Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа жыл туралы ойлар

31.12.2021, 10:00 535

HALYQLINE.KZ

Жаңа жылды біздің қатарларымыз үйде немерелердің ортасында, шырша жанында теледидардағы бағдарламаларды көріп қарсы аламыз. Қазақ тіліндегі хабарларды көруге онша құлық жоқ, қайбір жылдары күні бұрын көп жарнамалаған «Болды қызық» бағдарламасын басынан бастап көргенмін. Онда Аяз ата өзінің қапшығын жоғалтып алып, әншілерден сұрайды, олар өз кезегінде әндерін орындап шығарып салады. Сонымен, ең соңында қапшығын тауып алып ашып қалғанда кішкене қозы шығып, маңырап қаша жөнеледі. Сондағы айтпағы келер жыл қой жылы дегені екен ғой. Содан бастап қазақ тіліндегі жаңажылдық хабарларды көрмейтін болдым.

Ал, ресейлік жаңажылдық бағдарламаларда ешқандай да жасандылық жоқ, сосын көргісі келіп тұрады. Ал, фильмдерін айтсайшы, «Карнавальная ночь», «Чародей», «Елки-2» немесе АҚШ-тың «Один дома», «Абайла, Чарли! Жаңа жыл келе жатыр», т.б.

Ал, халық көруден жалықпайтын телесериалдардың жалғасын жаңа жылға әдейі арнап түсіреді. Мысалы, «Глухарь Приходи, Новый год», «Опять Новый» деген сериал жалғасын көрсетуде. Глухарь ролін орындаған актер Максим Аверин жаңа жыл кешін жүргізетін жетекші артистке айналды.

Менің бұл мақаламда айтпағым, 45 жылдан бері жаңа жыл қарсаңында теледидардан көрсету дәстүрге айналған режиссер Эльдар Рязановтың «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» фильмі туралы болмақ. Бұл фильмен жаңа жылды, жыл сайын қарсы алып жүргендердің өзі қазір 60-70-80 жасқа келді. Фильмнің мазмұнын бәріміз жатқа білеміз. Москвада тұратын Женя Лукашкин достарымен жылда 31 желтоқсанда моншаға барады. Моншада арақты өлгенше ішіп алып, достары шатастырып Женяны ұшаққа мінгізіп жібереді. Ленинградқа түскен ол мастығы тарқамастан таксиге отырып 3-ші Құрылысшылар көшесі 25-үй, 13-пәтерге келеді, тіпті пәтер кілті де сәйкес келеді. Осы пәтерде мастықтан айықпай мәңгіріп жүріп өзінің жаңа махаббаты Надяны табады. Фильм соңында Женя өзінің Москвадағы жүретін қызы Галяны тез ұмытып (сол күні сөз айтамын деген болатын), Надяны ұнатып қалады, Надя да жігіті Ипполиттен бас тартып, фильм соңында Москваға Женяны іздеп барып қосылғандай болады.

Актер А.Мягков ойнаған Женя кім десеңізші? Дәрігер! Саламатты өмір салтына халықты шақыратын дәрігердің жасы 35-37-ге келген маскүнем әрі үйленбеген сүрбойдақ. Ал, поляк актрисасы Барбара Брыльска ойнаған Надяның жасы да 35-37-ке келген кәрі қыз. Аузынан шылымын тастамайтын Надяның мамандығы кім десеңізші? Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалимасы! Осыдан 45 жыл бұрын совет мұғалимасы экранда темекі шекті, советтік қатаң цензура бастапқыда фильмді көрсетуге қарсы болғанмен, Бас хатшы, қымбатты Леонид Ильич Брежневке қатты ұнағасын, амалсыз 1976 жылдың 1 қаңтарында теледидардан көрсетуге мәжбүр болған. Содан бастап осы Надяға еліктеген миллиондаған жас қыздар еліктеп темекі шегіп, жаңа жыл кешінде оливье салатын жасады. Міне, саған ересектерге арналған жаңа жылдық ертегі!

Содан бастап бұл фильмді жаңа жыл қарсаңында көрсету дәстүрге айналды. Фильм режиссері мен басты рольде ойнаған актерлер КСРО Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Осы фильмнің шыққанына 32 жыл толғанда Ресей мен Голливуд кино өндірісінде табысты режиссерге айналған қандасымыз, Атырауда дүниеге келген Тимур Нұруақытұлы Бекмамбетов «Тағдыр тәлкегі. Жалғасы» атты фильм түсірді. Әрине режиссер Эльдар Рязановтың келісімін алғасын.

Бірінші фильм соңында Надя Москваға іздеп барып Женяға қосылғандай болып еді. Екінші фильмде олар қосылмапты, Надя мен Ипполит қосылып, қызы дүниеге келіп, оны да Надя деп атапты. Ал, Женя Галясына үйленген болуы керек, Константин деген ұлы бар. Фильм желісі сол баяғы, Женяның достары шал болса да, 31 желтоқсанда моншаға барып, арақ ішеді, бұл жолы Женяның орнына баласы Константин барып, өзінен 40 жастай үлкен әкесінің достарымен арақ ішеді. Мас болған олардан әкесінің жас кезінде осы моншадан мас күйінде Ленинградқа барып көшесі, пәтері, тіпті кілтіне дейін сәйкес келіп Надяға ғашық болғанын естиді. Константин әкесінің ғашық болған әйелді көргісі келіп, мас күйінде бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербургке келіп, 3-ші Құрылысшылар көшесіндегі 25-үй,13-пәтерге келеді, тек кілті сәйкес келмегесін, сол жердегі сантехникке паспортағы «пропискасын» көрсетіп, есікті ашқызып алып қалың ұйқыға кетеді. Надяның қызы Надя келіп оны оятып алады, сосын 32 жыл бұрынғы оқиға қайталанады. Надяға ғашық болған Константин, өзіне дейінгі жігіті Ираклиймен арпалысып жүріп, ақыры Надяны өзіне қаратып алады. Фильм барысында Надя Ипполитпен баяғыда ажырасып кеткенің білеміз. Фильм соңында 32 жыл бұрынғыдай «біреудің тағдыры сен үшін түк те емес, бұл жерден кет» деген Ипполитке Женя Лукашкин: «Махаббатта өткен шақ болмайды!» деген пәлсапасын соғады. Осы сөз Надяға қатты әсер етіп, Женяға еріп поездға мініп, екеуі Москваға кетеді. Сонда деймін-ау, жастары 70-ке келгенде екеуі осылай қосылды. Соған қарағанда Женя да әйелінен баяғыда ажырасқан болуы керек. Сонда екі ғашық 32 жыл бойы шошқа тағалаған ба? Женя қатынынан, Надя байынан ажырасқаннан кейін, үйлеріндегі телефон номерлерін біледі, ең құрығында, бір ретте болса, 31 желтоқсанда бір хабарласпаған ба?

Константин Лукашкин қайтарда тағы да мас болып, Москваға ұшатын ұшаққа мініп ұйықтап қалады, ұшақ ауа райына байланысты ұшпай қалады, оны қайтадан ұшақтан түсіріп, күту залына отырғызып кетеді. Константин оянып кетіп, Москваға келдім деп, такси ұстап, сол көше, сол пәтерге келіп ұйықтап қалады. Мастығы тарқағасын Надяның үйінде екенің бір-ақ біледі, екеуі осылайша қосылады. Әкесі мен баласы бір күнде бажа болып шығады. 

Фильмдегі басты рольдерге Ресейдің ең атақты жас актерлері К.Хабенский (Константин), С.Безруков (Ираклий). Е.Боярская (Надя), сондай-ақ Андрей Мяков (Женя), Ю.Яковлев (Ипполит), Б.Брыльска (Надя) өз ролдерін тағы да ойнап шықты. Фильм мазмұны онша болмаса болмаса да, сәтті шықты деуге болады, себебі жаңа жыл кешінде, бір рет болса да, ересектерге арналған ертегіге сенуге болады. Оның үстіне фильмге арнайы жазылған «Опять метель» атты тамаша әнді Ресей примадоннасы А.Пугачева, қызы К.Орбакайтемен орындайды.

Фильм несімен қауіпті десек, жастарға арақ ішкен адамды романтик, ғашығын тез табатын сері ретінде көрсетеді. Жаңа жылда көрсетілетін фильм төңірегіндегі ойларым – осы.

Реті келгенде тағы бір айтайын дегенім, 2021 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде, совет және поляк актрисасы Барьбара Брыльская «Вечерная Москва» басылымына берген сұхбатында: «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» фильмін биыл жаңа жыл қарсаңында көрмейтінін айтты. Себебі: «үлкен өмірлік тәжірибе биігінен өткеннен кейін, бұл фильмді көргім келмейді және бұл фильмге түсуім – менің қателігім» деді. 80 жастағы актрисаны түсінуге болады, Польшаны азат етуде қаза тапқан 600 мың совет солдаттарына орнатылған көптеген ескерткіштерді жаппай қиратып жатқан елде, совет фильмін көру қауіпті…

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: