Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыздан абайсызда шыққан сөз…

07.04.2022, 9:20 760

* Ағайша 19 жасында өзімен тетелес жігітке тұрмыс құратынын айтып, анасының алдынан өтті. Шешесінің шекесі тырысып қалды: «Не болды, байсырап өліп барасың ба? Керек емес ол қу сирағың, оңды-солыңды танып ал, қалталы еркекке тиесің!» деп шорт кесті. Ағайша да қарап қалмады: «Ал, мен онда ешқашан байға тимеймін! Отырам омалып сенің қасыңда!» деп қойып қалды. Содан бері 40 жыл өтті. Ағайша 60-қа табан тіреді. Шешесі – 85-те. Екеуі ғана отыр…

** Әлихан ауырып, ауруханаға түскен. Сол емдеу мекемесінде «санитарка» болып жұмыс істейтін жүзі жылы қызға ғашық болды. Қыз да мұның сезімін бағалап, екеуі әп-әдемі жұптасып жүрді. Сезім мен сыйластықтары кісі қызығарлықтай еді. Әлихан әке-шешесіне үйленгісі келетінін айтты. Әкесі: «Кімнің қызы? Бізбен терезесі тең бе?» деп сұрады. «Санитарка? Еще әкесі жоқ?! Әркімнің түкірігін жуып жүргенді біздің үйге әкелесің бе? Жоқ! Мен тірі тұрсам ол қыз табалдырығымнан аттамайды! Маған төс қағыстырып құда болатын толық отбасынан шыққан келін керек! Болды, сөз бітті!». «Санитарка» қыздың жеңгесі: «Лайым сол сасық көкірек әкесі төс қағыстыра алмай жер қапсын!» деп салды. Текетіреспен төрт жыл да өтті. Әке арманы орындалды. Өзінің досының қызы бұл үйге келін болғалы тұр. «Құда-құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген» деп әндеткен әйелдердің ырғағымен екі құда төс қағыстырғалы тұрғанда Әлиханның әкесінің жүрегі қысылды. Сол күйі төс қағыстырмай о дүниелік болып кетті.

*** Қоқыс арасынан бөтелке, банкі жинап, оны өткізіп, күнін көретін бір отбасы бар еді. Екі ұл, бір қызы бар. Әлгі қызы ылғи: «Мен ертең ең ақылды, ең әдемі қыз болам, күшті деген университетке түсем, шетелге кетем, мама-папаға үлкен үй салып берем, бауырларыма магазин ашып берем!» дейтін. Сенесіз бе, сол қыз жақсы оқып, Түркияда грантпен университетке түсіп, оны тамамдап, шетелде тағылымдамадан өтіп, бақуатты жігітке күйеуге шығып, әке-шешесіне зәулім үй салып, інілеріне дүкен ашып берді.

Сөз – құдірет деп бекер айтылмаса керек.

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: