СЫР БОЙЫНДА ФИЛОЛОГТАР ДАЯРЛАУ ІСІ және
ҚЫЗЫЛОРДА ПЕДИНСТИТУТЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОНЖЫЛДЫҒЫ
Қазақ елінің дамуында, ғылымы мен білімінде ерекше маңызға ие оқу орындарының бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті десек, осы оқу ордасында филолог мамандардың даярлануы да ел үшін аса маңызды болды. Бүгінгі таңда білім берудің әлемдік кеңістігіне шығуды мұрат еткен білім ордасының тарихы мен дамуында өзіндік қолтаңбасы, өзіндік дәстүрі мен өсу жолы бар қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шетел тілдері мамандарын даярлау ісі өткен ғасырдан бастау алады.
Алты Алаштың анасы атанған Сыр топырағы қай кезде де білім мен өнер таратушы аймақ болғаны белгілі. Өткен ғасырларда осы өлкеде діни мектептердің, мешіттердің көп болуы тек Сыр бойында ғана емес, ат аяғы жетер аймақтарда да ислами сауаттылықтың жоғары болуына мүмкіндік жасады, екінші жағынан, осы аймақта ақын, жырау, жыршы, әнші, күйші, сал, серілердің үлкен шоғырының ғұмыр кешуі саф алтындай халық өнерінің дамуын қамтамасыз етті. Кеңес өкіметі орнаған жылдары да бұл аймақта оқу, білім беру ісі жүргеніне, тіл, әдебиет, өнер пәндері өтілгеніне мұрағат құжаттары куә. Ал, Қызылорда қаласы Қазақстанның астанасы болған жылдардан бастап мұнда халық ағарту институты қызмет етті, оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндеріне қатысты дәрістер оқылды. Мұны жалғастыра өңірде жоғары білімді филологтарды даярлау ісі Қызылорда пединститутының ашылуымен жүзеге асты.
Қызылордадағы бұл жоғары оқу орнының ашылуы кешегі кеңес дәуірінің қым-қуыт аласапыранды кезімен тұспа-тұс келді. 1916 жылғы дүрбелең, 1917 жылғы төңкеріс, 1916-1923, 1931-1933 жылдардағы аштық, 1918-1920 жылдардағы Азамат соғысы, 1920-30 жылдары жүргізілген күштеп ұжымдастыру, 1929-1931 жылдардағы шаруалар көтерілістері, 1925-1937 жылдар аралығында жүргізілген «қызыл қудалау», 1927-28 жылдардағы кәмпеске қазақ елін титықтатып қана қойған жоқ, қазақтан шыққан көптеген білімді азаматты да жойып жіберді. Кей деректерге қарасақ, сол жылдары қазақ зиялылары қаймағынан 25 мың адам атылғанын көреміз.
Кеңестік дамудың талабы, өнеркәсіп ошақтарын салу, транспортты дамыту, мәдени құрылыстың алғашқы қадамдары енді жаңа ұлттық интеллигенцияны қалыптастыруды қажет етті. Ол үшін ең алдымен жоғары білімді мұғалімдер керек еді, ал ол кезде Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында жоғары білімді мұғалімдер даярлайтын бірде-бір оқу орны болмады. Сондықтан Қызылорда педагогикалық институтының ашылуы сол тұста тек Сыр бойы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды оқиға болды. Алайда, осы маңызды оқиғаның өзі де кеңестік қитұрқы саясатпен байланысты болатын, өйткені Қызылорда пединституты 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылған корей халқымен бірге келген Корей педагогикалық институтының негізінде ашылған болатын. Тағы бір айта өтетін жайт, Үкімет қаулысы шыққанмен бұл бірден аяғына тұрып кете қойған жоқ, тіпті, облыстық мемлекеттік мұрағаттағы құжаттар бір-екі жыл, яғни, ұлттық кадрларды жинақтау, мамандар ұжымын және студенттер контигентін қалыптастыру жүзеге асқанша оқу орнының Қызылорда мемлекеттік корей пединституты деп те аталғанын көрсетеді.
Оқу орны ашылған жылдары институт жанында екі жылдық мұғалімдер институты және жұмысшы факультеті болды. Міне, осы құрылымдар институттың ұлттық жоғары оқу орны болып қалыптасуына тікелей ықпал етті. Институт бұрынғы Кеңес-партия мектебінің ғимаратына орналасты. Оның 25 дәрісханасы болды, ғимарат голландтық үлгідегі 19 дөңгелек пешпен жылытылатын.
1937-1938 жылдардағы «Қызыл қырғын» салдарынан қазақ интеллигенциясының, білікті мамандардың, таңдаулы басшылардың жазықсыз сотталуы, атылуы, елдегі жалпы саяси жағдайдың күрделенуі көптеген студенттің оқу орнын бітірмей кетуіне себеп болды. Сол жылдардағы кейбір ресми деректер бойынша институтты бітірушілер саны 100 шақты болса, тіл және әдебиет факультеті бойынша 13 қана бітіруші болған. Бұл тұста институт бойынша тәжірибиелі оқытушылар азайып, әр факультетте тек бір-екі қазақ қана жоғары білім алса және қазақ ұлтынан шыққан оқытушылар болмаса, бұл жағдай, яғни қазақ студенттері мен оқытушыларының болмауы филология факультетіне де тән еді.
Деректерге сүйене сөз қозғар болсақ, 1938-1939 оқу жылында институттағы барлық студент саны 360-380 шамасында болса, оның отыздайы ғана болашақ филологтар болатын. Бұдан біз елдегі ауыр жағдайдың тек қана жоғары білім беру ісіне емес, жалпы білім алуға да, ғылымға да кері әсер еткенін байқаймыз. Бұдан кейінгі жылдарда аталған көрсеткіш тіпті төмендей береді. Мәселен, 1939-1940 оқу жылында педагогикалық институт бойынша 292 студент оқиды, тіл және әдебиет факультетін 12 студент бітіріп шығады.
Мұрағат деректеріне сүйене әңгіме қозғар болсақ. 1940-1941 оқу жылының көрсеткіші алдыңғы жылдардан да төмен болып, барлық студент саны 250-280-нен аспады, ал бітірушілердің саны 18 болса, оның 11-і филология факультетін бітірген еді. Бұл кезде қай факультетте де оқытушылар жетіспейтін, мәселен, 1941 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша институтта 36 оқытушы қызмет атқарған. Ал, 1941-1943 жылдарда тек 1 ғана қазақ әйелі жоғары білім алған және ер-азаматтардан бітірушілер болмаған. Мұның басты себебі – Ұлы Отан соғысы екені де белгілі жайт.
Осы тұста филология факультетінде еңбек еткен оқытушылар жөнінде мәліметтер бере өтсек, шетел тілі, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берушілердің көбісі соғысқа байланысты Қазақстанға қоныс аударғандар десек те, қолдағы мәліметтер білікті мамандардың соғысқа дейін де Қызылорда пединститутына келгенін көрсетеді. Мәселен, Александр Генрихович Керн 1914 жылы туған, 1935 жылы Энгельстегі пединститутты және Саратов университетінің аспирантурасын бітірген, Қызылордаға 1940 жылы келіп, неміс тілінің аға оқытушысы болып жұмыс істеген. Сол сияқты Хория Николаевна Глаголева 1890 жылы туған, 1916 жылы Петербург университетінің тарих және филология факультетін бітірген. 1939 жылдың қыркүйегінен бастап Қызылорда пединститутының филология факультетінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің аға оқытушысы болып жұмыс істеген.
Иә, филология факультеті 1937 жылы Қызылорда педагогикалық институтының негізін қалаған 4 факультеттің бірі болатын. Факультетте алғашқы кезде 100-ге тарта студент білім алса, кейіннен, яғни соғыстан кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш жоғарылып, факультетке 1945 жылы 94 студент, 1947 жылы 162 студент, 1955 жылы 424 студент қабылданған.
Пединституттың дамуына түрлі оқиғалар кедергі болғанын жоғарыда сөз еттік, ал солардың ең үлкені 1941 жылы 22 маусымда басталған Ұлы Отан соғысы еді. Соған қарамастан пединститут соғыс жылдарында да жоғары білімді мамандар даярлау ісін жалғастыра берді және соғыстың сұрапыл жылдарында жұмыс істеген 4 факультеттің бірі – филология факультеті болатын.
Ел басына күн туған тұста, Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында негізгі күш майданға, жеңіске жұмылдырылғаны белгілі. Ол жылдарда пединститут кейіннен мемлекеттік университетке айналып, ғылым мен білім беру ісінде үлкен жетістіктерге жетеді, 2005 жылдың мамыр айында жоғары оқу орындарының Еуропалық Ассосиациясына (ЕУРАШЕ – Брюссель, Бельгия) мүше болып кіреді, 2005 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып Италияның Болонья қаласындағы университеттердiң Ұлы Хартиясына мүше болып қабылданады деп ойлау тіпті мүмкін болмайтын.
Филология факультеті де бұл тұста институттағы негізгі ұжымдардың бірі ретінде бұрынғы Кеңес-партия мектебінің ғимаратында жоғары білімді мамандар даярлау ісін жүргізді. Бұл үй 1925-26 жылдары шикі кірпіштен салынған, бір қабатты, іргетасы күйдірілген кірпіштен қаланған, терезелері үлкен ғимарат болатын. Сарқырама жағында 300 орындық студенттер клубы, дүкен және азық-түлік қоймасы, үлкен шаруашылық қорасы болды.
Бұрынғы Востания (қазіргі Желтоқсан) көшесі жағында оқытушылар тұратын үйлер орналасты. Олардың шағын бөлмелерінде 20 шақты отбасы тұратын. Бұл үйлер кейіннен бұзылды. Қазір осы үйдің орнына салынған ғимаратта болашақ филологтар мен тарихшылар даярлануда, ал бұдан бұрын бұл ғимарат Қызылорда пединститутының, онан соң Қызылорда гуманитарлық университетінің бас оқу ғимараты болған еді.
Соғыс алдында инситуттың материалдық-техникалық базасына аз да болса назар аударылып, Қазақстан Халық Комиссариаты Кеңесінің 1938 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен педагогикалық институтқа жедел түрде оқу ғимараты мен 200 орындық жатақхана салу үшін 1200 мың сом қаржы бөлінді. Банк (қазіргі Ыбырай Жақаев көшесі) көшесінің бойына салынған оқу ғимараты мен жатақхана 1940 жылы пайдалануға берілді.
Соғыс басталған күннің ертеңіне, 1941 жылдың 23 маусымында ескі оқу ғимаратының 15-аудиториясында өткен жалпы институттық митингіде 20 жастағы студент Надежда Якименко сөз алып, жастарды Отан қорғауға шақырады. Майданға И.М.Журба, А.Нұртазин, Б.Айменов, Будник, Микельсон, Н.В.Павлова, А.С.Федорова, Варшавский, Новицкий, Шальнов сынды студенттер мен И.П.Бардин, Мәметқұлова, В.Е.Иллирицкий және т.б. ұстаздар аттанды. Осы кезде «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» ұраны институт ұстаздары мен студенттерін ел мүддесі жолында өлшеусіз еңбек етуге жігерлендірген рухты үнге айналды десек, солардың сапында филология факультетінің ұжымы да бар болатын.
Cоғыс жағдайында республиканың экономикасы мен ғылымы, мәдениеті мен әдебиетінің дамуы соғыстың қажетін өтеуге бағытталды. Мәселен, жеңісті жақындату мақсатында құрылған Қорғаныс қорына қызылордалықтар 192,5 мың сомның облигациясына әртүрлі бағалы заттар өткізсе, 1941 жылдың аяғында қатарында филологтар да бар институт қызметкерлері ұлттық құрамалардың жауынгерлеріне алғашқыда (48 адам) 212,97 сом, кейіннен (53 адам) 875 сом қаржы бөлген.
Соғыс жылдарында Қазақстанға еліміздің батыс бөлігінен қоныс аударушылар легі толастамады. Соған байланысты балалар үйлері мен интернаттар, емханалар мен госпитальдар құрылып, шұғыл түрде іске қосылды. 1941 жылы 18 қазанда Қызылорда педагогикалық институтының оқу ғимаратына №3979 емдеу госпиталі көшіріліп, 1944 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеді. Мұнда институтта ашылған медициналық курстарды бітірген студент қыздар аянбай еңбек етті. Олар жаралы жауынгерлерді емдеумен қатар оларды мерзімді басылымдардың жаңалықтарымен, әдеби кітаптармен таныстырып, рухтарын көтерді, көмек қолын созды.
1941 жылы 24 қарашадағы мәліметтер бойынша госпитальда 247 жауынгердің емделгені тіркелген. Оның құжаттары КСРО Ішкі Істер Министрлігі Бас басқармасының 1954 жылдың 5 қазандағы №21/3 080528 қатынас хатына сәйкес КСРО Қорғаныс Министрлігінің Подольскі қаласындағы Орталық архивіне жіберілген. Міне, бір жағынан білім ала жүріп, осы госпитальда еңбек еткендердің сапында филолог-студенттердің де болғанын мақтаныш етеміз.
Бұл тұста институттың кітапхана қорында оқу құралдары мен көрнекі құралдар жеткіліксіз болғандықтан, филология факультетінде де арнайы кабинеттер жабдықталды. 1941-1945 жылдары институтта оқытылатын пәндердің мазмұнына өзгерістер енгізілді. Бұл да соғыс кезеңінің талабы еді. Мәселен, филология факультетінде «Саяси-ағарту жұмыстарында көркем әдебиетті пайдалану», «Маркстік-лениндік философия және саяси экономия негіздері», «Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағы», «КСРО тарихынан арнаулы курстар» жүргізілген. Соғыс кезінде жарық көрген И.В.Сталиннің «Ұлы Отан соғысы туралы» еңбегі (1943 ж.), «Кеңес Одағының жаңа гимні» (1944 ж.) және т.б. арнайы курстар мазмұны партия ұйымының мәжілістерінде талқыланып, оқу үдерісіне енгізілген.
Жоғары Мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық Комитеттің (ВКВШ) жарлығына сәйкес 1942 жылы 24 ақпанда құрылған Біріккен Украина Мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңесі физика-математика, биология ғылымдары бойынша докторлық, кандидаттық диссертацияларды, тарих және филология ғылымдары бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғауға қабылдаған. Бұл өлкемізде жалпы ғылымның дамуына айрықша ықпал етті, сонымен қатар Сыр өңірінде филология ғылымдарының дамуына қатысты да маңызды жаңалық болды.
1942 жылдың 27 маусымынан бастап Біріккен факультеттік Ғылыми Кеңестер жұмыс істеді, тарих-филология Ғылыми Кеңесі сондай біріккен кеңестердің бірі болды. 1942 жылы қазан айында тарих және филология факультетінде 13 аспирант, 1943 жылы 3 аспирант оқыған.
Соғыс ауыртпалығына қарамастан, осы кезде институтта 186 маман даярланған. 1944 жылғы сәуірдегі мәліметтер бойынша Қазақ КСР-і тарапынан мемлекеттік марапаттауға ұсынылған оқытушылар мен студенттер саны 25-ке жеткен. Институттың Ғылыми бірлестігінің күшімен 1943 жылы ғалымдар еңбектерінің 2 жинағы, 1945 жылы Қазақ КСР-нің 25 жылдығына орай «Ученые записки» жинағы жарық көрді. Соғыс кезіндегі ғылым, білім саласындағы осындай жетістіктер халықтың қуатты идеялық қаруы болды және олардың ертеңге деген сенімін арттырды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы филология факультетіне қатысты мұрағат құжаттары филология факультетін 1940-1941 оқу жылында 11 студент бітіргенін, олардың 2-еуі үздік бітіруші, қазақтар жоқ, әйел біреу болғанын көрсетсе, 1941-1942 оқу жылында 12 студент бітіргенін, олардың 2-еуі үздік бітіруші, 8-і әйел, қазақтар жоқ екенін, 1942-1943 оқу жылында бітірушілер болмағанын көрсетеді. Мұрағат мәліметтері бойынша 1943-1944 оқу жылында 9 студент бітіріп, диплом алған. Олардың 6-ауы – әйел, қазақтар жоқ. 1944-1945 оқу жылында бітірушілер болмаған. 1945-1946 оқу жылында 9 студент бітірген. Олардың 9-ы – әйел, 1-еуі үздік бітірген. Бітірушілер құрамында 4 қазақ қызыл диплом алған. Иә, бұлар Қызылорда пединститутын бітіруші алғашқы қазақтар еді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында факультетті 32 студент бітірсе, оның қатарында бірде-бір қазақ болмаса, бұл да – соғыс салған өрттің қазақ халқына қаншалықты зардап әкелгенін көрсетері анық. Фашизмді жеңіп, келер күнге нық сеніммен қадам басқан бүкіл ел сапында Сыр бойы жұртшылығы да соғыстан соң еңбек майданына араласты. Бейбіт күндерді ғылым мен білім беру ісіне арнаған филология факультетінің ұжымы да солардың сапында ел дамуына үлес қосуға жұмылды.
Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ деген тәмсілге сүйене ой қорытар болсақ, бүгінгі таңда филолог мамандарды даярлау ісін гуманитарлық-педагогикалық институт құрамындағы негізгі бітіртуші үш кафедра жүзеге асыруда, ал аға буынның жоғары білімді филологтар даярлаудағы өткені кейінгіге үлгі-өнеге болмақ.
Алдажар ӘБІЛОВ,
ҚР Білім беру ісінің
құрметті қызметкері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!