздің жақсы көретін немереңіз Жанқожа емес пе?! Кеше қолыңыздағы мына айбалтаны сұраған боқмұрын сол ғой.
– Сол-а-ай де-е. Бәсе-бәсе, анау-мынау бала атасының қолындағы қаруын сұрай ма?! Асылы, елдің еңсесін көтеретін, халықтың қамын ойлайтын, жел жағына пана болатын азаматтар сондай боқмұрындардан шығады, әлі-ақ, – деген сөйлемдер Киікбай батырдың бойындағы тылсым қасиеттен сыр шерткендей.
Арада уақыт өте Киікбай Құлжаманұлының немересі, Нұрмұхаммед Киікбайұлы батырдың баласы Жанқожа бабамыздың аты аңызға айналғаны тарихтан мәлім.
Сондай-ақ, Шарападин Таласов жеткізген мына әңгіме естігенге жылы әсер қалдырары анық.
– ХVІІІ ғасырдың бас кезінде Шектілер атақонысқа оралмақшы болып, Сырдың төменгі жағын жайлап орналасып қалған Қарақалпақтармен тартысқа түсті. Босаған жерге егіншілікке қолайлы болғасын, біртіндеп келіп көбейіп, хандық құрып, қорған салған Қарақалпақтарды ығыстырмақ болды.
Бір шайқаста Киікбай батыр жарақаттанып қалғанын, қаһарланғанда шығатын барыс дауысынан аңғарған Әжі жаудың ортасына қайта шапты. Жарақатына қарамай жан ұшыра шайқасып жатқан Киікбайды садақпен атқылаған жау сарбаздарының қоршауын бұзып-жара кірген Әжі ат жалын құшқалы жатқан батырды ұрыс алаңынан алып шықты.
Шектілер дүркін-дүркін шабуыл жасағанымен қарақалпақтарды жеңе алмайды. Шектінің батыры Киікбай қайта шаппақ болып, қамалды барлауға бармақ ойын айтады. Кеңес құрып қорғанды барлап келуге адам жібермек болады. Сайлы жеті жігітті шығарап, басшылыққа Құлжаманның Киікбайын таңдайды. Жігіттер келіп, тары орыққа жалданбақшы екендерін айтады. Қарақалпақтар ақысына не алатынын сұрағанда олар: – Біз орылған тарыдан көтергенше арқалап қайтамыз. Арқалағанда бір-бірімізге көмек бермейміз, жолда дем алмаймыз. Жолда жерге қойса сол жерде тарыны тастап, бос қайтамыз, – дейді.
Хан «өзі қысқа тарыны сабағымен арқаласа не тасиды дейсің?» деген оймен келісім береді. Тарыны күн шыққаннан, күн батып ернеуіне тигенге дейін орамыз деп сөз байласады. Ел жігіттері тарыны сақтайтын, кептіретін қойма сұрайды. Сұраған соң қарақалпақтар қойма есебінде қорғанның ішінен кең сарайды босатып береді. Орықшылар уәде бойынша тары оруды күн ернеуіне тигенде тоқтатып, тарыны шаш өргендей өріп, құлаш бойындай етіп жинай бастайды. Белдеріне ораған қыл арқанмен көтергенінше буып, арқалағанда көлемі шөмеледей болып көрінеді. Бекіністің ішіндегі халық бұлардың алапат күшіне сүйсініп, таң-тамаша қалады. Түнде қоймаға жатын қылып, қорғанның ішін қызықтаған болып, жергілікті тұрғындармен жақсы байланысып, қорғанның ішіне барлау жүргізіп, бүкіл сырына қанығады.
Тары ору аяқталғанда бүкіл егін орғандардың үштен бірін тасып алыпты. Еңбектерін алған соң, елге келіп пішен оруға қайта оралады. Бұл жолы 40 жігітпен келеді. Қарақалпақ ханы көлге жіберіп «пішен ора беріңдер» дейді. Алайда хан қызын шақырып алып «Жай жүрген болып мыналар не істейді екен? Сырттай бақыла!» – деп тапсырма береді.
Қазақ жігіттерін бақылаған қарақалпақ қызы әкесіне келіп:
– Бұлар тегін жүрген жоқ. Өзара кеңес құрды. Ортада қыл белбеулі қызыл жігіт өте ерекше көрінді. Бүгін өте қауіпті түн. Кеш қалсаң, қиын болар, – деп әкесіне ойын жеткізеді. Хан болса сарбаз жинап үлгермейтінін әрі бұлардың соңында қалың ел тұрғынан есікеріп, орық кезінде қорғанның іші-сыртын түгел зерттеп алғандарын біліп, қызынан «жауды қалай тоқтатамыз» – деп сұрайды.
Қызы болса:
– «Егінді жиып-теріп болған соң жеріңді босатам» деп мұрсат сұра. Егер көнбесе, мені кепілге бер, – деген жауап қайтарады.
Хан барып Киікбаймен сөйлескенде батыр кідірсе бұның қол жинайтынын, көмек шақыратынын ойлап келіспейді. Мұнан соң хан жақындасу мақсатында Киікбайға қыз беруге келіседі. Қантөгістің болмағанын қазақтар да қалайды. Осылайша қыстауға құлайтын болып қазақтарда кері қайтады, деп Мұратбай көкем маған айтқан болатын, – дейді Шарападин Таласов ағамыз.
Сайын даланың азаттығы мен халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен батыр бабаларымызды ұлықтау – ұрпақ парызы. Осы орайда Киікбай Құлжаманұлы батырдың есімін жаңғыртып, ерлік жолын толыққанды зерттеп, тарихи тұлғалар тізбесіне енгізсе, баба аруағы алдындағы борышымызды өтегеніміз болар еді. «Ержігіт туар елі үшін» деп бекер айтылмаса керек.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!