HALYQLINE.KZ Көктемнің алғашқы айында күн райы мың құбылып, әзірге жылы қабақ танытпай тұр. Солтүстік аудандарда қар аралас жаңбыр жауып, жол қатынасына да кері әсерін тигізіп жатыр. Аймақта Сырдария өзенімен паралель өтетін «Самара-Шымкент» автожолына жылда көктемде су басу қаупі төнетін. Биыл ондай мәселе туындап отырған жоқ. Десе де, облыс аумағына тиесілі 812 шақырым трассаның өзенге өте жақын орналасқан үш учаске бар. Үшеуі де — Қармақшы ауданының территориясында. Ол аумақтың қауіпсіздігіне «Қазақавтожол» ЖШС жауапты. «Апат айтып келмейді» деген. Күн райы жауын-шашынды болып, су тасқыны туындаған жағдайда автожолдың қауіпті аумағын бекітуге 1500 м3 құм, 500 м3 қойтас, 1500 м3 инертті материал, 1700 дана қап пен 20 мың литр жанар-жағармай қоры әзірленген. Оған 18 арнайы техника қарастырылған. Бірақ, қазір дарияның деңгейі былтырмен салыстырғанда әлде қайда төмен. Сондықтан, мамандар Сырдариядан келер қауіп жоқ деп отыр.
Жалпы, еліміздің заңнамаларымен бекітілген ережелерге сәйкес көктемгі кезеңде жолдардың бұзылуын болдырмау мақсатында 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында ауыр жүк көліктеріне уақытша шектеулер енгізілді. Яғни, ауыр техникалардың бір осіне түсетін жүктеме 8 тоннадан аспауы тиіс. Егер жүргізушілер бұл талапты сақтамаса айыппұл салынады. Айта кетейік, халықаралық жүк тасымалына, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсететін және азық-түлік тасымалдайтын, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға және алдын алу жөніндегі іс-шараларын жүзеге асыратын автомобильдерге шектеулер қойылмайды.
Марат Искаков,
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ҚОФ
сапа жөніндегі инженері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!