Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ҚАРА ӨЛІМ» атанған ҚАЗАҚ МЕРГЕНІ

21.12.2022, 10:25 362

HALYQLINE.KZ

XX ғасырдың ұлы жаушысы, Нобель сыйлығының иегері, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері М.А.Шолохов: «Ұлы Отан соғысы мәңгілік тақырып болады» деп көрегендікпен айтқанын енді біліп отырмыз. Соғыс аяқталғанына 85 жылға тақалып қалса да, бұл тақырыпқа арналған кинолар жаңаша көзқараспен қайта түсірілуде.

Сондай кинолардың кейіпкері бола алатын тұлға, соғыс кезінде мерген болып 397 фашистке ажал құштырған қазақ Төлеуғали Әбдібековты айтуға болады. Сталинград майданындағы 255 жауды атып өлтірген орыстың мергені В.Зайцев туралы киноны Ресейде, сосын «Сталинград» деген триллерді Голливуд та түсірді. Соғыс кезінде СССР Қорғаныс Наркоматы белгілеген меже бойынша 397 фашисті өлтірген Төлеуғалиға 3 мәрте Совет Одағының батыры атағы берілуі керек еді. Ал мерген Төлеуғали Насырханұлына бұл атақ берілмеген себебі, әр орден алған сайын, сол кездегі ереже бойынша «наградной лист» толтырғанда ағасы Кемелбай Насырханов 1937 жылы «халық жауы» ретінде репрессияға ұшырағанын жазып көрсетіп отырды. Анкетаға жазбай жасырып қалуға да болмайтын, НКВД-ның «ерекше бөлімі» біліп қойса, «айып батальонға» айдап жіберетін.

Т.Әбдібеков 1916 жылдың қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданындағы Қызыл жұлдыз (қазір Т.Әбдібеков атындағы) ауылында дүниеге келді. Әкесі Насырхан құралайды көзден атқан мерген болғасын, өзінің аңшылық кәсібін баласы Төлеуғалиға үйретті. 1930 жылы басталған аштық кезінде әкелі-балалы Әбдібековтар аң атып, қақпан құрып, аштыққа ұшыраған ауылын аман алып қалу жолында еңбектеніп қолынан келгенше көмектесті. Табиғат қоры таусылып, аштыққа ұшырай бастағасын, 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы «Пахта-арал» ауылындағы ағайындары шақырып, сонда қоныс аударды. «Жері байдың – елі бай» дегендей жерден егін мен бақша егіп отырған оңтүстіктегілердің жағдайы шығыс өңірге қарағанда тәуірлеу екен. 1934 жылы Төлеуғали Қызыл Армия қатарында отан алдындағы борышын Хабаровск өлкесінде атқарады. Әскерден келгесін «Пахта-арал» колхозында мақта егеді, еңбекқорлығы арқасында бригадир қылып сайлайды, Найсынкүл есімді қызға үйленіп, екі сәбилі болғанмен, екеуі де шетінеп кетеді, басымыз аман болса, тағы да нәрестелі болармыз деп жүргенде соғыс басталып кетеді.

1942 жылдың 10 мамырында Совет Одағының батыры, генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық (316) дивизияның 1077-полкінің 44-атқыштар ротасында мерген болып соғысқа кірісіп, 1891 жылғы конструктор Мосиннің «трехленейка» деп атап кеткен №2916 санды мергендерге лайықтап оптикалық көздегіші бар 1939 жылы шыққан винтовканы 14 мамыр күні бекітіліп тапсырылады. Кейін атағы шыққан қазақ мергеніне конструктор Симоновтың жаңадан шығарылған оптикалық жартылай автоматты винтовкасын бермекші болғанда, «мен осыған үйреніп қалдым» деп бас тартады. Москва облысын жаудан азат еткенше 102 фашисті атып өлтірген Төлеуғалидың аты дивизион, майдандық газеттерден жиі аталып жүрді. 1942 жылдың 14 мамырынан 1944 жылдың 23 ақпанында қаза тапқанша 396 фашисті жер жастандырған Төлеуғалидың есімі аңыз болып тарады. СССР-дің бас газеті «Правданың» әскери тілшісі П.Кузнецовтың үлкен мақаласы мынадай сөздермен аяқталды: «Қазақ батыры Аманкелді Имановтың «жаудың қанын көп төккен батырдың рухын көтеріп, күшін тасытады» деген сөзін мерген Т.Әбдібеков үнемі есінде сақтайды». Бұл сөзді Аманкелді батыр айтпаған, бірақ сол кездегі идеологиялық саясат жауынгерлерді жігерлендіру үшін жазушы Павел Кузнецовқа айтқызып тұр. Осы мақалаға үн қосып, майданда соғыстың ортасында жүрген жас ақын Қуандық Шаңғытбаев та былай деп үн қосты:

«Өтінемін, өзің аман жүр бірақ,

Тал бойында сарқылмасын әл-шуақ,

Жау қатары жусай берсін құлдырап,

Өлтіре түс, өлтіре түс, қаршығам».

1934 жылы шыққан «Чапаев» фильмінде азамат соғысының батыры Жайық өзеніне батып өлгенімен аяқталатын. 1941 жылы осы «Чапаев тірі» фильмінің қысқа ролигін шығарды. Онда Чапаев өзеннен аман-есен шығып, «фашистерді жерімізден қуып шығу үшін атқа қонып жауынгерлерді жігерлендіреді».

Осы сияқты қазақ мергені Төлеуғали Әбдібековтың есімін жауынгерлерге үлгі қылып 1943 жылдың қарсаңында Бүкілодақтық радио оның ерлік жолы туралы хабар дайындады. Бұл хабарды немістер жағы да біліп, Төлеуғалидың азиат екенін біліп «Қара өлім» деп атап, басына 50 000 мың марка бәйге тікті, сол кездегі өлшеммен бұл өте көп ақша, неміс жұмысшысының жалақысы 100 марка болатын.

Берлиннен ас мергендер «қара өліммен» жекпе-жеке шығу үшін және қомақты қаржы үшін шығыс майданына келе бастады.

Жалпы, мергендердің өздерінің жазылмаған заңдары бар: ұрыс даласынан жаралыларды жинап жүрген санитарларды атпайтын, Қарсы шабуылға шығып келе жатқанда офицерлерді атып өлтіретін, атып өлтіргенде де, қиналып өлетіндей жамбас қуысынан не ішінен ататын, екеуінде де қанды ешкім тоқтата алмайтын еді. Оны білген офицер өлетінін біліп, жанұшыра бақырып, өз жауынгерлерінің үрейін ұшырып қарсы шабуылға шығармай (параллизовать) тастайтын. Сосын мергендердің тағы бір міндеті қарсы шабуылға шыққан кезде минометшілер мен зеңбірекшілердің көзін құртып, шабуылға шыққан әсерлерге жол ашу еді. Мергендер үшін ең құрмет өзінің көзін құрту үшін келген жау мергенімен жекпе-жекке шығу, оларды құртудың әдісін Төлеуғали ойлап тапқан болатын. Бірін-бірі күні бойы аңдып жатқанда, түнде көмекшісіне темекі тұтатқызып, оны 1-2 метр қашықтағы көмекшісі темекіні шланга арқылы шеккізеді, түнде қызыл шоқты көрген неміс мергені атып қалған кезде, оны байқаған Төлеуғали мүлт жібермейтін. Бұл әдіс талай мергенді аман алып қалды.

1944 жылдың 23 қаңтарында Монаково селосын азат ету кезінде, Төлеуғалидың ротадағы барлаушы досы Г.Постельков Александр Матросовтың ерлігін қайталап дзот амбразурасын кеудесімен жауып қаза таптты, құрметпен жерлеп жатқан кезде қазақ мергені өзінің 393 жауды атып өлтіргенін айтып, досының кегін қайтару үшін, өз көрсеткішін екі есеге жеткізетінін айтып ант берді. Алайда, жағдай басқаша болды, тура бір айдан кейін 1944 жылдың 23 ақпанында жау мергенімен жекпе-жеке тағы да шықты, ұзақ уақыт мұз басқан окопта жатқандықтан, Төлеуғали салқын тигізіп алған еді. Өз позициясында жасырынып отырғанда қазақ мергені еркінен тыс түшкіріп қалды, жау да шүріппесін басып қалды, аңдысып отырған Төлеуғали да шүріппесін соңғы рет басып қалып жастығын ала кетіп, өз көрсеткішін 397-ші фашистке жеткізді. Мерген оғы Төлеуғалидың мойын етін жүлып кетті, күретамыр қаны тоқтамай, дала госптиалінде есін жинамастан есіл ер өліп кетті.

Қаза тапқаннан кейін бір ротадағы екі досты Совет Одағының Батыры атағына ұсынды, 397 фашистің көзін құртқан қазақ Т.Әбдібеков пен Матросов ерлігін қайталаған орыс Г.Постельковты, бірақ жоғарғы жақ екеуіне де бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін берді. Бұл оның соңғы ордені болды, бұған дейін Ленин, Қызыл Ту және Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған болатын. Батыр атағы берілмеген себебін ағасы Кемелбайбың «халық жауы» болғандықтан берілмегенін айттық. Сонда да, соңғы рет батыр атағына ұсынғанын тағы да айтатын болсақ, Төлеуғалиды досының қасына жерлеп болған соң, полк командирі, дивизия командирі, корпус қолбасшысы, 22-ші армия қолбасшысы қол қойғанмен, майдан қолбасшысы, генерал-полковник (кейін маршал болды) А.И.Еременко мен саяси жағына жауап беретін майданның әскери кеңес мүшесі генерал-майор В.А.Юшкевич қол қоймайды. Шешуші 2 адамның қолы қойылмағасын, әрине, батыр атағы берілмей ұмыт қалды.

Жеңістің 60-70-75 жылдығы аталып өтіп жатты, батыр мергеніміз ұмытыла бастағандай болып еді, жоқ олай болмай шықты. Артында іздеушісі бар екен, Төлеуғалидың «халық жауы» атанған ағасы Кемелбайдың немересі журналист-жазушы Айгүл ізденіп жүріп, әділдікке қол жеткізді.

2022 жылдың 5 мамырында Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үш бірдей мерген Төлеуғали Әбдібековке, Ыбрайым Сүлейменовке, Александр Несмияновқа Қазақстанның Халық Қаһарманы алтын жұлдызы мен «Отан» ордені қаза тапқаннан кейін берілді.

2022 жылдың 6 мамырында марапатты президент Т.Әбдібековтың қарындасы Айгүл Кемелбаеваға, Ыбрайым Сүлейменовтың қарындасы Айткүл Сүлейменоваға тапсырды. Қазақстандық мерген А.Несмияновтың артында туысы болмағандықтан марапатын мемлекеттік орталық мұражайға тапсырды. Осы мұражайда Т.Әбдібековтың №2619 винтовкасы сақталып тұр. Мерген қайтыс болғанда, оны өзі мергендікке үйреткен 32 шәкіртінің бірі Әшірбек Османәлиевке салтанатты түрде тапсырған болатын, ол осы қарумен 1945 жылға дейін 128 фашисті атып өлтірді. Осы жерде қаза тапқан екінші батырымыз Ыбырайым Сүлейменов та хас мерген еді. Соғыс кезіде №100 атқыштар бригадасында бақылаушы-мерген болып 289 фашисті атып өлтіргесін, қаза тапқаннан кейін Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын, берілмей қалған себебі, №100 бригададағы Мәншүк Мәмбетоваға батыр атағы берілгендіктен, бір полктен екі адамға батыр атағын беруге болмайды деп жауап келген болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: