Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туберкулез дерті өршуі мүмкін

20.05.2022, 10:40 4047

HALYQLINE.KZ

Адам денсаулығы қоршаған орта мен тыныс-тіршілігіне тікелей байланысты. Яғни айналадағы шаң-тозаң, бактериялардан қорғануымыз керек деген сөз. Иә, ауа арқылы таралатын жұқпалы аурудан сақтанбасақ, кез келген адамға жұғуы мүмкін. Олай дейтініміз өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақ бойынша туберкулез ауруының өршуіне байланысты облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзім брифинг өткізді. Онда туберкулезге қарсы бағдарламаның бақылаулы жүргізілуінің нәтижесі мен ауыратындардың пайыздық көрсеткіші жайында баяндалды.

– Облыста соңғы 10 жылда туберкулез дерті 2 есеге азайды. Дегенмен де, әлемді шарлаған Covid-19 пандемиясына байланысты туберкулездің алдын алу, ерте анықтау жұмыстары соңғы 2 жылда сәл бәсеңсігені байқалады. Туберкулез таяқшасы ауа арқылы таралып, 85 пайыз тыныс алу ағзаларын зақымдайды. Ал, коронавирустан кейінгі өзгерістер өкпеге тікелей байланысты болғандықтан, иммундық жүйенің төмендеуі туберкулез жұқтыруға бейім факторлары болып табылады. Сонымен қатар, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары алдағы 2-3 жыл көлемінде туберкулез аурушаңдығы 10-15 пайызға өсетінін болжайды, – деді Әбдіғабит Әбләзімұлы.

Өңірімізде туберкулез аурушаңдығы 2021 жылмен салыстырғанда ағымдағы айға шаққанда 12 жағдайға көбейген. Оның ішінде 54 пайызы – қауіп төндіретін жұқпалы туберкулез түрі. Сондай-ақ, биыл алдыңғы жылға қарағанда туберкулезден қайталап ауырғандар саны 29 адамға өскен. Өткен жылы қайтадан ауырғандар ішіне  94 адам тіркелсе, бүгінгі күні 124 ауру анықталған. Денсаулық – тек жеке бастың емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Сондықтан, әрдайым саулық сақтықта екенін ұмытпаған жөн.

Ал, үлкендер арасында жұқпалы індеттің күшейгені байқалғанымен, балалар арасында туберкулездің 38,2%-ға төмендегені анықталған.

– Иә, балалар арасында туберкулез аурушаңдығы азайып келеді. Оған себеп, Манту сынамасы оң нәтиже көрсеткені белгілі. Сонымен бірге балалар ауруының асқынуына байланысты Диаскинтест сынамасын қолдану қамтылып отыр. Алайда ата-аналар тарапынан түсінбеушіліктер туындап, Диаскинтест сынамасына қарсылық білдіруде. Дегенмен, бұл сынама туберкулездің таралуын тежеу үшін, туберкулез инфекциясын жұқтырғандарды ерте анықтап және оның алдын алып, емдеу үшін өте маңызды, – дейді облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері.

Сондай-ақ, облыс бойынша 4 айда туберкулезден қайтыс болу көрсеткішінің де төмендеу қарқыны бар. Биыл өлім-жітім 14,2%-ды құрап отыр. Бас дәрігердің айтуынша, елімізде туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу тегін және мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Профилактикалық жұмыстарға, яғни жоспарлы іс-әрекеттерге тоқталатын болсақ, бастапқы медико-санитариялық көмек ұйымдарымен бірігіп, тұрғындар арасында туберкулезді ерте анықтау, алдын алу жұмыстары арнайы тізім негізінде жасақталып, флюорографиялық тексеру және туберкулинодиагностика жоспар бойынша жүргізілуде. Облыс бойынша емдеу мекемелері профилактикалық байқаулар өткізуге барлығы 39 флюороқондырғымен жабдықталған. Аймағымызда 2018 жылдан бастап дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған туберкулездің көптеген дәрілерге тұрақты түрін емдеу үшін жаңа туберкулезге қарсы препараттарға қолжетімділік қамтамасыз етілді, емдеудің түрлендірілген қысқамерзімді жеке режимдері енгізілуде.

 Туберкулез проблемасы кез келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін. Сондықтан күрестің сәтті болуы әр адамның жеке ұстанымына тікелей байланысты екеніне назар аударайық. Ең бастысы, аурудың алғашқы белгілерінде дереу дәрігерлік көмекке жүгіну керек. Дерт дер кезінде анықталып, үздіксіз емделсе, толық жазылады. Туберкулезден айыққан адамдар оқып, жұмыс істеуге, дені сау балаларды дүниеге әкелуге және басқаларға қауіп төндірмей толық өмір сүруге қабілетті. Туберкулез індеті туралы ақпарат қоғамға кең тарап, халық бұл ауру туралы хабардар болған сайын елімізде туберкулезді тоқтату мәселесін шешу жеңілдей түседі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: