Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Енді туымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ»

22.10.2022, 11:10 548

HALYQLINE.KZ

Бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім кезінде мемлекеттік туды қоғамдық жерлерге және жекеменшік орындарға қоюға болатынын айтты.

«Еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символ – Мемлекеттік ту. Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз – бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді. Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады», – деді Президент.

Сондай-ақ, ол шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар екенін атап өтті.

«Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етуде. Бұл – нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар», – деді Қ.Тоқаев.

«Мен бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек.

Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ, қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес», – деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, кейбір елдердің тұрғындары өз рәміздерін ерекше қадірлеп, барлық жерде асқақтатып жүреді.

«Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілді. Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ», – деді Президент.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: