Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Михаил Горбачевтің «ҚҰРҒАҚ ЗАҢЫНЫҢ» позитивті және негативті жақтары

25.01.2022, 9:00 1184

HALYQLINE.KZ

Горбачевтің «Сухой законы» туралы тарихшылар мен экономистердің өздері 2-ге бөлініп, бір жағы жақсы жағы көп десе, екінші тарап жаман жағы басым болды дейді. Кейін Горбачевтің өзі «бұл науқанды іске асыру қажет болды, бірақ көптеген қателіктер де болды» деп мойындады.

«ҚҰРҒАҚ  ЗАҢ»  НЕГЕ  ҚАБЫЛДАНДЫ?

Совет үкіметі алкоголизммен күресті 1918, 1929, 1958, 1972 жылдары қолға алған болатын, бірақ көлемі жағынан ең үлкен науқаны елдің макроэкономикасына соққы болып тигені, әрине Михаил Горбачевтің алкоголизмге қарсы «крест жорығы» еді.

КПСС Орталық Комитетінің хатшылары Егор Лирачев пен Михаил Соломенцев «Құрғақ заңның» авторлары болып табылады. Екеуі статистика мәліметтеріне сүйене отырып мына жағдайды анықтайды: 1984 жылы СССР-дегі бесіктегі сәбилерді қоса есептегенде, әр адамға алкоголь ішімдіктері 10,5 литрден келген, оған самогонды қосқанда 14 литрден келген. СССР бойынша есепте тұрған созылмалы алкоголиктер саны (әйелдерді қоса) 5 млн адамнан асып жығылған. Сондай-ақ мамандардың есебіне қарағанда алкоголь кесірінен ауыл шаруашылығы жылына 80-100 млрд сом зиян шегіп отырған, алкоголь сатудан пайда түсірген 1 сомына, басқа салаға 4-5 сом шығын әкелген.

МАСКҮНЕМДІКТІ  МҮЛДЕМ  ЖОЯМЫЗ  ДЕП  ОЙЛАДЫ

Алкоголизмге қарсы науқан 1985 жылы 7 мамырда КПСС ОК-нің «Маскүнемдік пен алкоголизмнің алдын алу туралы» Қаулы және СССР Министрлер Кеңесінің «Маскүнемдік және алкоголизмнің алдын алу және самогонды қайнатуды жою туралы» Қаулысы шыққаннан кейін, 16 мамырда М.С.Горбачевтің «Маскүнемдікке қарсы күресті күшейту туралы» Жарлығынан басталды.

Науқан бірден радикалды қадамдардан басталды. Бүкіл СССР бойынша алкоголь өнімдері сатылатын сауда орындарының 3-тен 2-сі жабылды, арақтың бағасын 2,6-3 есе қымбататты. Алкоголь өнімдері сағат 14.00-19.00 аралығында ғана сатылды. Қоғамдық орындарда арақ ішкендерге 100 сом айыппұл салынды (бұл сол кездегі орташа айлық еді). Поезд үстінде арақ ішкен жолаушыларға айыппұл салып, бірінші станциядағы ЛОМ-ға (теміржол милиция бөлімі) тапсырды. Жұмыс орнына ішіп келгендер жұмыстан шығарылды, егер ол коммунист болса, КПСС қатарынан шығарды. Сондай-ақ коммунистер «өз еріктерімен» міндетті түрде «Салауатты қоғамға» мүшелікке өтіп, айына 1 сом мүшелік жарна төлеп тұратын болды.

Арақты кезекке тұрып сатып алғанда адам басына 2 бөтелкеден артық берілген жоқ. «Салауатты өмір салты» деген науқан да қоса жүріп отырды. Бұқаралық ақпарат құралдарында алкогольдің зияны туралы мақалалар жазылып, фильмдер түсірілді, 1 мамыр мен 7 қарашада ұран түрінде жазылып парадқа алып шықты (фото №1 ). Кей кинолардағы арақ ішетін эпизодтар алынып тасталды.

Ішімдіксіз үйлену тойларын өткізу барынша насихатталды, мен және қатарларым сол кезде үйленгендіктен ол «комсомолдық үйлену тойы» деп аталып кетті.

«ҚҰРҒАҚ  ЗАҢНЫҢ»  НЕГАТИВТІ  ЖАҚТАРЫ

Сол кездегі «Сухой законның» басты көрінісі ұзынан-ұзақ кезек болып есте есте сақталып және дүкен жабылар кезде кезексіз арақ алып қалуға тырысып, адамдардың үстіне шығып кеткендер (фото №2) арасында басталып кететін төбелес, оны басу үшін милиция патрулі шақырылатын. Үлкен қалаларда зейнеткерлер бос болғандықтан кезекке тұрып, жақындағанда асығып тұрғандарға орнын 3-5 сомға сатып нанпұлын айырып алатындар да болды.

Арақты жасырын сату кең етек алды, таныс таксистерден 24 сағат бойы арақты 2-3 есе қымбат бағамен сатып алуға болатын. Арақ ішетіндердің өздерінің сенімді «нүктесі» болды, олар үшін пәтер иелері есіктерін кез келген уақытта ашып саудасын жүргізіп отырды. Дүкен меңгерушілері мен сатушылар да артқы есік «чёрный ход» арқылы таныстарына арақты үстеме баға қойып сатып жатты, кейде оларды учаскелік милиция мен ОБХСС қызметкерлері ұстап алып кететін, ертеңіне дым болмағандай қайтадан арағын сатып тұратын, соған қарағанда сол кездің өзінде «крыша» деген болған сияқты.

Самогон қайнатуда қазақтар орыстардың өздерінен озып кетті-ау деймін, дүкен сөрелерінен қант жоқ болып кетіп «дефицитке» айналды. Брага деген бәлені экзотикалық сусын ретінде сіміріп ішетіндер көбейді.

Біздің бір көршіміз жасырын самогон қайнататын, кеш түсісімен іргелес сарайында флягасын сартылдатып күнделікті тіршілігіне кіріскенде марқұм анам: «көршіміз түнгі сменалық жұмысына кірісті» деп бәрімізді күлдіретін.

Құрамында спирті бар тұрмыста қолданылатын әйнек жуатын ертіндіден, БФ-6 желімі құрамынан спиртті қалай алатын жолын да меңгеріп алды. Айналып келгенде бұлардың бәрі адам денсаулығын құртатын улы заттар еді.

Москвадағы Кремльдегі чиновниктердің ойланбай берген нұсқаулар мен тапсырмаларына байланысты жүзім шаруашылығын орны толмас шығынға ұшыратты, жоғары сортты және өте сирек кездесетін жүзім сорттары орналасқан алқаптарды бульдозердің шынжыр табанымен таптап жойып жіберді. Өмір бойы атакәсібі ретінде ұрпақтарына аманат етіп өсіріп келе жатқан жүзім шаруашылығының директоры өзіне-өзі қол салып өліп кетті. Ол азамат туралы СССР тарайтын жылы «ОГОНЁК» журналы «Қызылтастың ақ мускаты» деген мақаладан оқып білдім.

1985-1990 жылдары алкоголь өнімдерін сатудың қысқартылуынан ел бюджетіне 39 млрд сом түскен жоқ. СССР-дің бюджетінің 25 пайызы алкоголь өнімдерін сатудан түсетін.

«ҚҰРҒАҚ  ЗАҢНЫҢ»  ПОЗИТИВТІК  ЖАҒЫ

Статистика мәліметі бойынша алкоголь өнімдерін ішу 2,5 есе азайды, өмір сүру деңгейі 62,4 жастан (1984) 65 жасқа (1985) дейін ұзарды. Еңбекке жарамды адамдардың өлім көрсеткіші 20 пайызға төмендеді, ер адамдардың өлімі 37 пайызға дейін азайды. Туу көрсеткіші жыл сайын 0,5 млн адамға өсті. Еңбек өнімділігі 1986-1987 жылдары 1 пайызға өсіп, бюджетке 9 млрд сом түсті. Жұмыс кезіндегі өндірістік жарақат азайып, 0,25 млрд сом үнемделді. МВД мәліметі бойынша қылмыс 70 пайызға азайып, халықтың тұрмыс жағдайы көтеріліп, Сберкассадағы ақша жинағы 45 млн сомға жеткен, алайда совет халқының Сбержинақтағы ақшасы СССР нарыққа өткенде құнсызданып күйіп кетті….

АВТОРДАН: Бұл кезеңді көзімізбен көрген замандастар үшін қызық және мен ұмытып кеткендерімді толықтырады деп ойлаймын.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: