Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚМДБ: Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталады

25.03.2022, 11:50 1009

HALYQLINE.KZ

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі өтті.

Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – ерекше ай. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Осы айда мейлінше қайырымдылық іс-шараларды көбірек атқаруға шақырамын» деді.

Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын атап өтті.

Басқосуда «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин қасиетті айда атқарылатын қайырымдылық іс-шаралар туралы Бас мүфтиге баяндады.

Айта кетсек, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ.

Айтқандай, биыл пітір садақа мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал, ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы пітір мөлшері республика бойынша 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасы негізінде бекітілгенін қаперге салды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: