Қайбір күні әлеуметтік желіде Қызылорда қаласында «Универсам» жанындағы кәріз құдығына түсіп кеткен 2 жастағы баланы бір бозбаланың құтқарғаны туралы ақпарат желдей есіп, фотосын жариялап, «Балалар жылының» батырын іздеген еді. Оны кеше «Сыр бойы» газетіндегі әріптестеріміз тапты. Сөйтсек, ерен ерлігімен дүйім жұртты сүйсіндірген жас батыр Арал ауданы Бөген ауылындағы қасиетті қара шаңырақ №20 З.Шүкіров атындағы орта мектебінің оқушысы Арман Аманжолов болып шықты.
Арман әріптесімізге оқиғаның қалай болғанын айтып берді. «Сыр бойы» газетінің жазуынша, «Ол Арал ауданы Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. Бес ағайынды, алдында екі тәтесі, екі ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында істейді екен.
Қызылорда қаласына оқуға құжат тапсыруға келіпті.
— Ол бала 2 жарым жаста анасының алдына түсіп зырғып бара жатты. Мен телефоннан әуен тыңдап келе жатқанмын. Кенет анасының жан даусы шықты. Қарасам екі аяғымен кәріз құдығына түсіп кетіпті. Бар ойым құтқару болды. Құдыққа түстім. Сол сәтте денелі бір аға жүгіріп келді. Ол бірінші баланы алды. Кейін мені шығарды. Балшық, сасық су екенін шыққан соң білдім, – дейді ол.
Арман қазір қоғамға нағыз қажет электрик мамандығын таңдаған. М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне» құжаттарын өткізіпті. Қорытындысын күтіп жүр. Көп балалы отбасынан шыққан батыр жігіт әлі оқу құралдарын алып, студенттік өмірге дайындалмапты. Көп балалы отбасынынан шыққан соң мүмкіндік болмай тұрған көрінеді».
Осы ақпарат жарияланысымен, Арал ауданы білім бөлімі де әлеуметтік желідегі парақшасына төмендегідей жүрекке жылы тиетін жазба қалдырды: «Бейбіт заманда ерліктің білекте емес, жүректе екенін дәлелдеп, болған оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалап қалған қаһармандар жетерлік.
Ашық аспан астында, бейбіт күнде өмір мен өлім қатар келген қас қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азамат бар қазақта. Ол батырлар жас пен кәрі болып ерекшеленбейді. Батыр – қай кезде де батыр.
Осындай ерен еңбегімен өзгелерге үлгі бола білген Арман көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жастайынан әкесі мен анасының қолғанаты, бауырларына қамқоршы боп жүрген Арманның бүгінгі ерен еңбегін мақтан етеміз.
Әкесі Жаңалық пен анасы Майра балаларын адал болуға, шыншыл, тәрбиелі болуға баулып отырады. Мектепте де ұстаздарының сөзін екі етпей, әркез тілалғыш, еңбекқор шәкірт екенін көрсетіп жүрген Арман ұстаздарының абыройын асқақтатып, ел мерейін үстем етіп отыр.
Жас ұрпақтың бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті сіңірудегі ұстаздардың тәлімін бойына сіңірген Арманның ел өркендеуіне үлес қосар азамат болатынына сенімдіміз».
Жарайсың, «Балалар жылының» батыры!
Әкесіне жұмысқа орналасуға жергілікті әкімдік көмектессе екен. Баланың өз басын қатерге тігіп көмектескені ерлік.Жарайсың !