Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір жолғы қателік – мың жылдық сабақ

16.04.2020, 10:31 586

Өз-өзімді түсінуден қалып барамын. Жолым болмай-ақ қойды. Не істесем де ісім алға басып, жұмысым жөнге қойылған емес. Себебін түсінбей-ақ қойдым.

Басынан бастайын. Бір үйдің бетіме қарап отырған, ата-анамның көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлымын. Апа-қарындас­та­рым тұрмысқа шығып, отбасылы болып кеткен. Мен де үйлендім. Ол кезде жасым 25-те еді. Әке-шеше жалғыз ұлдан барын аясын ба, дүркіретіп той жасап берді. Алғанымның беті жылтырағаны болмаса, бір үйге ибалы келін, аяулы жар болатын қыздардың қатарынан емес болып шықты. Бұған өзімді кінәлаймын. Өйткені өзім сұлулыққа, әдемілікке құштармын. Отбасылы болардың алдында қыздың аужайын байқамастан таяз ойланып, таныса сала жар қылуға бекінген өзім. Әйе­лім үйге келгеннен кейін небәрі 3 айдан соң  төркі­ніне тайып тұрды. Терең зерделей келе, қыздың жеңіл жүрісі бар екенін білдік.

Мектеп бітірген жылы әке-шешем оқытамын деп тұрғанда «оқымаймын, керегі жоқ» деп тастабандап алғанмын. Оның зардабын кейін білдім. Көлік жүр­гізушінің куәлігін алып, әр мекемеде жүргізуші болып жұмыс істедім. Одан шығып, тағы бір орындарға мұрын сұғып күн көрдім. Алғашқы неке сәтсіз болған соң он жылға дейін үйленбей жүріп қалдым. Кейін туыс  жеңгелерім  бір қызбен таныстырып, соған үйлен­дірді. Өзім онша ұнатпасам да, туыстарымның айтуымен бас қосқанмын. Түбінде сүйіп алмаған адаммен бірге тұрып береке таппайды екенсің. Ішім ұнатып тұр­маған соң оған дұрыс көңіл аударған жоқпын. Арада екі бала дүниеге келді. Әйелімді жақсы көрмегендіктен түнемелік үйге қонбайтын, үйге келмейтін әдеттер шығара бастадым. Осыдан кейін отбас­ыдағы жағдай белгілі. Келіншегім балаларды алып төркініне кетті. Ата-анам қанша жалынса да, артынан іздеп бармадым. Арада бір­неше жыл өтті. Ішімдікке салынып, жұмыстан да айыр­ылдым. Әбден қажып, не істерімді де білмей ты­ғырыққа тірелдім. Бірде карта ойынына қызып отырып­, қарызға да баттым. Бір күн емес, айлап жалғасқан құмар ойыннан миллион теңгедей ұтылдым. Оның төлемін ата-анама айтпай, несие алдым­. Тұрақты жұмысым болмаған соң кейбір айларда кешіктіріліп, ақыры ол былығым ата-анам, туыс­қандарымның да құлағына жетті.

Әке-шешем зар иледі. Әйелім мен балаларым далада, ал менің жүрісім мынау. «Мені Құдай қарғысына ұшыратқан» деп ойладым. Әйелім кетіп қалғаннан кейін де бірнеше қызбен танысып, алып келмек болғанмын. Оған ата-анам қарсы болды. Олар кетіп қалған келіншегіме қайта қосылуымды тәуір көрді. Өзім ұнатқан қыздарға қосыла алмадым. Ал көңілім қаламайтын келіншекке қайта қосылғанымды ата-анам  қалады.

Жасым 40-қа таяп қал­ғанда жүрген жүрісімнен ұялдым. Осы күнге дейін ұл болып әке-шешеге дұрыс қарамаппын. Ойландым. Жұмысқа орналасып, не­сием­нен құтылдым. Бала­ларым үшін әйеліме қайта қосылдым. Қазір үш балам бар. Өмірден түйгенім, бұл жалған өмірде өзіңді дүниеге әкелген ата-ананың разылығынан артық ештеңе жоқ екен. Қазір осы күнге дейінгі әрекеттеріме іштей қысыламын. Бірақ, ештен кеш жақсы. Барлығы ойдағыдай орындалып келеді. Адам істеген қателіктерінен де сабақ алады екен. Замандастарыма айтарым, бір рет берілетін өмірде ойланып қадам басқан жөн екен. Ақылмен шешілген дүниеден ешкім де зардап шекпейді.

Қазбек  ДҮКЕНБАЙ

(автордың  аты-жөні  өзгертілді.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: