Болған оқиға ізімен
Ауыл өмірін суреттейтін тек тұмса табиғат емес, соның қатарында ата-әжелердің аңыз әңгімелері де бар. Әженің тізесіне бас қойған сәттен бастап жаугершілік заманды, ерлік оқиғаларын, ертегі, көрші-көлемнің бастан кешкен қызықтарын, сонымен қоса өмірде болған қорқынышқа толы тылсым оқиғаларды да еститініміз бар. Апам мұндай оқиғаларды Алланың атымен бастап, менің қорқынышымды сейілтіп, содан кейін қос алақанымен маңдайымды сипалап, әңгімесін бастайтын. Бірақ бұл жолы аңызға бергісіз ақиқат әңгіме айтқан еді. Денем түршігіп, дегбірім қашып тыңдадым…
«Дүниеде мақұлықтың түр-түрі кездеседі. Оның барлығы тек Аллаға аян. Жын-перілердің сән-салтанаты мазар маңы мен қоқыс қасында болады. Сол үшін кешке күн ұясына батқаннан кейін ондай жерлерге барма, қауіптен алыс болу керек. Кезінде есімі елге тараған құмар ойыншы болыпты. Ішкені ащы су, ұстағаны карта көрінеді. Содан кеш қарайған уақытта дүкеннен шығып, әлгі қоқыс маңына дәрет сындыруға барыпты. Сонда оны жас қыз кейпінде бір сұлу өзіне шақырып, бара бергенде көзден ғайып болып, алыстан қайта шақырып, өзімен бірге алып кеткен екен. Бір қараса ауылдан біраз ұзап кеткенін түсінген адам қанша тырысса да кері қайта алмайды. Өйткені оны жетек ертіп бара жатқан еді. Солай қалың ну арасына апарып, қырыққа таяған ерді біреу қылқындыра бастайды. Жан-жағында ешкім болмағандықтан ол аң-таң болып, жаны көзіне көрінген кезде аузына Алланы алып, бар даусымен айқайлай жөнелген. Тілін кәлимаға келтіріп, есінен тана жаздайды. Бойындағы мастығы бірден тарқап, не болғанын түсінбей дал болыпты деседі. Бірден ауылға қарай жүгіріп, таңғы төрттің шамасында табалдырығынан әзер аттапты. Ойында жалғыз сұрақ, ол – «жаңағы жын ба әлде жетек пе?». Аптығын басып, азан шақырылып жатқан мешітке асығады, жетіп жығылғанда, іштен молда шығып келе жатыр екен. Жын көріп, жаны шыға жаздағанын айтқан азаматтың бар уайымы осы оқиға тағы қайталанбауы болды. Сонда молда:
– Еее, бауырым, ондайға халқымыз жетек деп ат қойған. Жүрген жері лас, ішкені арам болған адам олармен тез достасып, соңында құрбанына айналады. Сен сол мақұлықтың маңында жүрген соң, әлбетте жаныңды алмай қоймайды, – деп, үрейін үдете түсіпті.
Енді не істерін білмеген маскүнем дұрыс жолға салынып, намазға бет бұра бастапты. Көп уақыт өтпей, достарының сөзінен әрі аса алмаған азамат баяғы өміріне қайта оралып, аз уақыт өтпей, сол «жетектің» жетегінде жан тәсілім еткен көрінеді. Міне, балам, сол сәттен бастап, ол ауылда ешкім ащы суды аузына алмайтын болған екен. Адам қанша жаман әрекеттерге әуес болған сайын жамандық пен жын-жыпыр сонымен бірге болып, өмірінің барлық берекесін қашыруға кіріседі», – деп, әжем әңгімесін аяқтады.
Апамның айтуынша, бұл оқиғаны өз әкесінен естіпті. Адам бойына жақсы қасиеттерді жиған сайын оның іс-әрекеті періштелердің пәрменінде, жақсылықтың жолында жүреді. Ал қаншалықты сасық мінез болған сайын ісі өнбей, нәпсінің құлына айналады. Бұл – үлкендер айтқан өнегелі сөздің келбеті. Атадан балаға мирас есебінде мал емес, өсиет-өнеге қалар болса, соның өзі есепсіз байлыққа жетелейтіні хақ. Біз өмір сүретін әлем тылсымға толы. Өмір иірімі өзің уақытты қалай өткізгеніңе байланысты бағыттайды. Жақсы жолда жүріп, жамандықтан алыстауымыз керек.
Е.ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!