«Педагогикалық тәжірибемдегі Ахмет Байтұрсынұлының идеялары» панорамалық сабақтар байқауында Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қостанай қаласындағы Зияткерлік мектептің бастамасымен өткізілген Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған сайысқа NIS желісіндегі барлық мектептер мен жалпы білім беретін ұйымдардың ұстаздары қатысты. Қатысушылар өз тәжірибелерінде ұлт ұстазының педагогикасын қолдану әдістемелерімен бөлісті.
– Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық идеялары – ұстаздар қауымына арналған жетекші нұсқаулық. Қазірде қолданып жүрген көптеген әдіс-тәсілдеріміздің мәні мен қолданысы ғалым еңбектерінде көрініс тапқан, – дейді жеңімпаз мұғалім.
Гүлзат Бұрабайқызы өз сабағында әдіскердің ұсынған жеті қағидатын басшылыққа алып, жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру, тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандыру, сұраулар қою арқылы қызығушылығын арттыру, ақпаратты сұрыптай қолдану, белсенді оқыту әдіс-тәсілдерінің оңтайлы қолдану бағыттарын көрсете білген.
– «Ахмет Байтұрсынұлының мұраларындағы дидактикалық ұстанымдарды қоғам талаптарына сай қазіргі оқыту әдістемесінде қолдану, дәріптеу оқушылардың ғылыми дүниетанымын, көзқарасын қалыптастыруда, белсенді, дара және өмірге бейім тұлғаны даярлауда аса қажет деп санаймын. Олақтықтың белгісі – бір әдісті болу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу» деп ғалым айтқандай, әр сабақты түрлендіріп, керек жерінде жоқ әдісті таба білу сара жолдағы үлкен міндет, – дейді жас педагог.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!