Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Совет Одағы маршалдарын халық қалай атаған?

17.04.2022, 10:00 640

HALYQLINE.KZ

Халық атақты адамдарды өздерінің қойған аттарымен атаған, мысалы, М.С.Горбачевты «Горби», ал К.У.Черненконы «КУЧер» (арбакеш) деген, сондай-ақ Совет Одағының маршалдарын да былай деп атаған:

М.Н.Тухачевскийді (1893-1937) «Бегомот» деп атаған, бұл атақ оған мектепте оқып жүргенде танылған, бірге оқыған С.Островский былай деп естелік жазған: «Мишамен күрескенде оны ешкім орнынан да қозғай алмайтын, ол өте ірі және өте күшті болатын, екінші жағынан бет-әлпеті төрт бұрышты бегомотқа ұқсайтын сондықтан оны бегомот деп атап кеттік».

С.К.Тимошенконы (1895-1970) «Жеңіліс маршалы» деп атаған, себебі Жоғары Бас қолбасшы Сталин қай майданды басқаруға жіберсе де, үнемі Қызыл Армия жеңіліп отырған. Смоленск пен Киевтің жау қолында қалуына тікелей Тимошенко кінәлі, әсіресе Киев түбінде 650 000 совет әскері тұтқынға түсті. Сталин Тимошенконы ерекше құрметтегені үшін ату жазасынан аман қалды.

К.К.Рокоссовскийді (1896-1968) «Қанжар генерал» деп атады. Москва, Сталинград, Берлин үшін шайқастардағы жаудан айласын асырып қанжар сұғып алғандай тырп еткізбегені үшін осылай атаған және солдаттардың мүмкіндігінше қаны аз төгілу концепциясын басты назарда ұстаған, сондықтан болар, өзінің мемуарын «Солдатский долг» деп атаған.

Г.К.Жуковты (1896-1974) «Жеңіс маршалы» деп атаған, 1941-1942 жылдардағы ауыр шайқастарда, адам мен техниканы сақтай отырып жаумен шайқаса отырып шегіну тактикасын енгізді, Москва, Ленинград, Сталинград, Курск, Берлин үшін шайқастардың жоспарын жасады, совет жерлерін жаудан азат ету үшін «Багратион», «Яссы-Кишенеев» т.б. көптеген операцияға басшылық жасады. Сонымен қатар тағдыры өте қайғылы болды, оның беделінен Сталин, Хрущев, Брежнев қорықты, оны «үйқамақ» жағдайында ұстады. 1942 жылы Сталинград түбінде жауға соққы беру үшін «Уран» операция жоспарын жасағанмен, оны іске асыруды Сталин Рокоссовскийге тапсырды, ал Жуковтың «мен ше?» деген сұрағына «Сізді ставка Ленинград майданына жіберген дұрыс деп шешті, ондағы жағдай өте ауыр» деді. Ал, шындығында Сталин совет солдаттарының «Жуков қайда болса, жеңіс сонда болады» деген сөздерін НКВД басшысы Берия талай рет жеткізген болатын. Соғыстан кейін Жуковты Одесса мен Свердловск әскери округінің басшысы қылып жіберді, Берия Жуковтың көзін құрту үшін неше түрлі айып тағып қамауға рұқсат сұрағанмен, Сталин «мен Жуковқа сенемін, маған қарсы шықпайды» дегенмен, атағынан қызғанып Москвадан қашықта ұстады. Хрушев маршал Р.Я.Малиновскийдің «Жуков өсіп келе жатқан Бонопарт» деп жеткізген сөзінен қорқып, дереу отставкаға жіберіп, орнына сөз тасыған Малиновскийді Жуковтың орнына СССР Қорғаныс министрі қылды. Брежнев билік құрған кезде Совет Армиясының құрамында болмаса да, әскерилер арасындағы Жуковтың беделінен өлердей қорқып үйқамақта ұстады, тіпті маршал жазып жатқан 4 томдық мемуарына «мені енгізбесе, шығармандар» деген ауызша нұсқау берді. КПСС ОК идеология бөліміндегі хатшылардың бірі осыны айтқанда: «Мен соғыс кезінде полковник Брежневті көрмек түгіл естіген де жоқпын, оны қалай кітапқа енгіземін?» дегенде, әйелі Галина: «Егор, сен Брежневті мемуарына кіргізбесең, кітабың ешуақытта жарық көрмейді, өздерінің жазып бергенін енгіз, халық бәрібір ол жерін оқығанда сен жазбағанын біледі» дегесін амалсыз көнеді. Осы мемуарын шығару үшін ЦК-ның есігін тоздырып қайта-қайта барып жүргенде идеология бөліміндегі дұрыс та амандаспаған жас кадрға «сен ең құрығында тұрып амандаспайсың ба? Соғыс кезінде менің алдымда армия генералдары мен майдан қолбасшысы маршалдар да тік тұрған» дегенде, қорқып кетіп орнынан тұрғанда: «солай түргеліп тұр мен шығып кеткенше» деп есіктен шығып кетеді. «Естеліктер мен Есімдегілер» деген 4 томдық  мемуары шыққанда сатып алу кезегі бірнеше шақырымға жетті және бірнеше рет халықтың сұранысымен қайта жарық көрді.

Жуков қайғылы тұлға болғанын жоғарыда айтқан себебім, СССР тараған соң Жуковты айыптаған мақалалар шықты. Сондағы басты тағатын айыбы Берлин қаласын аларда совет әскерінің көп қырылғандығы, сол кезде Жуков «солдат не жалеть, бабы еще нарожают» деген сөзді айтты деп, «Жеңіс маршалын» ең аяғы «мясник» (қасапшы) дейтіндер көп болып, қазір сондай көзқарас қалыптасты. Бұл сөзді айтқан Жуков емес, 1941 жылы Москваны қорғауға қатысқан 2-ші екпінді армияның қолбасшысы болған, кейін немістерге сатылған армия генералы А.А.Власовқа: «Бірінші кезекте соғыс техникасын қоршаудан алып шығуда солдаттарды аяма, қатындар әлі туып орнын толтырады» деп, Жоғарғы Ставка өкілі маршал К.Е.Ворошилов айтқан болатын. Ал Берлинді Одақтастардан бұрын 1 мамырға дейін алу керек деп Жоғары қолбасшы Сталин тапсырған болатын, осыны бұрмалау тарихи тұлғаға қиянат болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: