«Балалар жылына» орай облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен ауқымды жұмыстар қолға алынып, көптеген игі шаралар өткізілуде. Соның бірі – білім басқармасының қала әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған «Kinotime» танымдық шараcы балаларға айрықша көңіл-күй сыйлады.
Бұл жолы балалар сырбойылық жомарт азаматтардың демеушілігімен аптаның бір күнін кинотеатрда өткізді. «Атамекен» отбасылық балалар ауылының және бірқатар мектептің оқушылары «Kinopleex» кинотеатрында болып, балаларға арналған қызықты отбасылық комедияны тамашалады. Сондай-ақ барлық оқушыларға сусындар мен дәмді тағамдар ұсынылып, ерекше тарту жасалды.
Балалардың фильмді тегін тамашалауына «Номат лайф» сақтандыру компаниясының облыстық филиалының директоры Қарғабай Ғани Болатұлы, «Биали ЛТД» ЖШС директоры Асхат Шаукенбаев және «Бастау.S.» компаниясының директоры Нұрлан Тұрғанбаев қолдау көрсетті.
– Біз балаларға қуаныш сыйлаудан ешқашан тартынып қалған емеспіз. Бүгін балалардың жүзіндегі қуанышты көріп, өзіміз де керемет әсер алдық. Әр бала бақытты болуға лайықты. Балаларға бүгінгі кинокомедия ұнаған секілді. Алдағы уақытта да осындай жақсы шараларды ұйымдастыруға дайынбыз. Жалпы кинотуындылардың балаларға беретін тәрбиелік, танымдық мәні зор, – деді «Номат лайф» сақтандыру компаниясының облыстық филиалының директоры Ғани Қарғабай.
Өз кезегінде «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тәрбиеленушілері мен қала мектебінің оқушылары кинокомедиядан алған әсерімен бөлісіп, тамаша көңіл-күй сыйлаған азаматтарға алғыстарын білдірді.
Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!