Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал қаласында жәрмеңке өтті

05.09.2022, 9:00 719

HALYQLINE.KZ «Ауданымызда егістік көлемін арттыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленіп, биылғы жылы егін алқабын 800 гектарға, 2024 жылға дейін 3000 гектарға жеткізу жоспарланған болатын. Осы жылы ауданда егін егуді қолға алу, ауданды ішкі өніммен қамтамасыз ету бойынша берілген облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, елді мекендерде 100,2 гектар жерге егін егілді. Бүгінде еткен еңбектің нәтижесінде аудан орталығында жергілікті шаруалардың ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі бастау алды» деп хабарлайды Арал ауданының баспасөз қызметі.

Осы орайда, Арал қаласы «Шанхай» мөлтек ауданындағы темір жол өткелінің маңында ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал азығының жәрмеңкесі өткізілді. Арал ауданы орталығы жұртшылығының игілігіне бағытталған аталмыш іс-шарада кент және ауылдық округтерден 2,2 тонна ет (қой, сиыр, жылқы, түйе), 4,5 тонна балық пен балық өнімдері, бау-бақша дақылдары 6 тонна және 10-нан аса автокөлікпен мал азығы (жем-шөп) әкелініп, қолжетімді бағада сатылды.

Барлығы 20 тоннадан астам жергілікті шаруалардың өндірген өнімдері: бау-бақша, көкөніс дақылдары және мал азығы Арал қаласының тұрғындарына нарықтағы бағамынан 10-15 пайыз төмен ұсынылды. Жиналған халық жәрмеңкеге шығарылған ауылшаруашылығы өнімдері мен жем-шөп сатылымын ұсынған ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізіп, осындай шаралардың әрдайым жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Іс-шарада мал азығына ерекше мән берілгендігін атап өткен аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев: «Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – баға тұрақтылығын сақтап, мал ұстап отырған халыққа алдағы қыстан аман-есен шығуға жағдай жасау. Енді қыс мезгілі жақындаған сайын жем-шөп бағасының қымбаттатуы заңдылық. Ал, бұл шара мал азығын тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің бағаны тым шарықтатпауына өз септігін тигізіп, баға тұрақтылығын ұстап тұруға ықпал етеді»,- деді.

Мұнан соң, ұйымдастырылған жәрмеңке аясында сыр беткейдегі егін шаруашылығымен айналысатын Бекбауыл, Ақирек, Райым, Жетес би, Қосжар, Аманөткел, Жаңақұрылыс, Бөген және Қаратерең ауылдық округтеріне өткен жылы ауданда орын алған төтенше жағдай аясында үкіметтің резервнен 10 су айдау насосы табысталды. Ондағы мақсат – елді мекендерде егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларға және ауыл тұрғындарына қолдау көрсету.Алдағы уақытта Арал қаласының 95 жылдығы мерейтойына орай ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарда бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: