Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорған жазбалары

25.08.2022, 10:40 239

АУЫЛ   ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ  АУЫРТПАШЫЛЫҚТАР

Елімізде  ауыл шаруашылығы жыл сайын  дамып  келеді. «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық май жеген озар» деп ертеде айту­шы еді. Біраз жыл төңірегінде бұл тәмсіл­дің мәні жан бітірмей тұрған болатын. Алайда бүгінгі таңда бұл сөздің өміршеңдігін  аңғаруға болады.  Мем­лекет  басшысы  Қасым-Жомарт То­қаев Жолдау­ларында «Ауыл шаруа­шылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп айтып жүр. Бұған қоса, «Ауыл шаруашылығын технология­лық  тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қол­данатын  технологияның  шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныс­тар әзірлеуі қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвес­торларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын  түзе­тулер енгізілді. Бұл өзгеріс­тер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді.  Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агро­өнеркәсіп  секторына  оң  ықпал етеді. Соның  ар­қасында ауыл шаруа­шылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін» деп те кеңінен тарқатты. Бірақ ауыл шаруа­шылығындағы бірқатар мәселе мұнымен шешілген жоқ. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер әлі де бар. Әсіресе ауыл шаруашылығындағы субсидия мәселесі сергелдеңге салатыны рас. «Оң қолымен беріп, сол қолымен тартып алатын»  қаржылай  қолдауға елімізде жыл сайын қомақты қаржы бөлінсе де, дау-жанжалы бітпей келеді. Бұл жолы ауыл шаруашылығына қатысты айтылмай жүрген, бірақ шешілуі тиіс мәселелерді  сіз  бен  біз  болып  тарқатайық.

Бұл аудандағы Көктөбе ауылдық округінің тұсынан «Су тоспа» құрылысын салу қажет екен. Сырдария өзенінен су алатын «Келінтөбе» магистралды каналы 30 мың гектардан  аса  суармалы  егістік  жер­лерді  сумен қамтамасыз етіп отыр. Баспасөз турында Су ресурстары комитетінің бас жоспарына сәйкес «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы арқылы 30 мың гектарға  жуық егістік алқаптарын суландырудың негізгі  нысаны,  жалпы  ұзындығы 92 шақырымды құрайтын «Келінтөбе» магистралды каналының 9 шақырымы тазаланып, 217 мың текше метр топырағы шығарылғанын көрген едік. Сондай-ақ, 5 эксковатор, 2 погрузчик, 1 бульдозер, 4 жүк көлігінің көмегімен «Келінтөбе» магистралды каналының бойынан 3,9 шақырымы қазылып, тазаланған еді. Дегенмен, Сырдария өзенінен Жаңақорған ауданы, Көктөбе ауылдық округінің тұсынан «Су тоспа» құрылысын салудың маңыздылығы жоғары. Мәселен, бұл құрылыс жүзеге асырылса, ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесіндегі күріш дақылының үлестік салмағын 25-30 пайызға арттырып, инженерлік жүйеге келтірілген егістік жерді сақтап қалып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал азығын молынан дайындау және су тапшылығының алдын алар едік дейді мамандар. Бұл жоба ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің іс-шаралар Жоспарына енгізіліпті. Алдын ала жобалық есептеулер бойынша Сыр­дария өзенінің бойынан салынуды қажет ететін су тоспасы құрылысының  жобалық құны 30-35 миллиард теңгені құрап отыр. Су тоспасын салу жұмыстарын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен (мемлекеттік инвес­тициялық ұсыныс әзірлеу және оған экономикалық қорытынды алу, техникалық-экономикалық негіздеме және жоба-сметалық құжаттама әзірлеу) іске асырылуы қажет. Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев  бүй  деді.

– ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлының ауданымыз­ға іссапары кезінде Сырдария өзеніне Көктөбе ауылдық округі тұсынан жаңадан «Су тоспа» құрылысын салу жобасын жүзеге асыру үшін бұрынғы ҚР Премьер-Министрі А.Маминге қолдау хатын жазған болатын. Бүгін­де аталған жоба ҚР Үкіметінің тұрақты бақылауына алынған. Сыр­дария өзенінен Жаңақорған ауданы, Көктөбе ауылдық округінің тұсынан «Су тоспа» құрылысын салу жобасын жүзеге асыру үшін 07.12.2020 жылғы 01-4/8739 санды хатпен облыс әкіміне жолданған. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Бақтиярұлының ауданымызға іссапары кезінде жобаға қолдау көрсету ұсынылған. Бұл жоба Қазақстан Респуб­ликасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитетімен респуб­ликалық бюджеттен қаржылан­дыру арқылы  жуық арада жүзеге асуы тиіс, – деді  ол.

Бұған қоса, тік дренажды ұңғымалар қазу мәселесі де өзекті. Жаңа­қорған ауданы аумағында «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы теңгеріміне алынған 53 дана  тік  дренажды  ұңғыма бар. Атап айтсақ, Қандөз – 4, Қаратөбе – 3, Келінтөбе – 6, Аққорған – 7, Қожа­кент – 5, М.Нәлібаев – 3, Өзгент – 8, Жаңарық – 4, Қыркеңсе – 7, Сунақ­ата – 3 және Жаңақорған кенті – 3. Аталған тік дренажды ұңғымаларды қазу жұмыстары жүргізілмесе, егіс­тіктер, бау-бақшалар, жасыл екпелер, жеміс ағаштары ыза су көтерілу салдарынан қурап, экологиялық апаттық ахуал қалыптасуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл келең­сіз жағдай елді мекендегі тұрғын үйлер­ге де әсер етуде екен. «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиа­лының жоспарына сәйкес тиісті жұмыс­тар 2025 жылға жоспарланыпты. Ыза су басу жағдайларын ескерсек, аталған ауылдық округтердегі тиісті тік дренажды ұңғымаларды қазу жұмыстары кезек күттірмес күрделі мәселеге айналды. Егер бұл жоба жүзеге асырылса, 8880 гектарға жуық суармалы жер аяқсумен қамтамасыз етіледі деген пікірде сала мамандары.

– Ыза су басқан өңірлерде тік дренажды ұңғымалар қазу жұмыстарын жүргізу үшін облыс әкімдігіне, 10.03.2021 жылғы 01-4/1713 санды хатпен «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызыл­орда филиалына және ағымдағы жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хат жолданған. Алайда, аталған жұмыстар қолдау таппаған. Жұмыстар жобаға жетекші «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы мекемесі арқылы жүзеге асырылуы тиіс, – деді Талғат Зейдалиев.

Сонымен қатар, Тайпақкөл – Қандыарал көлдер жүйесіне қазу жұмыстарын жүргізу бүгінгі күннің өткір мәселесіне кіреді. Бұл жобаның ауқымы Жаңақорған кенті орталығы, жоғарғы және төменгі жақтарында орналасқан 11 елді мекенін қамтиды. Талғат Бимағанбетұлы бұл жобаның ел игілігі үшін маңыздылығын алға тартты. Ол бұл жоба жүзеге асырылса, ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін барлығы 8800 гектар алқап сумен толық қамтылатынын айтты. Және 5000 гектар жайылымдық, 2000 гектар шабындық жерлер қайта суландырылып, мал жайылымы жақсаратын көрінеді. Бүгінде су өткізу қабілеті төмендеп, көп жылдан бері суландыру жүргізілмегендіктен көлдер жүйесінің табаны қурап, аумақ­тың экологиялық ахуалы нашарлауда. Жайылымдық, шабындық жерлер қурап, мал суаттарының жойылуынан аурулар көбейіп, көлге қонатын құстар мекендерін ауыстырып, өңір ахуалының күрт нашарлауы ауыл тұрғындарының наразы­лығын  тудырыпты.

Қазіргі таңда  Тайпақкөл – Қанды­арал көлдер  жүйесіне  тех­ника-экон­омикалық негіздеме әзірленуде екен. Шынтуайтына келгенде, техника-экон­омикалық негіздеме 2019 жылы әзірленген болатын. Оның құны 6 миллион теңгені құрайды. Алайда Су ресурстар комитеті жеңімпаз болған «Қызылорда Жоба» ЖШС-не мемлекеттік сараптамадан өткізуге тиісті 320 000 теңге айырмасын аудармау себебінен мемлекеттік сараптамадан өткізілмепті. Сала жауаптыларының айтуынша, жалпы бұл жұмыстың құны 2017 жылы 1,3 миллиард теңгеге бағаланса, қазір құрылыс материалдардың қымбаттауына байланысты айырмашылықтар болуы мүмкін деп айтты. Бір ауданның өзінде бұл сала бойынша ауыртпашылықтар күрделене түсуде. Дегенмен, мемлекеттен қолдау тауып, күрмеуі шешілмеген мәселе шешімін табады  деген  үміттеміз.

(Соңы.  Басы  өткен  сандарда)

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: