1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні
ЖИТС (СПИД) дерті адам, жыныс, ел таңдамайды. Кез келген сақтанбаған адамның бойынан табыла кету қаупі жоғары, емі жоқ ауру түрі. Соңғы уақытта әлем бойынша ЖИТС (жүре пайда болған иммунитет тапшылығының синдромы) дертіне шалдыққандар саны күннен-күнге өсуде. Бұл цифрдың Қазақстанда да арту қарқыны жоғары.
Жалпыдан жалқыға өтсек. Бұған дейінгі мәліметтер бойынша Қызылорда облысындағы дертті өсу үрдісімен (куммулятивті) алғанда 249 адам тіркелген. Бұл – 1990 жылдан бастап 2022 жылдың он айын қосқанда тіркелген ауру саны. 2022 жылдың 10 айында 37 АИТВ дертін жұқтырған адам тіркелген, оның барлығы да – ҚР-ның азаматы. Ал еліміз бойынша 3248 адамның емі жоқ дертті жұқтырғаны анықталып отыр.
Аймақта 2022 жылдың он айында тіркелген 37 адамның 26-сы қаладан болса, 11-і – Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған ауданының тұрғындары. Ал бұған дейінгі есепке алынған адамдарды қоссақ, тіркелген 249 азаматтың 125-і – қала тұрғыны, 88-і – аудан тұрғындары, оның ішінде Аралда – 15, Қазалыда – 16, Қармақшыда – 12, Сырдарияда – 3, Шиеліде – 21, Жаңақорғанда – 18, Жалағашта – 3 адам, Байқоңыр қаласынан 14 ауру оқиғасы тіркелген.
– Қазіргі таңда облыс халқын АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) инфекциясына тестілеу, немесе тексеру жұмыстары жолға қойылуына байланысты аудан халқы арасында да АИТВ инфекциясын анықтап жатырмыз. Осы бағытта Шиелі мен Қазалы аудандарында ЖИТС орталығының филиалдары мен Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында психоәлеуметтік кеңес беру кабинеттері жұмыс істеуде. 2022 жылдың 10 айында облыс бойынша 143 мыңдай адам тексеріліп, солардың 37-сінен АИТВ инфекциясы анықталып отыр, – деді «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Қызылорда облыстық орталығы» эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі С.Балықбаева.
Елімізде АИТВ инфекциясының алғашқы жағдайы 1987 жылы тіркелген, сол кезеңнен бастап, 2022 жылдың он айын қосқанда өсу үрдісімен алғанда 46675 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған. Ауру саны бойынша алғашқы ондықта – Алматы қаласы – 8226 ауру, Қарағанды – 7121, ШҚО – 4714, Павлодар – 4026, Қостанай – 3338, Алматы облысы – 3198, Астана қаласы – 2641, Шымкент қаласы – 2324, СҚО – 2025, Түркістан облысы 1727 адаммен есепте тұр. Өкінішке қарай, Қызылорда облысы 249 аурумен 19-орында тұр.
Соған қармастан, «ғасыр дертін» азайту, төмендету мақсатында алдын алу жұмыстары пәрменді түрде жүргізіліп жатыр.
Негізінен АИТВ инфекциясы мына үш жолмен жұғады:
1. Жыныстық жолмен (гетеросексуалды, гомосексуалды);
2. Қан арқылы (АИТВ жұқтырған адамның қанын құю барысында, ағзасын ауыстыру барысында, инфекциялық есірткі тұтынушылар арасында бір шприцті, ортақ ыдыстарды қолданғанда);
3. Жүкті әйелден балаға (жүктілік кезінде, босану барысында және емізу кезінде).
Өңірде соңғы 5 жылда жыныстық жолмен жұқтыру басым болып отыр. Өсу үрдісімен алғанда 249 аурудың 82 пайызы жыныстық жолмен жұқтырған (оның ішінде 77 пайызы гетеросексуалды жыныстық жолмен, 5 пайызы гомосексуалды жыныстық жолмен), 14 пайызы парентералды жолмен, 1,2 пайызы анадан баласына жұқтыру болған.
Ал, республика бойынша 2022 жылдың 10 айында тіркелген 3248 аурудың 66 пайызы гетеросексуалды жыныстық жолмен, 5 пайызы гомосексуалды жыныстық жолмен, 20 пайызы парентералды жолмен жұқтырған.
Жаңадан анықталған АИТВ жұқтырғандарға алдымен психолог дәрігердің кеңесі беріледі. АИТВ статусы айтылады. Есепке алынып, тексерулер жүргізіледі.
Бұл ауруды толық жазып жіберетін дәрі жоқ. Вирусқа қарсы дәрілер беріледі. Дәріні уақытылы ішкен уақытта вирус организмде көбеймейді, яғни аурудың клиникалық белгілері пайда болмайды.
АИТВ инфекциясының алдын алу үшін егетін вакцина болмағандықтан, халық арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу, яғни түрлі семинарлар, дөңгелек үстел, тренингтер, кездесу кештерін, акциялар өткізу ең басты шара болып отыр. Жыл сайын АИТВ-ның алдын алу шаралары бағытында облыстық білім басқармасы, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, жастар ресурстық орталығы және басқа да жастар ісі жөніндегі үкіметтік емес ұйымдармен бірге жоспар жасай отырып, оқу орындарында жастар мен жасөспірімдер арасында әртүрлі форматта іс-шаралар өткізілуде. Мектеп табалдырығынан бастап, АИТВ/ЖИТС індетінің алдын алу жөніндегі білімдік бағдарламаларымен жастар мен жасөспірімдерді қамтуда, болашақта дені сау азаматтарды тәрбиелеуде білім беру саласы қызметкерлері де үлкен маңызды рөл атқаруда. Десек те, облыстағы барлық тұрғынды АИТВ/ЖИТС жөніндегі ақпаратпен қамту мүмкін емес, себебі, жұмыс істемейтін, оқымайтын жастар да баршылық. Сондықтан, осындай топ өкілдерін ақпараттандыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарын көбірек пайдалану керек. Жастар мен жасөспірімдерді саламатты өмір салтына ынталандыру – барша халықтың ісі. Аурумен күрес тек дәрігерлердің қызметіне кірмейді, оған ел болып атсалысуымыз керек.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
P.S. Адам иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. АИТВ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адамыңыз осындай дертке душар болған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу қажет. Өйткені, науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай қажет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!