Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үреймен өмір сүрген батыр

21.05.2022, 11:00 666

HALYQLINE.KZ

Елена Мазаник (1914-1996) – Белоруссия гауляйтері Вильгельм Кубені өлтіргені үшін Совет Одағының батыры атанған партизан қыз. Мазаниктің осы ерлігі туралы 1958 жылы «Түн жарымында сағат тоқтап қалды» атты кино түсірілсе, бертін келе «Гауляйтерді аулау» атты сериал түсірілді. Мазаник соғыс алдында Минскідегі Совнарком асханасында официат болып істейді, немістер қаланы басып алғанда осы асхана немістердің асханасына айналды. Гитлердің сенімді өкілі Вильгельм Кубе бүкіл Белоруссияның билеуші-гауляйтері болып келгенде, Мазаникті оның асханасына аспазшы әрі бала күтушісі қылып жұмысқа алады. Сол кезде «Коля ағайдың» партизандар отрядынан байланысшылар келіп тыңшылық жұмысқа тартады. «Коля ағай» деп жауды шатастыру үшін әдейі аталған еді, партизан отрядының командирі, кейін Совет Одағының батыры атанған Петр Лопатин еді. В.Кубені өлтіру үлкен кек қайтару акциясы болатынын біліп ұйымдастыру жолдарын қарастырды. Бірінші нұсқа тамағына у беріп өлтіруді қарастырғанмен, екі қабат әйелі Анитамен шиеттей балаларының жазығы жоқ деп, екінші нұсқа мина қойып өлтіруге шешім қабылданды. Елена Мазаникті Вильгельм өзінің отбасының бір мүшесіндей санағандықтан, корзинадағы киімдердің астына минаны жасырын әкелу еш қиындық туғызбады.

1943 жылдың 22 қыркүйегінде түнгі сағат 00:40-та Кубенің кереуетінің астына қойылған сағатпен іске қосылатын мина жарылып, Минскідегі 50000 тұрғынын атқызуға бұйрық берген басты фашистің күлі көкке ұшты. Совет барлау огандарының ұйымдастырған 30-шы қастандығы осылай сәтті аяқталды. Оны іске асырған Е.Мазаникке Совет Одағының батыры атағы берілді. 1946 жылы партия қатарына өтті, жоғары оқу орнын бітіргесін кітапхана саласында қызмет істеді. Алайда, батыр партизан қыз өзіне сенім көрсеткен Кубені өлтіргені үшін өзін өмір бойы кінәлімін деп есептеп, олар тарапынан кек қайтаруы мүмкін деп өмір бойы үреймен өмір сүрді. Соғыстан соң Кубенің әйелі Анитадан хат алғанда, хат уланған болуы мүмкін деп ашуға да қорықан, тек арнаулы мамандар хатты тексеріп болып оқуға бергенде, одан сайын күйзеліске түсті. Хатта Анита күйеуін өлтіргеніне кек сақтамайтынын айтып, құдай ол күні сендер жағында болды деп жазған еді. Анита Кубе 98-ге келіп бертін келе қайтыс болды. Ал, Мазаник болса қорыққанынан күйеуге де шыққан жоқ, өлтіріп кеткен жағдайда балаларым жетім қалады деп, тіпті өзі тұратын пәтерін де жиі ауыстырумен болды. Ақыры қартайып әлі кеткенде, сіңлісінің қызын қолына алды, ол да тегін емес пәтерді соның атына аударғасын ғана, дәрменсіз апасына тамағын істеп күтім жасап жүргендей болды. 1996 жылы Мазаник 82 жасында қайтыс болғанда Совет Одағының батыры алтын медалін базарға апарып сатып жіберді.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: