Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімге бөлінген көңіл

12.05.2022, 10:40 550

Өткен аптада ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова арнайы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Ол аймақтағы бірқатар білім нысандарын аралап, қазіргі оқу орындарының тыныс-тіршілігіне көз  жүгіртіп, оқушылардың білімі мен біліктілігіне назар салды. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлымен кездесіп, өңіріміздегі  білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Аймақ басшысы облыс бойынша мектептер салу, мұғалімдердің айлық жалақысына қаражат бөлу, ғылым саласын дамыту, дарынды балаларды қолдау, оған қоса ерекше балалар үшін тиісті жағдайлар жасала­тынын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев берген тапсырмалар аясында облысымызда жұмыстар қарқынды түрде орындалып  жатқанын, білім ошақтарын жүйе­лі  жетілдіруде  екенін  жеткізді.

– Кез келген мемлекеттің дамуы тікелей білім және ғылым саласына байланысты. Сондықтан бірінші кезекте білімге ерекше көңіл бөліп келеміз. Биыл 6 мемлекеттік, 3 жеке мектеп­ті пайдалануға береміз. Сонымен қатар, 2 апатты және 2 үш ауысымды мектеп мәселесі жыл соңына дейін шешілетін болады. Жеке мектеп салуға ниетті инвесторлармен әрдайым байланыстамыз, – деді  облыс  әкімі.

Шолпан Таңатқызы да білім саласындағы ортақ шешімдерді бірлесіп, ақылдасып жұмыс істеуге мүдделі екенін және білім және ғылым министрлігінің қолдауы қашанда дайын болатынын айтты. Иә, оқу ордасы, білім дәрежесі бойынша қандай жағдай болса да мемлекет тарапынан үлкен қолдау күтіп, үміт артатынымыз  анық.

Іссапар барысында бірінші вице-министр қаладағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің ұстаздарымен жүздесіп, талапты оқушылардың жұмысымен танысты. Бұл білім ошағының оқушылары «Ғылыми идеялар аллеясы» көрмесін жасап, Шолпан Таңат­қызының көңілінен шыға білді. Сондай-ақ, жаңа технологиямен жабдықталған обсерватория, киностудия, Biomaster, Bioflowers, Stem лабораториясына да айрықша таңданыс білдірді. Мектептегі шахмат, тоғызқұмалақ, стол теннисі, баскетбол ойыны, бассейн және көркем-эстетика бағытындағы би үйірмелерінің талантты оқушыларымен әңгіме-дүкен құрып, бағындырған белестеріне құттықтау сөз айтып, ізгі  лебізін  білдірді.

Келесі музыка мен көркем еңбек мұға­лімдерінің, көркем-эстетикалық бағытындағы қосымша білім беру педагогтерінің съезі аясындағы секция бойынша отырысқа қатысты. Аталмыш жиын мектеп-лицейдің қабырғасынан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында да өткізіл­ді. 17 өңірден 350 мұғалім қатысып жатқан секция жұмысына Шолпан Каринова сәттілік тілеп, ұстаздар қауымына зор сенім артылатынын  айтты.

Бұдан соң білім және ғылым бірінші вице-министрі балалар жылына орай ұйым­дастырылған балалар арасындағы шахмат фести­валінің ашылу салтанатына қатысты. Одан бөлек интеллектуалды доданы облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменова, облыс­тық білім басқармасының басшысы Ақзи­ра Қасымова, «KazPetrol Group» ЖШС бас директоры Ержан Какимұлы мен Сыр елінің мақтанышы, шахматтан Әлем және Азия  чемпионы  Әсел  Серікбай  тамашалады.

Қызылорда облыстық білім басқармасының жоспарымен және «KazPetrol Group» ЖШС-ның қолдауымен өтіп жатқан ақ-қара ойынына еліміздің 12 өңірі мен облысымыздың аудандарынан барлығы 300-ге жуық шахматшы қатысып, өз өнерлерін ортаға салуда. Мектеп жасындағы балалар арасында шахмат ойынының таралуына, балалардың интеллектуалды дамуына ықпал жасап, шахматшылардың шеберліктерін дамытуды мақсат еткен сайыс 6 күнге жалғасатын болады. Айта кете­йік, 6-12 жас аралығындағы балалар жас ерекшеліктеріне қарай «Ең жас шахматшы» атағы үшін  бақ  сынасады.

– Бүгінде қосымша білім берумен қамту бойынша белсенді жұмыс істеудеміз. Елімізде балалардың спортпен, шығармашылықпен айна­лысуына  мүмкіндік  мол. Қазіргі таңда Қызыл­орда  облысында 176 771 оқушы болса, оның 139 536-сы мектеп жанындағы қосымша біліммен қамтылып жатыр. Басқармамен бірлескен жұмыс аясында бұл көрсеткіштер алдағы уақытта да ұлғаятын болады. Айта кетейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Сондықтан барлық игілігіміз балаларға арнала­ды. Осы  ретте бүлдіршіндер үшін бүгінгідей үлкен фестивальді өткізуге қолдау білдір­ген демеушілерге, жанашыр  азаматтарға, спорт  функционерлеріне, ұйымдастырушыларға алғысым­ды  білдіремін. Жеңістеріміз көп болсын!, – деді  ҚР  Білім  және  ғылым  бірінші  вице-министрі.

Сонымен бірге, Қызылордада «Edcrunch Headmaster» атты мектеп директорларының арасында ұйымдастырылған І республикалық конкурсының қорытынды кезеңі өтті. Байқауд­ың нәтижесі бойынша бас жүлдені Қызыл­орда  қаласының атынан қатысқан №101 мектеп-лицейінің директоры Айгүл Алтынбекқызы жеңіп алды. Жерлесіміздің жеңісіне вице-министр Шолпан Таңатқызы айрықша  құттықтау мен  ізгі  тілегін  білдірді.

Жұмыс бағытымен Шолпан Кари­нова қаламыздағы М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжіне барды. Іргетасы сонау 1932 жылы қаланған білім шаңырағына биыл толғаулы 90 және білім ұясы есімін 1952 жылы иеленген Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға 100 жыл толып отыр. Осы орайда облыс әкімінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауы­мен, облыстық білім басқармасы мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжі «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» атты республикалық патриот жастардың форумын өткізді. Бұл форум республикаға танымал оқу орны тарихының жарқын беттерін насихаттау арқылы жас ұрпақ бойында өздері таңдаған білім ордасы үшін мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, осынау жылдар жыл­ға­сындағы табыстары мен жетістіктерін елмен бөлісу мақсатына негіз­делген. Іс-шара барысында ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі колледждің материалдық базасы мен атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, форум аясында жарық көрген «Білім шамшырағы» атты кітаптың презентациясына қатысып, салтанатты түрде лентасын қиды. Осынау мерейлі күндер қарсаңында өткізілген жиынға келген құрметті қонақтар оқу орнын мерейтоймен құттықтап, Мәншүк Мәметованың ескерткішіне тағзым жасады. Мұнан әрі «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңы», «Білім нұры» атты педагогикалық сабақтастық галереясы, «Құзіреттілік орталығы», «Көркем еңбек» шеберханасындағы кіріктірілген  сабақтар  мазмұнымен  таныстырылды.

– Баршаңызды қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың 100 жылдық, батыр есімімен аталатын киелі білім шаңырағының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ерекше атап өтетін жайт, батыр есімін иелен­ген Қызылорда педагогикалық жоғары коллед­жі бүгінде білікті педагог мамандар даяр­лайтын облыстағы іргелі білім шаңырағына айнал­ды. Ғасыр­ға жуық тарихында бұл оқу орнын мыңдаған шәкірт бітірді. Оның ішінде саналы ғұмырын еліміздің ағарту саласына арнаған, 2000-жылдары ҚР Білім және ғылым министрі болған Шәмша Беркімбаеваның осы оқу орнының түлегі екенін зор мақтанышпен айтуға болады. Бүгін, міне, алдымызда тұрған студенттеріміз де ертең үлкен өмірге жолдама алып, еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек ететін болады. Осы игілікті сапарда барлық студент жастарға табыс, форум жұмысына сәттілік тілеймін. Барлық ұстаздар қауымына үлкен еңбектері үшін алғысымды айтамын!, – деді Шолпан Таңатқызы.

Ал «Достық» үйінде өткізілген жастар фору­мына облыс әкімі мен вице-министр және басқа да облыстардың педагогика мамандығы студенттері, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар, белсенді жастар, танымал колледж түлектері келді. Форумды модератор, «Qazaqstan» телеарнасының тележүргізушісі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі түлегі Ғалымжан Кеңшілік жүргізді. Форумда Шолпан Таңатқызы колледж студенттерімен ашық сұхбаттасып, ұсыныстарын тыңдады. Форумға қатысушылар колледж қабырғасында түрлі тақырыптық алаңдар мен секция жұмыстарын талқылады. Әр мамандықтың студенттері жеткен жетістіктерін атап өтіп, жасаған жобалары бойынша министрліктен қолдау керек екенін айтып өтті. Атап айтатын болсақ, информатика мамандығының 4-курс студенті Руслан Бақбергенов цифрлық технологияға негізделген «Үйден оқыту: виртуалды сынып» тақырыбындағы өз жобасын ұсынып, нәтижесімен бөлісті. Бұл жоба барысының басталуы вице-министрді қуанта білді. Себебі ерекше жандар үшін арнайы жасалған жобаның бастамасы жаман емес. Облыс әкімі мен министрлік тарапынан міндетті түрде көмек көрсетілетінін Шолпан Каринова  зор  қуанышпен  жеткізді.

– Жастармен жүздесіп, ой бөлісетін әрбір кездесудің маңызы мен үшін ерекше. Жастарға қолдау көрсету – біздің жұмысымыз ғана емес, басты міндетіміз. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламалардың барлығы олардың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталып отыр. Облыс әкімінің халықтың әлеуметтік осал және көпбалалы отбасы­ларына арналған гранты 2 есеге артып, биыл 200-ге жетті. Кәсіпкерлікпен айналысам дейтін жастардың жобаларына облыстық бюджеттен  70 млн теңге бөліп отырмыз. Мұнан бөлек, спортпен шұғылдануға да жағдай жасалуда. Тек қала, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де спорт нысандарының саны артып келеді. Біз қай кезде де жастардың баста­маларын қолдауға әзірміз, – деді Нұрлыбек  Нәлібаев.

Форум аясында «Мәншүк стипендиясы» өз иесін тапты, ол Биназар Алиханқызына бұйыр­ды. Мәншүк батырдың есімін жас ұрпаққа насиха­ттауды түрлі бағытта өнегелеп келе жатқан колледж студенттерінің алған асулары көп, жетер  жетістіктері  әлі  алда екенін білеміз.

Сонымен қатар, «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» тақырыбында музыка, көркем еңбек пәндері мұғалімдерінің және көркем-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің съезі өтті. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдас­тыруымен өткен съезге Білім және ғылым министрі Шолпан Кари­нова мен еліміздің барлық аймақтарынан келген 350-ден астам музыка, көркем еңбек пәнде­рінің мұғалімдері, әдіскерлер, министрліктің өкіл­дері, жоғары оқу орындары және педагоги­калық колледж оқыту­шылары, біліктілікті арттыру институтының мамандары қатысты.  Жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жүргізіп, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Карино­ва, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сайраш Жиенбаева, Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Сәтпаев атындағы №61 орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Мұхаметқан Ахметжанов, Алматы қаласындағы Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның музыка пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеу­ші Медет Қасым­баев және Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Ұзынағаш ауылындағы өнер мектебінің» дирек­торы Жанар Ермек­баева музыкалық және көркем еңбек пәнде­рінің білім беруі бо­йынша баяндама жасап, жақсы ұсыныстарын жеткізді. Съезд барысында педагогтер музыка, көркем еңбек пәндерін мектепте оқытудың өзекті мәселелерін және өнер мен мәдениетті насихаттау арқылы қоғамдық сананы рухани тұрғыдан жаңғырту мәселелерін қозғап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Шолпан Таңатқызы музыкалық және көркем еңбек бойынша білім беру тұжырым­дамасын қайта қарап, сондай-ақ оқу бағдарламаларының мазмұны оқушыларды ынталандырып, олардың пәнге деген қызығу­шылығын арттыруы тиіс екенін атап өтті. Съезд қорытындысы бойынша білікті музыка және көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің ұсынысына сәйкес жаңадан тұжырымдама жасалып, түрлі деңгейде­гі іс-шаралар, олимпиадалар өткізілетін болды. Әр облыстан келген педагогтер вице-министр­мен естелік суретке түсіп, съезд соңында батыр қыздың ғасырлық мерекесіне орай келген меймандарға арнап «Моншақ» қойылымы ұсынылды. Елі үшін ерлікпен қаза тапқан Мәншүк қыздың өмір жолы көрер­мендерге  өзгеше  әсер  беріп, еріксіз  көзге  жас  әкелді.

Иә, облысымызға вице-министрдің келуі өте қуанарлық жағдай болды. Өз кезегінде ұсынылған жобалар мен білім саласының одан әрі дамуына елеулі үлес қосып, жарқын жобалар  қайта  қаралатынына  сеніміміз  мол.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: