Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мектеп қазынаға толы көмбе емес»

02.04.2020, 18:30 957

Еліміздегі болған ахуалға байланысты 2020 жылғы 6 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарына қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып оқуға көшу міндеті тұр. Мен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық топ мүшесі ретінде сіздерді сын-сағаттағы сыналар сәтте бір-бірімізге қолдау көрсетуге шақырамын.

Қазақ «тас түскен жеріне ауыр» дейді. Яғни онлайн оқыту – тек мұғалімге ғана емес ата-ана, оқушы үшеуінің ортақ тіл табысуымен өткізілетін кезең. Себебі мақсатымыз бір. Мұнда сабырға келіп қана жетістікке жол тартамыз. Қашықтықтан оқыту жобасында түрлі міндеттемелер бар. Айтылды ма, алға ұмтылсақ, көрінген төбенің алыстығы болмайды, мұны да игереміз. Онлайн оқытуға ешкім іші пысқандықтан өтіп жатқан жоқ. Әрекетсіздікке жол берсек, білімсіз ұрпақ тоз-тозымызды шығарады. Күні кеше сынама сабақтар өтті. Бүгін онлайн түрде ата-аналар жиналысы жүргізілуде. Рас, қиындықтар болды. Жалған ақпарды көмейден шықпай жатып аңғарасыздар ғой. Ғаламтордың баяулығы, компьютер мен ұялы телефондардың жеткіліксіздігінде проблемалар болды. Жоқ емес. Мұндай жағдай алғаш рет және қысқа мерзімде жасалғандықтан әлі де түрлі қиындықтарға кездесетін боламыз. Онлайнға кіре алмадым екен деп бір-біріміздің жүзімізді көрместей, отыз екінші жылдың аштығы мен аязына тап болып, оған мектеп кінәлідей тұқырта бермеңіздер.

Жөнімен қойылған талаптың қисыны да басқаша болады. Бірнеше күн болды осы мәселе күн тәртібімізден алынбады. Пандемияның қыспағында тұрғанда мектепке қойылар талаптың да шек-шекарасын айқындап алу керек.

Негізі онлайн сабақ үш тәсілмен жүргізіледі:

1-шісі мұғалім өз бетінше интернет-платформалары арқылы атқарады;

2-шісі телевизиялық сабақтар, оның ішінде радиодағы аудиосабақ арқылы да болады. «EL ARNA», «balapan» каналдарындағы телекоммуникациялық желілер арқылы қазақ және орыс тілдерінде трансляция ұсынылады;

3-шісі алдын ала дайындалған сабақ жоспары арқылы қағаз тасымалдағышта жүргізіледі (пошта бөлімшелері немесе қолма-қол).

Яғни, мұғалім 4 апталық тапсырманы апарып береді. Орындап болған соң қайта алып қайтады. Ұялы телефон арқылы сұралады. Айта кету керек. Кейбір пән мұғалімдері кезекті еңбек демалысына кетеміз бе деп түсінбестік танытып жатыр екен. Олар – дене шынықтыру, өзін-өзі тану, көркем еңбек, музыка, бастапқы әскери және технологиялық дайындық, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, графика және жобалау пән мұғалімдері. Білім және ңылым министрінің 1 сәуір 2020 жылғы №123 бұйрығына сәйкес аталмыш пән мұғалімдері де бейнеконтент әзірлейді және сабақтарды қашықтықтан жүргізеді. Білім алушылардың үйде орындауы үшін физикалық және саптық жаттығулар кешенін әзірлейді Ол дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пән мұғалімдері. Көркем еңбек, графика және жобалау қолөнер бұйымдарын, макеттер жасау бойынша нұсқаулықтар әзірлейді. Өзін-өзі тану, кәсіпкерлік және бизнес негіздері жобалық жұмыстарын, музыка тыңдайтын музыкалық шығармалардың тізімін ұсынады. Мұнымен қоса психологтардың онлайн ойындары және басқа мамандардың жұмыстары да қаралған. Ендігі дүние ата-ана сіздердің де қолыңызда. Шыдамдылық таныту, даналық көрсету, парасаттылық пен шексіз сүйіспеншілікпен қарау арқылы ғана ата-ана мәселені шешуде ұтымды жолын табады және баласына қолдау көрсетеді. Позитивті ісіңіз балаңызға сабақ оқу үшін рухани және ойын жинақтауға күш беретіні сөзсіз.

Құрметті оқушылар! Кімнің шығармасы екені есімде жоқ бірақ мына сөзі жатталып қалыпты. «Егер саған көмекке созылатын қол қажет болса, онда біліп қой, ол – сенде бар, өзіңнің қолың. Сен естияр болған уақытыңда өзіңде екі қол барын: біреуі өзіңе, екіншісі басқаларға көмектесу үшін керек екенін түсінесің».

Демек, тап осы сәтте өзіңе қалам ұстауды үйреткен мұғаліміңе жұмыла бірігіп, қолдау көрсетуің керек. Патриот болу, Азамат атану найза алып жауға шабудан құралмайды. Сын сағатта сыр бермей, өзіңнің білім алған мектебіңе сөз келтірмей тапсырманы бұлжытпай орындау. Бұл да – ерлік, бұл да еңбек. Ең бастысы адамның амандығы жақсы. Сабақ оқылар, сізге мектеп мүлкінен уақытша компьютер берілер-берілмес, жетер-жетпес. Себебі, мектеп қазынаға толы көмбе емес. Адамдық келбетті айқындайтын намыс дегенді ұмытпайықшы. Дәл қазір бізде онлайн сабақтың өтуі емес бір ғана уайым болуы керек. Ол – аз ғана қазақ деген ұлттың кеселден қырылып қалмауы. Аман-сау болайықшы! Үйде болайық. Баламыздың білімі мен тәрбиесіне көңіл бөлейік. Кім біледі? Бұл балаң мұғалімге емес, өзіңе керек оған уақыт бөл деген сынақ шығар!!! Біз біргеміз!

Қарлығаш АБДРАХМАНОВА,

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: