Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылықтардың қуанышы

27.12.2022, 8:50 254

HALYQLINE.KZ

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа нысандардың ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазалы ауданының Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдарына «көгілдір отын» жеткізілді. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, қазіргі таңда облыс халқының бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелерге, соның ішінде, инженерлік-инфрақұрылымдарды дамытуға негізгі басымдық берілетінін атап өтті.

«Бүгін Қазалы ауданындағы Басықара, Қ.Пірімов және Жалаңтөс батыр ауылының тұрғындары үшін өте қуанышты күн, сәуір айында басталған газдандыру жұмыстары бүгінгі күні толық аяқталды. Тағы да көптеген кәсіпкерлік нысан табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Біз мүмкіндігінше барлық ауылды газбен қамтуға жұмыс істеудеміз. 2025 жылға дейін «көгілдер отынмен» қамтылған ауылдар санын 70-ке дейін жеткізу жоспарымызда бар. Келесі жылы Қазалы ауданындағы Абай ауылын да газдандыру жоспарлануда. Елді мекендерге жеткен газ отбасының жылуын, отанымыздың қуатын арттыра түссін!», – деді облыс әкімі.

Қоғам қайраткері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Айтбай Көшербайұлы аудан тұрғындарын көптен бері күткен қуанышты жаңалықтарымен құттықтап, аймақ басшысына алғыс білдірді. Сондай-ақ, еңбек ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов жиналған қауымға бата берді.

Елді мекендерге табиғи газ қосылған соң облыс әкімі ауыл тұрғыны Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Құралай Серікбайдың үйіне барып, «көгілдір отынның» берілу сәтінің куәсі болды.

– Сіздерге көп рақмет. Осы уақытқа дейін жыл сайын тонналап көмір сатып алатынбыз, от жағып, күл шығарумен болдық. Енді, міне, бұл бейнеттен құтылдық, үйіміз де жылыды. Қуанышымызға шек жоқ, – дейді үй иесі.

Айта кетейік, «көгілдір отынға» қосылған 3 ауылда 4400 жуық адам тұрады, жоба нәтижесінде 750 жуық тұрғын үй мен 26 әлеуметтік нысан газдандырылмақ.

Бүгінгі күні облыста газдандыру деңгейі 68 пайызды құрайды. Келесі жылы құны 12 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесімен облыс халқын газбен қамтамасыз ету үлесі 72 пайызға жеткізілмек.

Одан кейін өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы қаласында 140 орындық «Өрімтал» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Облыс әкімі қала тұрғындарын құттықтап, биыл Қызылорда облысының дамуына ауқымды инвестициялар тартылып, көптеген әлеуметтік нысандар салынғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен мемлекетіміздің тірегі, ұлттың болашағы – балаларымыздың өсіп, оқып, білім алуы, азамат болып, қалыптасуы үші жағдайдың барлығы жасалған.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазалыда бал бөбектерімізге сый ретінде 140 орындық «Өрімтал» бөбекжай балабақшасын пайдалануға бермекпіз. Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша 31 балабақша, 19 шағын орталық, барлығы 50 мектепке дейінгі ұйым бар. Былтыр Бекарыстан би ауылынан 100 орындық жеке балабақша ашылды. Жылдан-жылға балабақша санының көбеюі халқымыздың демографиялық өсімінің артуын көрсетсе керек.

Бұл өмірде балдай тәтті балғындарымыздың жүзі жайнап, бар ықыласымен риза болғанын көруден асқан бақыт жоқ. Барлық құрметіміз де осыларға арналады», – деді аймақ басшысы.

Іс-шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы лебізін білдіріп, жерлестерін жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады. Ал, еңбек ардагері Серік Қуанышбайұлы облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Екіқабатты балабақша ғимаратының жалпы аумағы – 3 мыңнан астам шаршы метр, мұнда 38 адам жұмыспен қамтылған. Білім ұясында робототехника, ән, би, қолөнер үйірмелері ашылып, іші толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жыл көлемінде балаларға арналған нысандар легі іске қосылды. Олардың қатарында 1 326 орынға арналған 17 жекеменшік балабақша, 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі бар.

Өңірде «Балалар жылында» демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңдары тарту етілді.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі.

Келесі жылы 19,6 млрд теңгеге 10 мектептің құрылысы басталады.

Әрі қарай аймақ басшысы «Қазалы-Теміржолжылу» МКК жұмысымен танысты. Кәсіпорын Әйтеке би кентіндегі 100-ге жуық мекеме мен 74 көпқабатты және 194 жеке тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Нысан қалыпты жұмыс істеуде, мұнда 3 негізгі және 1 резервтік қазандық бар.

Облыс әкімі нысанның жұмысын зерделеп, аудан әкіміне жылу маусымы тиісті деңгейде өтуін және қажетті отын қорының жеткілікті мөлшерде болуын қадағалауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: