Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұмыт бола бастаған дәстүрлер

02.07.2022, 18:00 414

HALYQLINE.KZ Дәстүрге бай халқымыздың ұмыт бола бастаған дәстүрлері.

СЫЙЫТ

Ежелгі дәстүрде қайтыс болған адамның тұтынған киімдерін оның сүйегін жууға кірген, яғни, халық тілімен айтсақ, «сүегіне кірген» адамдарға марқұмның атынан киім үлестіреді: бас жағына түскенге бас киімін, ортасына түскенге шапанын, аяғына түскенге етігін (шұлғауымен) атап, таза, тұтынылмаған киімді үлестіретін салт болған.

Бұған қосымша өзі қатарлас адамдарға басқадай ұсақ киім, көйлек және басқа кәде қоса ұсынады. Егер киімі берілмей, үй-іші қараулық жасаса, аруақ жалаңаш жүреді деген сенім

ӘМЕҢГЕРЛІК

Әмеңгерлік – күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан қағидаға айналып, заң нормасы ретінде қалыптасқан. «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген мәтелдер осы дәстүрдің куәлігі іспетті.

Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. «Жеті жарғы» нормаларында ері қайтыс болған жесірдің елден кетпеуін, күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің әмеңгері деп аталған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яғни, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаны ашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмей, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.

ҮМЕ

Қазақстанның кей жерлерінде, көбіне маусымдық шөп шабу кезінде үмеге шақыру дәстүрі болған. Көмекке келгендерге берілетін ас «үме» деп аталған. Үмеге жақын туысқандар да мал беріп, қымызын әкеліп, тағы басқа көмек көрсеткен. Үме кезінде ұйымдастырушылар тарапынан шөп шабындығына үй тігіледі де, ас әзірленеді. Ас ішіліп, желінгеннен кейін аяқ жағы той-думанға ұласқан. Кейде үлкен үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған.

БӘСІРЕ

Шаңырақта ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп атау салты болған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Қазақ халқы бәсіресі бар баланың да есейе келе малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп пайымдаған.

АУШАДИЯР

Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Қазір Қазақстанда аушадияр айтылмайды.

Қарапайым, тұрмыстық сөздерге құралғандықтан, ол тез жатталады:

Аушадияр бір болар,

Жаманның көңілі кір болар.

Ата-анасын сыйлаған,

Ақ шалмалы би болар.

Аушадияр екі дер,

Ержеткеннің еркі дер,

Омырауы толған он түйме,

Қыз баланың көркі дер.

Аушадияр төрт болар,

Қыздың қойны өрт болар.

Екі жақсы қосылса,

Өле өлгенше серт болар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: