Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Индира Гандиді неге өлтірді?

07.09.2022, 9:00 549

HALYQLINE.KZ

1960-70-80 жылдары екі саясаткер қатынды, Британия премьер-министрі Маргарет Тэтчер мен Үндістан премьер-министрі Индира Гандиді қазақтар жақсы білетін еді. Тәуелсіздік алған Үндістанның 1947 жылы алғаш рет премьер-министрі болған Джавахаралал Нерудің (1889-1964) отбасында 1917 жылы Индира Неру дүниеге келді, көп адамдар фамилиясы бір болғасын Индираны Махатма Гандидің қызы екендігіне сенімді. Индира Англияда оқып келген соң, арғы тегі парсы Фероз Гандиге 1942 жылы тұрмысқа шығып, күйеуінің фамилиясына өтеді. Индира М.Тэчерден бұрын саясатпен айналысты. Үкімет басшысы әкесі Д.Нерудің көмекшісі болып СССР-ге жиі сапарға келгенде, Алматыда да ресми сапармен болды. Д.Неру Үндістанның үкіметін үздіксіз 1947-1964 жылдары басқарды. Әкесі 1964 жылы қайтыс болған кезде ақпарат министрі болатын, екі жылдан соң сайлауда премьер-министр болып сайланып, 1966-1977 жылдары үздіксіз үкімет басшысы болды. 1947-1977 жылдар арасында үнді-совет қатынасы жақсы болғандықтан біздің ата-аналарымыздан бастап біздерге дейін Радж Капур мен Митхун Чакрабортиге дейінгі үнді фильмдерін көріп өстік.

Индира үнді фильмдегідей ән салып, би билемесе де, өте қатал саясаткер болды. Индира үкімет басшысы болып тұрғанда елдің ішкі және сыртқы саясатын бірдей ұстады. Үндістан түрлі діни ағымдарға толы өте күрделі жағдайда болды, сыртқы саясатта Пәкістанмен соғысып отырды. Осы 11 жыл үкімет басқарғанда үлкен беделге ие болды. Әкесі Д.Неру 17 жыл басқарғанда «Ұлттың әкесі» деген мәртебе берілсе, қызы Индираға «Ұлттың анасы» деген мәртебе берілді. Алайда заман бір орында тұрмайтыны белгілі. 1977 жылғы сайлауда И.Гандидің партиясы жеңіліске ұшырайды. И.Гандиді жемқорлыққа қатысы бар деп, түрмеге қамағанмен, сотта өзін-өзі ақтап алды. Ұнжырғасы түспеген Индира қайтадан сайлауға дайындалып, өз командасымен 1980 жылғы сайлауда жеңіп шығып, қайтадан премьер-министр болып, өз үкіметін құрады. Елдегі саяси жағдай бұл кезде өзгерген болатын, түрлі экстремистік діни партиялар қарудың күшімен билік басына келуді көздеді. Солардың бірі сикхтардың радикалды экстремистерімен қарулы қақтығыс жиі болып тұрды. Сикхтардың жетекшісі Джарнаил Сикх Бхиндранвалал 1982 жылы сикхтердің қасиетті орны болып табылатын «Амритсар Алтын храмына» бекініп, өздерінің базасына айналдырып алып, үкіметке Пенджаб штатында сикхтердің Тәуелсіз Халистан мемлекетін құруды талап етті. Қасиетті храмға және ішіндегі зират етуге келген жүздеген бейбіт халыққа армия шабуыл жасамайды деп сенді. Бүкіл үнді халқы үшін қасиетті храмды қамалға айналдырып, қару жасайтын орын ашылғанын естігесін әрекетсіз отыру өте қауіпті еді. Оларға қарсы үнді армиясының 9-шы жаяу әскер дивизиясының күшімен «Көгілдір жұлдыз» операциясын дайындады. 1984 жылдың 5 маусымында храмға бекінген содырларға беріліңдер деп ультиматум қойылды. Олар бас тартқан соң шабуыл жасады. Қару-жарақ қоры мол сикхтар 4 күн бойы шайқасты, тек танкілермен шабуылға шыққасын жеңіліс тапты. Үнді үкіметі қақтығыста 83 әскерир мен 492 сикхтар қаза тапты, оның ішінде 30 әйел мен 5 бала болды деп мәлімдегенмен сикхтар жағы 10 000 адам қаза тапты деді. Бұл әскери «Көгілдір жұлдыз» операцияға рұқсат беруі Индира Гандидің басты қателігі болды, себебі үнді армиясында сикх дінін ұстанатындар көп еді, олар армиядан дезиртир ретінде жаппай қаша бастады. Қастандық жасалынатыны белгілі болып жеке күзеті күшейтілгенмен,14 сәуірде бір әскери адам пышақ лақтырып қасындағы күзетшіні ауыр жарақаттады, 25 маусымда Индираның саяси істер жөніндегі кеңесшісі, 38 жастағы кіші ұлы Санджай Ганди әуе апатынан қаза тапты. Ең бастысы, күзеттің құрамын сикхтардан тазартпады.

1984 жылдың 31 қазан күні Индира Ганди ағылшын жазушысы Питер Устиновке телесұхбат беретін еді, киініп жатқанда дене сымбатын толық қылып көрсетеді деп, оқ өтпейтін бронь-кеудешесін киген жоқ. Резиденциясынан шыға бергенде аяқжолға төселген кілемнің екі жағында тұрған сикх дінін ұстанатын күзетшілер Беант пен Сатвант Сикхтермен бас изеп амандасып өте бергенде, біріншісі револьвермен 3 рет атты, екіншісі автоматпен оқ жаудырды. Басқа күзетшілер жүгіріп келіп ағайынды екі күзетшіні атып өлтірді. Ауыр жараланған Индираны әскери госпиталға апарғанда денесіндегі 20 оқты алғанша тірі болды, бірақ 8 оқ жүрек, бүйрек, бауырына тигендіктен есін жимастан өліп кетті. Бүкіл Үндістан бойынша қанға-қан қағидасымен сикх дініндегі адамдарды жаппай ұрып өлтіре бастады, полиция тоқтатуға дәрменсіз болды.

Индустердің дәстүрі бойынша Индираның денесі Джамна өзені бойында өртелді. От тигізер алдында үлкен ұлы Раджив: «Менің анам бүкіл үнді халқы бір шаңырақтың астында өмір сүруі үшін өмірін берді»-деп елдегі сикхтерді өлтіруді тоқтатуын сұрады. Үлкен ұлы Раджив Ганди Үндістанның премьер-министрі болған соң, анасы Индираның бағытын жалғастырып жүргізуін ұнатпаған террористер 1991 жылы бомбамен жарып өлтіреді, ол өз алдына бөлек тақырып болады.

Суретте: И.Ганди мен оны өлтірген Беант және Сатвант.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: