Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ізеті мол қазақтың келіндері-ай…

05.05.2022, 10:20 938

«Әдепті келін – ауылдың көркі» деген тәмсіл қай кезде де қазақ халқында маңызды. Халқымызда келіннің орны мен рөлі өзінше бір бөлек. Сондықтан ертеден жатжұрттық болатын қызды ақ босаға аттап, аяулы жар, әдепті келін атанасың деп қырық үйден тыйым салып отырған. Халқымыз қашанда келін болатын қызға ұрпақ жалғас­тырушы, әулеттің құт-берекесі, ұлт болашағының ұйыт­қысы деп қараған. Қыз тәлімін анасы қолға алып, түзге емес, үй шаруасына икемді қылып өсірген. Нәзікжанды болғандықтан табиғатына сай мейірімді, сыпайы, әр ісіне ұқыпты болуын қадағалаған. Шырайлы қыздарымыздың етек-жеңін жиып, ұзынынан көйлек пен белдемше кигізіп қалыптастырған. Осының барлығы қыздың ертеңі мен ұлттың келешегі үшін емес пе? Әрине, осылайша қазақ келін тәрбиесі арқылы тұтас ұлт ұрпағының жауап­кершілігін  жүктей отырып, келін дәрежесін жоғары ба­ғалаған.

Келін атанып, жаңа табалдырық аттау қыз бала үшін үлкен мәртебе болып саналады. Десе де, жаңа түскен келінге қойылар міндеттер мен талаптар да аз емес. Таң сәріден ерте тұрып ата-ене мен жолдасының қамын ойлап, баптау  келіннің – ең алғы қызметі. Тұрмыс құратын қыз балалардың бірінші ойлайтын қорқынышы «Енем қандай адам болады екен..? Тез сіңісіп, көңілдерінен шыға алсам ғой» дейтіндері белгілі. Барған жерінде тастай батып, судай сіңу – келін үшін абыройлы парыз. «Жақсы келін – келі, жаман келін – келсап» демекші, жаман келін атанбауына ең алдымен отбасындағы тәрбие әсер етсе, екіншіден, қайын ененің де тәлім-тәрбиесі ерекше рөл атқарады. Жаңадан түскен келіннің жүріс-тұрысын, білмегенін үйрету ененің міндетіне кіреді. Сондай-ақ, құрсақ көтеріп, балалы болған келінге ененің берер кеңестері мен жәрдемдері аса маңызды, қосар үлесі үлкен болып табылады. Міне, осыдан ене мен келін арасында сыйластық артып, отбасындағы береке-бірлік үстем болады. Иә, келін ұлттың болашақ ұрпағын өмірге әкелетін жан болғандықтан,  оның  өзі де ибалы, инабатты, әдепті болуы шарт.

 Қазақта келін ұстанатын ырым-тыйымдар өте көп. Соның бірі, жаңа түскен келін қайын сіңлілері мен інілерін, әпкелерін атымен атай алмайды. Оларды «Еркежан», «Ерке қыз», «Мырза аға», «Мырза жігіт» деп атап, өзінің көрегенділігін, ұяңдығын білдіреді. Бұны келіннің отбасына деген ерекше сыйластығының үлгісі деп білеміз. Сонымен қатар, келінге пысық, ұқыпты, шебер, іскер, жөн-жосықты айыра білуі аса құнды. Қыз баласы келін болғаннан бастап басынан орамалын тастамай тағып жүруі керек. Себебі, әйел орамал тақпаса, арын ұмытады деген наным бар. Сондай-ақ, келін күнде туыстарына сәлем салып,  қабағын шытпай, көзін төмен түсіріп жүруі қажет. Бұл  оның  сыпайылығын, тәрбиелілігін  көрсетеді.

  Қазақ «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп бекер айтпаса керек. Біздің ұлт үшін қайтып келген қыздың қадірі жоқ деп саналады. Сол себептен де қыздардың қайтып оралуын қош көрмеген ел-жұртпыз. Қайтып келген қыз бүкіл рулы еліне, ауыл-аймағына, отбасына көлеңке. Қыз – өз үйінде қонақ. Төркінге келген қызды төрге шығарып, сыйлағанымыз тамыры кеңге жайыл­ған текті әулет екеніміздің дәлелі. Сондықтан тұрмыс құратын уақытында бойжеткеннің санасына «өзіңмен бірге бар әулетіңнің абыройын арқалап бара жатырсың» деп сіңіріп отырған. Осындай ертеден бергі келе жатқан тәлім-тәрбиенің арқасында біртұтас бірлігі жарасқан, қаймағы  бұзылмай  сақталған  ел  болып  отырмыз.

  Бірақ, «Келін жақсы болса, үйіңе көп кісі келеді. Келін жаман болса, келген кісі кеткісі келеді» деп Шал ақын айтқандай, бүгінгі күнгі кейбір келіндердің бойы­нан қазаққа тән іс-әрекеттер былай тұрсын салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды да көрмейтініміз өкінішті. Көпке топы­рақ шашпаймыз, қазір көп келіншек өзінің келіндік орнын ұмытып, түскен шаңырағын билеп-төстегісі келе­тіні жасырын емес. Біздің қазақта бірден жаңа түскен келінді сынап, жасаған тамағын, істеген тірліктеріне баға беріп, әр қимылын қадағалау қанға сіңіп қалған десек те болады. Бұл әрекеттің кесірі көп отбасының шаңырағын шайқалтатыны да анық нәрсе. «Келіннің аяғынан» деген­дей, жаңа түскен келіннің жүріс-тұрысынан, бойындағы ізеттілігінен оның тәлім-тәрбиесі, адамгершілігі айқын көрініп тұратыны сөзсіз. Сондықтан да қазіргі кезде үлкен­деріміз ақыл-пайымы бар, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген қыздарды таңдайды. Қынжылтатыны заман басқа деген ұғыммен келіндер қазір өздерін еркін ұстайтын болған. «Заман талабына қарай адамы» демекші, қазіргі жас келіндердің тәртібі бұрынғы апа-әжелеріміздей жандардың әдебіндей болса ғой… Келіндік өмірдің жарқын үлгілерін көрсеткен деп Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованы айтсақ болады. Қазақы келін бейнесі әлі күнге дейін сақтаулы Зейнеп апамыздың ашық  мінезі  мен ізеттілігінен батыр Бауыржан атамыздың мақтан  тұтарлықтай келіні болғаны анық көрінеді. Қазіргі  келіндерге жөн  сілтеп, білген ақыл-кеңестерін айтып, жас енелер мен келіндерге нағыз үлгі болардай тұлға. Өйткені, Зейнеп апамыз – қазақ келіндерінің бет бейнесі, кескін-келбеті. Осындай асыл жандардан өнеге алсақ, болашақта  келінімізге  ғибратты жолдан тәлім бере  алатын  ене  болатынымызға  сенімдімін.

Келін дегенде бойынан қазақы тәрбие, сыпайы қимылы үйлесіп, айрықша нәзіктік, әсемдік болғаны абзал. Қазіргі келіндерімізден мұндай қасиеттер жоғалып бара жатқандай. Десе де, «ел ішінің бәрі бірдей емес»  дегендей, көпшілігіне де ұқсас қарай алмаймыз. Ескінің  көзін көріп, сөзін естіген  келіндер  өзінің бия­зы  екенін көрсетеді. Дегенмен,  байырғы  ата-баба салып кеткен даңғылмен жүрмейтін отбасылардың халі баршамызға аян. «Тәрбие – тәлімнен» демекші, көне тәлімді арқалаған әрбір келінді осы кездің  нағыз  саналы  әрі  қадірлісі  деуге  саяды.

Қорытындылай келе, білімі мен біліктілігін қатар ұстап, зеректігінің арқасында үлкен отба­сының ардақты да сыйлы әрі ерке келіні атану – барлық қыздардың қалауы. Ол үшін кез келген келін болып, ана атанып, ұрпақ тәрбиелейтін қызға үлкеннің айтқан әрбір ақыл-пайымына құлақ түріп, пейілді дұрыстау керек деп ойлай­мын. Қазақтың барлық ғажап қыздарына өнегелі отаудың өрісін кеңейтетін, салиқалы ұрпақ­ты дүниеге әкелетін, салмақты да сүйікті келін  болуды  тілейміз!

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: