Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҰБТ: нәтиже қандай?

14.07.2022, 11:40 621

Білім безбенінің шешуші бәсекесі де аяқталды. Сынақтың сұрағынан аман-есен өткен әр түлектің арқасынан үлкен жүк түсіп, күдік пен қорқыныштан арылды десек те болады. Дегенмен болашақ өмірге алғашқы қадамы болатын бұл тесттен оқушылардың балы асып та, түсіп те қалып жатады. Жоғары ұпай жинағандардың келешегі жарқын бола­тыны анық. Ал төмен балл алғандар бұл өмірден сүріну сынағы емес екенін ұққаны абзал. Иә, әйтеуір «уф» деп жаңа өмірге аяқ басты біздің мыңдаған  түлегіміз.

Кезінде ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматқа ауысуы оқушыларды үрейлендіріп, сарыуайымға салдырғанымен, Білім және ғылым министрі оңтайлы шешіммен түлектерге зор мүмкіндік сыйлады. Бір қуанарлығы, қазір оқушылар күнін, жерін, уақытын өзі белгілеп, сол мезетте балын біле алады. Ол аз десеңіз, бүгінгі түлектер екі мәрте грантқа тест тапсырып шықты. Бұдан кейін де бұл бағдар жалғаса ма, ол – уақыт еншісінде. Талапкер болашағы үшін істелген жұмыстардың барлығы құптарлықтай деп айтуға келе­ді, бірақ артықшылығымен қатар кемшілігі де бар деуге болады.

ҰБТ – оқушының ғана емес еліміздің келе­шегі үшін жасалатын маңызды мәселе. Иә, елеулі сала­лар­дың  бірі – білім  жүйесінде  біздің  облысымыздан қанша түлек түлеп ұшып, ҰБТ-ның «төңкерісінен» қалай өтті екен?  Аймағымызда  17 маусым мен 5 шілде аралығында өткі­зілген Ұлттық бірыңғай тес­тілеу өз мәресіне жетті. Облыс бойынша 7 506 оқушы мектеп бітірсе, сынақ  тапсыруға  ниет білдірген түлектердің    6 452-сі немесе 87%-ы ҰБТ-ға қатыс­ты. Биылғы Ұлттық  бірыңғай  тестілеу Қызыл­орда қаласы мен Жаңақорған  және  Қазалы  аудан­дарындағы 3 пунктте жүргізілді. Тесттің  әділ өтуіне байланысты арнайы мониторингтік топ құрылып, аудиторияларда бейнебақылау камера­лары жабдықталып, үлкен экраннан тест барысы тікелей эфир арқылы көрсетілді. ҰБТ қорытындысы бойынша тес­тілеуге тіркелген азаматтардың  87%-ы  емтиханға  қатысты. 815  талапкер 100-ден жоғары балды жинаса, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бір деңгейде болып тұр. Ал 416 тестіленуші 49 балдан төмен алып, шектік  деңгейден өтпеген. Сондай-ақ, тест уақытында шектік ұпай бо­йынша өзгерістер орнатылмаған, тек құқық бағытында шектік балл 75-ке көтерілген. Сонымен қатар, ерекшелігі бар оқушыларға қосымша 40 минут берілді. Ендеше, тест тапсырып, шектік балдан асып, 137 балл алып, арманына біртабан жақындаған талапкердің  сөзіне  үңілейік.

– ҰБТ-да  физика-математика пәнін таңдап, 137 балды қанжығама байладым. Бұл – бірінші тест сынамасынан алған ұпайым. Болашақта IT маманы болғым келеді. Сол үшін Сүлеймен Демирел университетіндегі IT мамандығын таңдап отырмын. ҰБТ-ның жаңа форматта  тапсырып шығу өте жеңіл болды. Себебі, жазбаша бояп отыру уақытымды алатын еді. Ал ҰБТ өзіме қатты қиын болмады. ҰБТ-ға де­йін сынақ тесттердің бәрінен өтіп, дайындалып, тақырыптардың барлығын қайталап отырдым. Екінші сынақты еш дайындықсыз барып тапсырып көргім келді. Ол тесттен 127 балл жинадым. Жетпей қалған 3 балға еш өкінішім  жоқ. Ең  бастысы,  дайындығым ақталды. Болашақ түлектерге де айтарым ең алдымен өзіңе ұнайтын мамандықты таңдап, алдыңа нақты мақсат қой және сол бойынша  дайындықты үзбеу керек, – дейді облыс бо­йынша ең жоғары балды жина­ған №101 мектеп-лицейдің  түлегі  Дәулет  Омаров.

Айта кетейік, облыста ең алды болған 137 балды Қызыл­орда қаласы бойынша №101 мектеп-лицейдің түлегі Дәулет Омаров иеленді. Сол секілді 134 балды Жаңақорған ауданының түлегі Алуа Ахмети, 133 балды  Қазалы ауданының қос түлегі Аяулым Әзен мен Іңкәр Смағұл жинаса, Қармақшы ауданынан Қара­қат Қани­бекова 132 балға ие болды. Ал, Арал ауданының екі түлегі Аршын Әбдіхалық пен Сымбат Жақсылықова және №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатының түлектері Нұрдаулет Бергенбекұлы, Шаһида Қайырбек, Ернұр Дүйсенбек 131 ұпай жинап, жоғары  нәтиже  көрсетті.

Облыс мақтанышына айналған Дәулеттің таңдауындағы  мамандық  еліміз бойынша техникалық мамандықтардың  ішінде ең таны­малы болып отыр. Ұлттық тестілеу орталығы директорының  айтуынша, қазақстандық түлектер арасында ең таңдаулы мамандықтар: бірінші орында – IT бағыты, екіншісі – тіс дәрігері мамандығы, ал үшінші орында педагогикалық  мамандық  тұр.

– Бейінді пәндердің қорытындысы бойын­ша талапкерлердің 27%-і техникалық мамандық­тарға түсу үшін физика-математика комбинациясын тапсырған. Техникалық мамандық­тар  арасында  ең беделдісі – ІТ. Екінші орында 18%-і – химия-биология. Бұл жерде стома­тология ең көп сұранысқа ие. Үшінші орында – педа­гогикалық мамандықтар, – деді Ұлттық  тестілеу  орталығының дирек­торы Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде  өткен  баспасөз  мәслихатында.

Тағы  да  айта кету керек, 2022-2023 оқу жылдарына  арналған білім  грантын  бөлу тізімі жария­ланды. Оның ішінде, магистра­тураға 13000-нан аса, докторантураға 1800-ден астам грант бөлінген. Ал бакалавриатқа 73000-нан аса грант бөлініпті. Соның ішінде техникалық  салаға  ерекше  басымдық  берілген.

Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрігі анық­талатын білім­нің негізгі бәйгесінде білгендер маржаннан, біл­местер арзаннан баға алатыны белгілі. Сондықтан, білім – қымбат, оны білу қиын  екенін  ұғы­найық. Бабың мен бағыңа қарай байқап көрген тестілеу нәтижесіне емес, таңдаған мамандығыңнан жаңылыспаған  дұрыс.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: