Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халқының туған бағына, батыр баба Жанқожа

20.09.2022, 12:40 848

HALYQLINE.KZ

Тарихта азаттық үшін жан алысып, жан беріскен талай көтерілістердің болғаны белгілі. Солардың бірі – Қазалы өңірінде өткен Арықбалық шайқасы. Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған елдік жолындағы айтулы оқиғаға биыл – 165 жыл. Ал, Қазалы ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Жанқожа баба кесенесінің салынғанына тура 30 жыл болды.

Осыған орай бүгін Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр кесенесінде «Халқының туған бағына, батыр баба Жанқожа» атты рухани-танымдық іс-шара ұйымдастырылып, бабалардың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі етілді.

Мазмұнды іс-шара Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздарының театрландырылған қойылымымен басталды.

Әсерлі шыққан қойылымнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сахна төріне көтеріліп, құттықтау сөз сөйледі.

– ХІХ ғасырдың орта шенінде Ресей патша әскерлері Сыр бойына жетіп, 1853 жылы Қазалы бекінісін тұрғызды. 1856-1857 жылдары осы бекініс түбінде орыс патшасының озбырлығына қарсы Жанқожа батыр бастаған 7 мыңдай адам қатысқан көтеріліс болды. Ақтық шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Фитингоф бастаған жазалаушы әскермен Арықбалық жерінде өтті. Бұл көтерілісте біздің тарапымыздан көптеген адамдар қайтыс болды. Оларды мұздай қаруланған патша әскері жайратып салды.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батырдың біз үшін әрдайым бағасы жоғары тұрады. Биыл тарихта «Арықбалық шайқасы» деген атпен қалған көтеріліске 165 жыл толды. Ал, Қазалы ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Жанқожа баба кесенесінің салынғанына тура 30 жыл болды. Қазалылықтар үшін киелі орын Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қиын-қыстау кезеңде салынды. Соған қарамастан халық жұдырықтай жұмылып, кесенені аз ғана уақыттың ішінде өте сапалы етіп аяқтады. Сондықтан мен халықпен бірге болып, құрылыс жұмыстарына белсенді атсалысқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деген Мұхтар Әуесұлы бүгінгі іс-шара санада ауыр зардабы қалған сол Арықбалық шайқасындағы Жанқожа батыр бастаған сарбаздардың ерлігін дәріптеу, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, өткен тарихымызды қастерлеу мақсатында өткізіліп отырғандығын жеткізді.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы кесене құрылысына белсенді қатысқан бірқатар азаматы «Алғыс хатпен» марапаттап, халықтың атынан ризашылығын білдірді.

Танымдық іс-шарада Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов та құттықтау сөз сөйлеп, кесенені салу барысындағы жанкешті еңбекті, халықтық іске қазалылықтардың жұдырықтай жұмыла білгенін әсерлі етіп айтып берді.

Рухани іс-шара мұнан әрі жыршылар мен жазба ақындардың фестиваліне ұласып, өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: