Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күлкім келмейді

01.04.2022, 11:15 778

HALYQLINE.KZ

Әзіл  әңгіме

Орынсыз жерде күлгенді суқаным сүймейді. Босқа ыржалақтаған базардың ортасында дәрет сындырғандай ерсі нәрсе ғой, өзі. «Күлкі – арсыз» деп заңдастырып алып, беталды шиқылдағанның несі жақсы дейсіз.

…Қапты сүйретіп ішке ене бергенім сол еді, төрдің төбесінде талтайып тұрған кісі шудасы түскен түйе секілді ырғайдай мойнын онан әрі соза қисиып күлсін. Мән бермедім. Несіне алаңдайын, о шәлтігіңді танымаймын да ғой. Өз жұмысымды бітірсем, өзгеде не шаруам бар? Келесі затымды да бұрышқа қоя беріп, көзім түсіп кетті. Әлгі неме құлағы қалқиып, бет-аузының быж-тыжы шыға әлі ыржиып тұр екен. Тіфә, түрің құрығыр! Несіне жетіседі-ей? «Өзінің боғын көрмей, өзгенің шоғын көретін» қу ма қайдам. «Пошымыңа қара» деп сөзбен бір нұқып жіберейін деп тұрдым да, ақымақтықтың ала-құласы болмайды ғой дедім де, аузымды ауыртпадым. Қолында селебе пышақ, балық аршып тұр. Осы үйдің құл-құтаны секілді ме, немене? Онысына қарамастан нағашысы базардан келгендей ыржалақтаған күлкісі анау. Тұрысына жұмысы үйлесіп тұрса кәні. Әй, мақау-ай!

Қоржын-қошқалақтарымды тасып болысымен, үсті-басымды қаға, қақпаға қарай жылыстап бара жатыр едім, әрі сұлу, әрі толық үй иесі жеңгей:

– Қайда барасың? – деп қатқыл сөзбен қалт тоқтатты.

Прожекторға түскен қояндай бүрсеңдеп қалдым-ау деймін. Толық қатын әбжіл қимылдап, үрпиіп тұрған менің қолыма қанжардай пышақты ұстата берді.

– Еттің бәрін бұзып, тұздап, қазысын тығып, сонан соң кетесің. Шалалық болса, бастығыңа айтамын, – деді ол.

«Жазған құлда жан бар ма?». Серіктестіктен автофирмаға айналған біздің шаруашылыққа бөлемнің құрдасының құдасы бастық болып келгелі сенімді кісіге айналып «важный» жерлерде жүретінмін. Бүгін де ерекше тапсырмамен ертелетіп келіп, мына жағдайға тап болып тұрмын. Кеше басекең:

– Дедей, өзіңе ғана сенемін. Жаңа келген аудан әкіміне сый-сияпаттың реті келіп тұр. Осы ту биенің етін үйіне апарып берсең, – деген.

Бай мен байдың, әкім мен әкімнің арасында жорға мініп, дорба тасу кім көрінгеннің қолынан келер іс емес. Өзіме-өзім риза болып, марқайып тұрғаным сол еді. Бірақ Алатаудай көңіліме, замдиректор деген дап-дардай қызметіме қарамай әкімнің жансаясы мені құс салғандай ыммен жетектеп, әлгі шыққан жеріме қайта айдап келді. Сарай ма, асханасы ма, іші сап-салқын жер екен. Өзім қаптаған етті мұнда қайта төгіп, пысылдап жатсам, баяғы мойны ырғайдай бәлекет әлі ыржиып тұр. Менен көзін алмайтынын айтсаңшы. Жыным мұндай келмес. Орынсыз жамау секілді тіптен жараспай тұр.

– Сойған түлкідей неменеге ыржалақтайсың? – дедім ақыры шыдай алмай. Анауың сасатын көрінбейді.

– «Тілегенге сұраған» дегендей сен де мен секілді сәлемдеме сүйреген сорлысың ғой. Өзің құдай болмаған соң көрген күнің осы. Қармаққа жақсы іліндің. Серік болғаныңа қуанып тұрмын. Нешауа, – деп балығын кескілеп, кеңк-кеңк күлді.

– Нешауаға не дауа. Кесапат қатынның «дайын асқа, тік қасық» мына қылығын-ай! Әкеп берген нәрсеге өзі де шамалы еңбек етсе, бірдеңесі кете ме, – деп алдымдағы білем-білем етті ызалана осып-осып жібердім.

Қалқан құлақ «балықшы» ырқ-ырқ күліп болар емес. Көмгенде күлгір найсап! Ұялмаған ұялтады дегендей, менің күлкім келер емес.

1997 жыл.

Нұрмахан  Елтай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: