Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордаға кәсіби футзал клубы керек

08.09.2022, 11:40 570

Тақырыпқа тереңдемей тұрып, әңгімені әріден қозғап көрейік. Жалпы, футзал – әлемде кеңінен танылып келе жатқан спорттың бір түрі. Иә, кәсіби футболға қарағанда көрермені мен бөлінетін бюджеті аз шығар, десе де елімізде футзалсүйер қауымның қарасы көп. Мұны футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Қайрат» футзал клубының әлемдік аренадағы жетістіктерімен байланыстыруға әбден болады. Футболда отандық клубтар әлемдік рейтингтің реңін келтірмесе де, алматылық футзал клубы үздіктермен үзеңгі қағыстырып, үдеден шығуда. Биыл ғана Нидерландыда өткен футзалдан Еуро-2022 турнирінің үздік бомбардирі атағын қазақстандық ойыншы Біржан Оразовтың алғанын жақсы білеміз. Ол жарыста жеті гол салып, екі нәтижелі пас берген еді. Бұл – қазақ футзалының жаңа парағын ашуға негіз боларлық оқиға. Әлемдік БАҚ мұны уақытында жарыса жазды. Әрине, бұл қуанышты жаңалықты кездейсоқтыққа балауға болмайды. Дегенмен, осы деңгейді ұстап тұру үшін, бұдан да жоғары жетістікке жету үшін қаржылай қолдау мен өзара бәсекелестік керек-ақ.

Қаржылай қолдау дегеніміз не, бәсекелестік ше? Кеше ғана әлеуметтік желіде Қазақстан футзал қауым­дастығының президенті Төлеуғали Тайтөлеевтің Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атына жазған хатының фотосы тарады. Онда еліміздегі футзалдың даму деңгейін айта келе облыс әкіміне Қызылордадан футзал клубын ашуға ықпал жасауын сұрайды. Әлгі айтқан қолдау – осы.

Қызылордалық спортсүйер қауым да футзал клубын жасақтайтын уақыт  келді  деп  отыр.

– Жылдан-жылға ел біріншілігіне қатысатын командалардың саны артып, бүгінде біраз облыс футзал клубын құрып, бәйгеге қосылып жатыр. Сондықтан, көштен қалмай Сыр өңірінің намысын қорғайтын футзал командасын жасақтайтын кез бізге де келді деп ойлаймын. Себебі, бүгінде аймақта шағын футболға деген қызығушылық өте жоғары. Талантты аяқдопшылар баршылық. Егер футзалдан Қазақстан чемпионатының бір кезеңі қаламыздағы «Евразия» спорт кешенінде өтсе, аншлагтың көкесі сонда болады! Ұлттық құраманың белді ойыншылары, елдің сүйіктісіне айналған Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Игита, Дугластардың шеберлігін тамашалаған қаншама мыңдаған баланың жігері жанып, футзалға деген құлшынысы арта түсері анық. Футболсүйер қауым да бұл идеяны қолдайды деп ойлаймын. Ең бастысы, үлкен футболдағыдай футзалға миллиардтаған қаржы кетпейді. Шағын бюджетпен команданы ел біріншілігіне қосуға болады, – дейді журналист Әділбек  Жақанов.

Бірнеше жылдан бері Қызылорда облысында футболдан әуесқойлар лигасы тұрақты түрде өткізіліп келе­ді. Биыл қаланың өзінде (аудандарды қоспағанда – ред.) 86 команда сапында 1700-ден аса ойыншы өнер көрсетіп жүр. Супер лига, А, Б, С, Д, 35+ (35 жастан асқан ойыншылардың лигасы) лигаларындағы әр ойын тартысқа толы. Сонымен қатар, соңғы жылдары қаламызда спорт кешендері мен футбол алаңдары көбейе түскенін байқау қиын емес. Ең бірінші спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесі өте маңызды. Балалар футзалын қалыптастыру үшін Сыр елінде кәсіби клуб құрып, қолдау білдірсе, Оразовты он орайтын оғыландар  шықпасына  кім  кепіл!?

Бұқаралық спортты дамытуда футзалдың, футболдың рөлі ерекше екенін бәріміз білеміз. Бүгінгі күні әуесқойлықтан кәсіпқойлыққа   ауысып  жатқандар  да  бар.

– Аймақта футзалдан әуесқой лига­ның әлеуеті артып келеді. «Зенит», «Кгэк», «Адам-арафат», «Азамат», «Абай-Дәулет», «Достар» секілді  командалар  республикада атой  салды. Облыс футзалының тағы бір жемісі – Нұрдәулет  Бөрібайұлы. 25 жастағы қақпашы қысқы трансфер терезесінде елордалық «Нұрсұлтан» командасының сапын толық­тырды. Нұрдәулет енді азулы «Қайрат», «Атырау», «Ақ­төбе» сынды футзал клубтарына қарсы матчтарда «Нұрсұлтанның» қақпасын қорғайды, – деп жазды «Қайсар» футбол клубының баспасөз қызметі  ресми  парақшасында.

ҚР президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында жасөспірімдердің спорттық әлеуетін арттыруға баса назар аударуды тапсырды. Онда бұқаралық спорт пен дене шынықтыруға, әсіресе балаларға көңіл бөлу, әрбір облыс пен аудан орталықтарында спорт секцияларын ашуға басымдық беру  туралы  айтылған  еді.

– Бүгінгі күнге дейін футболсүйер қауым тарапынан облыстық футзал командасын ашу бойынша көптеген ұсыныс-пікір айтылған болатын. Осыған орай, басқарма тарапынан ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта команда ашу жоспарда бар екендігін және бұл мәселе кезең-кезеңімен іске асырылатынын мәлімдейміз, – деп жазды Қызыл­орда облыстық мәдениет және спорт басқармасының  баспасөз  қызметі.

Иә, демек  сәл  де  болса серпіліс  бар  секілді.  Клуб құрыла  сала  чемпиондық мінберден  орын  алмайтыны анық. Ол үшін тәжірибе керек. Ал, футзалдың дамуы үшін балаларға баспалдақ керек. Баспалдақ  өзге  өңірлерде  бар, бірақ өзімізден басталса дейміз.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: