Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституцияны адам есімі, адам факторынан ада жасау керек

26.04.2022, 10:00 580

HALYQLINE.KZ

Елімізде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түбегейлі саяси реформалар бастады.

Реформалардың мәні – халыққа, азаматтарға тиесілі мемлекет тетіктерін қайтарып беру.

Халықтың басым көпшілігі бұл реформаларды қолдап отыр.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы халыққа, елге тиесілі, азаматтардың еншісі болып табылатын Қазақстанның экономикалық игіліктерін де қайтарып беру процесін бастады.

Қазірдің өзінде кейбір активтер мемлекетке қайтарыла бастады. Бұл да халықтың Президентке деген сенімін ұялатып отыр.

Коррупцияға қарсы күрес протекцияның ортасы, ойраны болып алған ат төбеліндей топтың халықтан тартып алған активтерін қайтарудан басталды.

1Көш жүре түзеледі1, барлық халықтық материалдық-экономикалық игіліктердің мемлекетке қайтатын күні де алыс емес.

Саяси реформалардың түп тамыры – Президент жариялаған Конституциялық реформа. Ол реформа басталып та кетті.

Реформада халық шешімін күтіп отырған түйткілді мәселелер де бар.

Ол бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты Конституциядағы баптар.

Жобада Бірінші Президенттің құзыреті жөніндегі баптар толығымен алынып тасталған. Бұл дұрыс деп ойлаймын.

Президент дегеніміз – мемлекеттік институт. Сондықтан, Конституцияда Президент институтының ғана құзыреті қаралуы керек.

«Елбасы-Бірінші Президент жөніндегі» заңда күшін жоюы керек.

Заман өзгеріп кетті.

Қоғамның сұранысы басқа, азаматтар тарихи, әлеуметтік әділеттілікті талап етіп отыр.

Геосаяси жағдай өте күрделі, осындай аумалы-төкпелі заманда елді ұйыстыратын, мемлекетті біріктіретін амал іздеу керек.

Бүгін жоғарыдағы мәселе халықтың берекесін қашыратын, ызаландыратын дискурсқа айналып барады.

Тарихи әділеттілік тұрғысынан қарайтын болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде мемлекеттің бұғанасының қатаюы үшін ерен еңбек етті!

Шекараны шегендеу, Астананы Ақмолаға көшіру, күрделі кезеңде елімізде тұрақтылықты сақтап тұру.

Мықты адамның ғана қолынан келеді.

Бұл – тарихи шындық!

Дегенмен уақыт өте көптеген келеңсіздіктерге де жол берді.

Отбасына ие бола алмай қалды, халықтың экономикалық еншісін ат төбеліндей топқа үлестіріп берді.

Жеке басқа табынуға да жол берілді.

Халқы ойсырап жатқанда өзі, туыстары зәулім сарайлар салды.

Бұл да анық.

Жаңа тарихта бүгінгі Қазақстанның шекарасын анықтап кеткен, Қазақстанның бүгінгі шекарасына «субъектность» берген Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков екендігі белгілі. Бұл шекараны қорғап қалған Ж.Ташенов.

Қазақстанның бүгінгі экономикалық келбетіне үлес қосқан Қ.Сәтбаев, инфрақұрылымды салдырған Дінмұхамед Қонаев. Дінмұхамед Қонаевтың бүгінгі келбеттегі Қазақстанның бүкіл қалаларын салдырған еңбегін қалай бағаламаймыз?

Оларды да басты құжатқа енгіземіз бе?

Бұл аспект Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік кезеңіндегі еңбегі еленбеуі керек деген сөз емес.

Бірақ біз ол кісінің еңбектерін бағалай отырып, «асыра сілтеп» жіберсек, болашақ ұрпаққа қандай үлгі береміз?

Сондықтан Конституцияға келгенде біз өте сақ болуымыз керек.

Конституцияда тек адам, мемлекет, қоғам, заң, мораль постулаттары болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Қазақстанда жүргізіліп отырған саяси реформалар еліміздің болашақ дамуының контурын сызып қана қоймай, еліміздің консолидациясының басты құндылығы болуы керек.

Саяси реформалар мына күрделі кезеңде дау-дамайға алып келетін мәселелерді реттеуі керек.

Осы тұрғыда мен Конституцияны адам есімі, адам факторынан ада жасау керек деп есептеймін.

Тазалықты, адалдықты осы реформадан жасайық!

«Тура биде туған жоқ».

Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихтағы роліне келетін болсақ, сөз жоқ, ол кісі – ерен адам, үлкен кісі.

Сондықтан еңбегі де зор, қателігі де аз болмады.

Тарих ол кісіге өзінің бағасын береді.

Сол тарихи бағаның дұрыс, оңды болуы үшін өткен қателіктерді тезірек жою керек.

Ерлан  САИРОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: