HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде облыстың тыныс-тіршілігімен танысып, нақты мәселелерді талқылау үшін арнайы келгенін атап өтті. Сондай-ақ өңірдің тарихы мен ел руханиятында алатын орны туралы айтты.
– Қарағанды табиғи байлығымен қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтық тарихи, рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер. Сондай-ақ, Тәттімбет күй толғап, Мәди ән салған қазақ өнерінің киелі бесігі. Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов сынды әдебиетіміздің алыптары да осы қастерлі топырақтан шыққан. Облыс аумағында тамаша табиғатымен көз тартатын жерлер көп. Қарқаралы мен Шайтанкөл, Бектау ата және Бұғылы-Тағылы таулары қашанда қазақтың құтты мекені саналған. Жерінің үсті мәдени жәдігерге, асты қазба байлыққа толы өлкенің еліміз үшін айрықша орны бар, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қарағанды облысындағы тау-кен және металлургия өнеркәсібі еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуда айрықша орын алатынын, мұнда республикадағы мыстың тең жартысы, көмірдің үштен бірі, болаттың 85 пайыздан астамы өндірілетінін айтты.
– Облыс еліміздің өнеркәсіп секторында жетекші орынға ие. Аймақ қарқынды дамып келеді және экономиканың барлық саласы бойынша тұрақты өсім көрсеткішін сақтап отыр. Біз «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын нақты ұстанып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қарағанды облысының даму барысын ұдайы назарда ұстайтынын айтып, өлкенің өркендеуіне серпін беретін бірқатар басым бағытты атады.
– Бірінші, өңдеу өнеркәсібін қолдау. Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі өңдеуші сектордың үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр. Әйтсе де облыстың осы бағытын одан әрі дамыту үшін мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау қажеттігіне баса мән бергенін еске салды. Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси ахуалға және әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан сайын арта түсті. Осы ретте мемлекеттің міндеті – орта және жоғары деңгейдегі тауар өндірісін ұлғайтуға қолайлы жағдай жасау.
– Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға да айнала алады және айналуға тиіс. Ол үшін лайықты жағдай жасалуы керек. Үкіметке «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент облыстың транзиттік-тасымал әлеуеті мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды.
– Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын. Сонымен бірге «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет, – деді Президент.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту мәселесіне тоқталды. Президент Қарағандыдағы өндіріс ошақтарының едәуір бөлігі 5 моноқалада шоғырланғанын атап өтіп, облыс халқының жартысына жуығы осы қалаларды мекендейтініне назар аударды. Сондықтан қала халқының тұрмыс-тіршілігін ірі кәсіпорындарға тәуелді қылмай, оларға аутсорсинг қызметін көрсететін кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа өнім өндіруге баса назар аудару қажет.
– Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Балқаш қаласының туристік әлеуетін арттыру үшін Балқаш жағалауын дамыту жоспарын әзірлеуді, жаз мезгілінде Балқашқа ұшақ билетін субсудиялау және қосымша әуе және теміржол рейстерін ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан облыс тұрғындары экология мәселесін жиі көтеретінін айтты. Осы ретте Президент ірі кәсіпорындарға қоршаған ортаның тазалығын сақтау жөнінде қабылданған міндеттемелерді, стандарттар мен нормаларды қатаң сақтау керек екенін еске салды.
– Аймақтың индустриялық дамуы азаматтардың мүддесі мен тұрмыс сапасына зардабын тигізбеуге тиіс. Экология министрлігі бұл мәселені бақылауға алуы керек. Өндірістік кәсіпорындарға заманауи тазалау құрылғыларын қолданып, өндіріс процесін жетілдірумен және аумақты көгалдандырумен жүйелі түрде айналысқан жөн. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында мұндай шаралар бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерін түгелдей экологиялық проблемаларды шешуге бағыттау мәселесін қарастыру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді.
– Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің индустриялық қуатын арттыруға адал еңбегімен, маңдай терімен үлес қосып жатқан шахтерлер мен металлургтерге ризашылығын білдіріп, олардың еселі еңбегі ерекше құрметке лайық екенін айтты. Сондай-ақ өнеркәсіп иелері шикізат бағасының оңтайлы сәтін ескере отырып, қарапайым жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге мүмкіндік таба алатынына сенім білдірді.
– Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, ел экономикасында алдыңғы орында тұрған бизнес керек. Мемлекет конструктивті диалогқа және өзара тиімді серіктестікке әзір. Біз кәсіпкерлерге барлық жағдайды жасауды жалғастырамыз, еліміздегі инвестициялық климатты бірте-бірте жақсартамыз. Бұған ешкімнің күмәні болмауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде шахтерлер Азаматтық кодекстің регрестік және зейнеткерлік төлемдер бөлігіне түзету енгізу қажеттігін біраз уақыттан бері айтып келе жатқанына тоқталды.
– Адамдардың талап-тілектерін жақсы түсінемін. Бұл – зейнеткерлік және салық жүйелерін, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыруды өзгертуге қатысты өте күрделі мәселе. Бұл мәселені әріптестеріңіздің, жолдастарыңызды, экономиканың басқа да қауіпті салаларында еңбек ететін жұмысшылардың және жалпы қоғамдағы барлық топтардың мүддесін ескере отырып, мұқият қарастыру керек. Үкіметтің белгілі бір әзірлемелері бар. Келесі жылдың басында Үкімет маған нақты ұсыныстар береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев облысты сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту өзекті мәселе екенін айтты.
– Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің өндірістік қуатын ғана емес, аграрлық әлеуетін арттыру да аса маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ соңғы бес жылда елімізде жылқы саны 2 есе өсіп, 4 миллионға жеткеніне тоқталды. Осы орайда Қарағанды облысы көш басындағы аймақтардың бірі. Себебі бұл өңірде малды жазда өріске, қыста тебінге шығаратын жайылым көп.
– Дегенмен жердің бәрі толығымен елдің игілігіне жарап жатқан жоқ. Қазір бұл бағытта нақты жұмыстарды қолға алдық. Менің тапсырмаммен ауылшаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды. Республика бойынша игерілмей бос жатқан 20 миллионнан астам гектар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гектардан астам алқап қайтарылды. Соның ішінде 1,1 миллион гектар Қарағанды облысына тиесілі. Әлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда жайылым тапшылығы деген – еш қисынға келмейтін нәрсе, – деді Президент.
Президент білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Ұрпақтың сапалы білім алуына баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған. Ол бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жатыр.
– Алдағы 3 жылда осы өңірдің өзінде 28 мыңнан аса балаға арналған жаңа мектептер салынатын болады. Келесі жылы құрылыс басталады. Сондықтан жер телімін бөлу және оны коммуналдық желілерге қосу мәселесі қазірден бастап шешімін табуға тиіс. Бұл міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына облыс әкімі тікелей жауап береді. Үкіметке осы жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, медициналық білім беру жүйесін дамыту – басты міндеттің бірі. Қарағанды медицина университеті бүкіл еліміз үшін білікті мамандар даярлайды. Бұл оқу орнын дәрігерлер ұстаханасы деуге болады
– Құзырлы министрлік университеттер жанынан 5 аурухана салу туралы жоба ұсынды. Соның бірі Қарағандыда салынады. Университет клиникасының құрылысы келесі жылы басталуы керек. Оны заманауи құралдармен жабдықтау қажет. Клиника осы өңірде медицина ғылымын дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге тың серпін береді ден сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыстың спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталып, спорт инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуға мән берілуі қажет екенін айтты. Қоғамдық спортты дамытуға атүсті қарауға болмайды. Облыс орталығында, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда жұрттың спортпен айналысуына барынша жағдай жасау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қаланы одан әрі тұрақты дамыту үшін қосымша жылу көздері қажет екенін айтты. Осы ретте Үкіметке Қарағанды қаласының үшінші жылу желісінің құрылысына қажетті қаражатты шұғыл бөлуді тапсырды.
Сонымен қатар Президент жергілікті әкімдікке ЖЭС-тің жаңа күл төгу орнын жобалаған кезде, қала тұрғындарының пікірін ескеруді, үлескерлер мәселесін шешуді, теміржол жолдары мен өндіріс аймақтары бөліп жатқан қаланың сәнін келтіріп, ажарын ашу үшін қаланың жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен жасыл желегіне көңіл бөлуді тапсырды.
– Қарағанды еліміздің индустриялық локомотиві әрі білім мен мәдениет орталығы ретінде тұрғындарға әлдеқайда қолайлы қалаға айналуға тиіс. 2007 жылдан бері келе жатқан қаланың Бас жоспары әбден ескірді. Оны урбанистердің озық идеялары мен жұртшылықтың пікірін ескеріп, жан-жақты жаңарту керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Президент азаматтарды шешім қабылдау процесіне араластырмай, тұрақты даму болмайтынын ескертті. Азаматтар қоғамдық кеңестер арқылы әлеуметтік проблемаларды көтеруге, жұртшылықтың мүддесін қорғауға белсенді араласуға тиіс. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты болмақ.
Президент Қарағанды топырағы жер аударылып келген халық өкілдері мен сталиндік репрессия құрбандарының ортақ үйіне айналғанын, ал қазір осы өлкені мекендеген ондаған этнос еліміздің дамуына елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Оның пікірінше, әлем бұрын-соңды болмаған тұрақсыздыққа тап келіп, бір-бірімен жауығып жатқан заманда бірлік, ынтымақ, өзара құрмет пен жанашырлық секілді баршамызға ортақ құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау маңызды.
– Біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ ең басты көрсеткіші көк паспортымыз екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны. Сондай-ақ елімізді барлық сын-қатерлерден аман алып шығатын басты құндылықтарымызды біріктіреді, әділдіктің символы және ұлтымыздың келешекке ұмтылысын бейнелейді. Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды әрі құрметтейді. Бұл біздің Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған талай жылдан бергі теңгерімді әрі жауапты сыртқы саясатымыздың нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның халықаралық істерде жауапты және қарқынды дамып келе жатқан және өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылатын ел екенін, сондай-ақ әлемге кеңінен белгілі екенін айтты.
Қазіргідей араздық пен өзара сенімсіздік күшейген күрделі геосаяси ахуал кезінде бұл аса маңызды.
– Өздеріңіз білетіндей, жақында қыркүйек айында Қазақстанға келіп кеткен Рим папасы Франциск сөйлеген сөзінде елімізді кездесу мен диалог мекені, бейбітшілік пен адамзат баласының арасындағы бауырмалдықтың насихатшысы, бір-біріне құлақ асып, құрметпен қарайтын бейбітшілікті дәріптеуге күш салушы ретінде бағалады. Адамзаттың беделді әрі рухани көшбасшыларының бірі – Понтификтің бұл сөздері Қазақстанды өте дәл сипаттайды әрі құндылықтарымызды айшықтайды. Менің жүргізіп жатқан реформаларымның мәні – әрбір Қазақстан азаматына елімізді нығайтудағы өз рөлі мен маңызын сезіндіру, – деді Қасым Жомарт Тоқаев.
Сөзінің соңында Президент еліміздің жаңа саяси дәуірге қадам басқанын айтты.
– Жаңартылған Конституция негізінде басты саяси институттар қайта іске қосылады, барша азаматтардың игілігіне жұмыс істейтін, ашық әрі бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе қалыптасады. Біз үлкен жолға енді қадам бастық. Алда сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын түбегейлі реформалау міндеті тұр. Нәтижесінде заң үстемдігі мен тәртіп өміріміздің өлшеміне айналады. Құндылықтар қайта қаралып, еңбекті дәріптеу алдыңғы орынға шығады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар әрқашан қайнаған еңбектің ортасы саналған Қарағанды жұртының ел дамуына қосқан орасан үлесіне ризашылығын білдіріп, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, отаншылдыққа шақырды.
– Отаншылдық – мемлекеттілігімізді сақтаудың басты кепілі. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан қасиет жоқ. Туған халқыңа қызмет жасаудан артық бақыт жоқ. Отансүйгіштік дегеніміз – қызыл сөзбен ұрандатып, алаңға шығу емес, ел мүддесі үшін еңбек ету. Осы өңірдің біртуар перзенті Әлихан Бөкейхан «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген. Алаш қайраткері осылайша бәрімізді ел мүддесіне адал болуға үндеген, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Президент Қарағанды облысының бірқатар азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Үстел теннисі бойынша олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» КММ жаттықтырушысы – оқытушысы Эльмира Әлиева және «Қарағанды облыстық клиникалық аурухана» КМК бөлімше меңгерушісі Евгений Морозов «Құрмет» орденімен, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ цех бастығы Алексей Берг III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. «Арселор Миттал Теміртау» АҚ «Тентек» шахтасының учаске бастығы Артём Қасымовқа, «Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» ҚБ басшысы Ләззат Қожахметоваға, «Kazakhmys Coal» ЖШС «Горный» учаскесінің машинисі Александр Владимирович Комардаға «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!