Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бала барыстар бозкілемде белдесті

10.10.2022, 15:10 583

HALYQLINE.KZ Қызылордада қала күні аясында тұңғыш рет «Бала барысы» байрақты бәсекесі ұйымдастырылды. Облыс аумағынан 30 жасөспірім қатысқан жас балуандар додасына бірқатар компаниялар демеушілік жасады. Сайыпқыран ерлердің лайықты ізбасарлары қатысқан «Бала барысы» турнирінде шаһар басшысы Асылбек Шаменов шараның салмаған саралады.

– Сіздерге қарап тұрып қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына сенемін. Алдағы уақытта «Бала барысы» турнирінің дәстүрлі сипат алуына жүйелі жұмыстар жасалып, бұл байрақты бәсекеде айрықша күш-жігерімен танылған темір қанат жас түлектер көптеген дүбірлі додаларда Алашқа олжа салады деп ойлаймын, – деді А.Шәменов.

Иығына қасқыр терісін ілген жас балуандар боз кілемге спорт кешенінің ішіне бір-біріне қарама-қарсы тігілген қос киіз үйден шығып, өз қарсыластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады.

Жарыстың нәтижесінде «Жанқылыш» лақап атымен қатысқан қармақшылық Бақытжан Архар «Көрермен көзайымы» атанса, ІІІ орын 50 мың теңге және «Қола белбеу» «Ақұдай» лақап атын иеленген Қызылорда қаласынан Исламбек Баймулдаевқа бұйырды. Жартылай жеңіс ұпайымен алда тұрып, соңғы секундтарда қарсыласына есе жіберген «Жаңақорған барысы» Дінмұхамед Ержанов ІІ орын 100 мың теңге мен «Күміс белбеуді» қанағат тұтса, І орын 150 мың теңге және «Алтын белбеуді» қармақшылық «Семетей» Әлихан Әлиасқаров жеңіп алып, арнайы жасалған ауыспалы «Тайтұяқты» қанжығасына байлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: